Қаңтар оқиғасы кезінде ұлынан айырылған өскемендік Арайлым Сағатбаеваның "сөмкесінен әуежайда оқ табылуына" байланысты қозғалған іс "патрон ішінде жарылғыш зат болмағандықтан" жабылды. Бұл жөнінде Азаттыққа Сағатбаеваның өзі хабарлады.
- Тергеуші маған "патронның адам өміріне қаупі жоқ деп танылды, сондықтан істі тоқтаттық" деді. Баллистикалық сараптама қорытындысында патрон ішінде оқ-дәрі болмағаны анықталған екен, дейді Сағатбаева.
Оның айтуынша, тергеушілер "оқты сөмкеге салып жіберуі мүмкін" деп әуежайдағы қызметкерлердің бірінен күдіктенеді. Бірақ олар күдіктіні Сағатбаеваның арнайы шағымынсыз іздемейтіндерін айтқан.
- Тергеушінің сөзіне қарағанда, әуежайдың бір қызметкері менің сөмкемнің алдыңғы қалтасы орналасқан тұсты бірнеше секундтай ұстап тұрғаны бейнетаспаға жазылған. Бірақ неліктен сөмкені ұстағаны тиянақты тексерілмеген. Мұны білу үшін тағы шағым беруім керек екен. Ертең, 29 қарашада ШҚО полиция департаменті немесе облыстық прокуратураға шағым түсіремін. Маған кім, неліктен қастандық істемек болғанын білгім келеді. Сонымен бірге ұшаққа алған билетімнің ақшасы күйіп кетіп, қайтарылмады, оған кім жауап береді? Моральдық және материалдық өтемақы талап етемін, - деді Сағатбаева.
Сонымен бірге Арайлым Сағатбаева осы оқиғадан кейін әлдекімдер екінші баласы туралы ақпарат сұрастырғанын, оның және өзінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты.
- Мені 16 қарашада әуежайда ұстаған күннің ертеңінде екінші ұлымның жұмыс орынына белгісіз адамдар барып, қызметтестерінен ол туралы сұрапты. Сол күні ұлым демалыста болатын. Қазір оның қауіпсіздігіне алаңдап жүрмін. Мені қорқытқылары келе ме, әлде басқа көздегендері бар ма, бұл адамдардың ұлымда несі бар екен? Балам өте тәртіпті, жұмысынан кешікпейді, шақырған уақытында барып жүреді. "Жаман айтпай жақсы жоқ", оның қауіпсіз болғанын қалаймын, - деді Сағатбаева.
Арайлым Сағатбаеваның үлкен ұлы Қуаныш Қабылханов Өскеменде Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан. Ұлының қазасы бойынша қозғалған іс уақытша тоқтатылған және Өскеменнің мамандандырылған тергеу соты оның шағымын қанағаттандырмағанын хабарлап, 14 қарашада қолына қаулы берген.
Анасы істі жалғастыру үшін 16 қарашада Астанаға жоғарғы сотқа бармақ болғанда кеден қызметкерлері Өскемен әуежайында оны ұстап алып қалды.
Қауіпсіздік қызметкерлері оның сөмкесінен "оқ табылғанын" хабарлаған. Сағатбаеваны полицияда төрт сағаттай ұстап, үйіне жіберген. Сағатбаева мұны "әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін" дейді. Ол ұсталғаннан кейін "ешқайда шыға алмай", аппеляциялық шағымды 18 қарашада адвокаты арқылы онлайн өткізген.
Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшып, мерт болған үш азаматтың бірі Қуаныш Қабылхановтың артында әйелі мен бір жастағы қызы қалды. Арайлым Сағатбаева ұлының өліміне кінәлілерді табуды сұрап, жергілікті әкімдікке, Алматы мен Астана қалаларына да барған әрі президенттің қабылдауына да жазылған. Президент әкімшілігі "президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір желтоқсан айында жазылған адамдарды қабылдап жатыр" деп кезек күтуін сұраған.
Your browser doesn’t support HTML5