Шымкент қаласы Еңбекші ауданы соты Қаңтар оқиғасынан соң сотталған белсенді Ләззат Досмамбетова рақымшылық жасамады. Белсендіге рақымшылық жасауды №1 пробация қызметі бөлімі ұсынған. Белсендінің амнистия соты бүгін, 5 желтоқсанда өтті.
Досмамбетова амнистия соты өтетінін 2 желтоқсан күні естігенін айтады. Оған сотта мемлекеттік қорғаушы берілетіні, өз адвокатымен келуге болмайтыны ескертілген. Белсенді қорғаушысымен сот залында танысты.
Сот құжаттарды қарап, тараптардың өтініш-талабын нақтылап алғаннан кейін Шымкент қалалық №1 пробация қызметінің өкілі Марат Қарсыбаевқа сөз берді. Ол Досмамбетованың 2022 жылы 19 қыркүйекте пробациялық бақылауға алынғанын, содан бері заңмен белгіленген ережелерді бұзбағанын айтты.
Сөз кезегі өзіне тигенде Досмамбетова "Алаңға барғанымды мойындаймын, бірақ наразылық білдіруге ғана бардым. Қылмысқа қатыспадым. Сотта ешқандай дәлел көрсетілмесе де, мені кінәлі деп тапты" деді.
Судья қазір басқа іс – амнистия мәселесі қаралып жатқанын ескертті.
Сөзжарыс кезінде прокурор Эльдар Насирдин "2022 жылы 2 қарашада қабылданған "Рақымшылық жасау туралы" заңға сәйкес, экстремистік қылмыс жасаған адамдарға амнистия қолданылмайды" деді. Ол Ләззат Досмамбетованың 2021 жылы 15 қыркүйекте Еңбекші аудандық сотының үкімімен 405-бап ("Эктремистік деп танылған ұйымның жұмысына араласу") бойынша кінәлі деп танылғанын еске салды.
Мемлекеттік адвокат Гүлмира Құрманәлиева пробация қызметінің қорғауындағы азаматқа жақсы мінездеме бергеніне назар аударып, Досмамбетованы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Сот кеңесу бөлмесіне шығып кетіп, жарты сағаттан кейін оралды. Судья үкімді оқып, Досмамбетованың жазасын сол күйі қалдырды.
Судья "Қылмыстық кодекстің 405-бабы рақымшылық қолданылатын баптар қатарында көрсетілмеген. Рақымшылық заңының күші экстремистік қылмыс жасаған адамдарға қолдануға жатпайды" деп түсіндірді.
Белсенді амнистияға қатысты сот шешіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым беретінін айтты.
2021 жылы 15 қыркүйекте Ләззат Досмамбетованы "ҚДТ қозғалысының жұмысына араласты" деп екі жыл алты айға бостандығын шектеу және үш жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу туралы үкім шыққан. Қазақстан соты шетелдегі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дүрбелеңнен соң телефоннан тыңдалған сөзін айғақ қылды. Көп балалы анаға сот үкімі2022 жылы 15 шілдеде Шымкенттегі сот Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысты және халықты өздеріне қосылуға шақырды деген айыппен жергілікті белсенділер – Ләззат Досмамбетованы үш жыл жеті айға, Қайрат Сұлтанбекті үш жыл алты айға, Жанмұрат Аштаевты үш жыл бір айға түрме жазасына кескен. 8 қыркүйекте апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған, тек Ләззат Досмамбетованың кәмелет жасына толмаған екі баласы барын ескеріп, жазасын өтеу уақытын екі жыл кейінге қалдырған. Досмамбетова екі жылға пробациялық бақылауға алынған еді. Сондықтан амнистия туралы өтінішті пробациялық қызмет түсірді.
Қарашаның аяғында қамауда отырған белсенді Қайрат Сұлтанбек амнистияға ілігіп, бостандыққа шықты. Жанмұрат Аштаевтың рақымшылық заңын қолдану туралы өтініші қанағаттандырылмады. Белсендінің жақындары амнистияға қатысты сот қаулысына қарсы аппеляциялық шағым берген. Әзірге аппеляция сотының қашан өтетіні белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Шымкентте Қаңтар оқиғасынан соң сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек бостандыққа шықтыШымкентте апелляциялық сот Қаңтардан соң сотталған белсенділердің үкімін өзгертпедіШымкентте Қаңтардан соң сотталған белсенділердің жақындары апелляциялық соттан үкімді өзгертуді талап еттіШымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған екі белсенді Еуропа одағы мен БҰҰ-дан араша сұрады