Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сенбі күні конституциялық соттың тағы төрт судьясын тағайындады. Арнайы жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
Қайрат Жақыпбаев, Айжан Жатқанбаева, Бақыт Нұрмаханов және Роман Подопригора конституциялық соттың судьясы қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі.
58 жастағы Қайрат Жақыпбаев бұған дейін президент әкімшілігінің мемлекет құқығы бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған. Айжан Жатқанбаева Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттің қаржы және экология кафедрасының жетекшісі болған. 43 жастағы Бақыт Нұрмаханов соңғы бес жылда конституциялық кеңес аппаратын басқарған. 56 жастағы Роман Подопригора Caspian University оқу орнындағы қоғамдық құқық ғылыми-зерттеу институтына жетекшілік еткен.
Бір күн бұрын конституциялық соттың үш судьясының аты-жөні белгілі болған. Бұлар: бұрынғы әділет министрі Қанат Мусин, Еркін Оңғарбаев және Сергей Ударцев. Олар да қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіріседі.
5 қарашада Тоқаев 2023 жылдан бастап конституциялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойған. Бұл сот Нұрсұлтан Назарбаевты өмірлік мүшесі еткен 1995 жылы құрылған конституциялық кеңесті алмастырған. Заң маусымда Конституцияға референдум арқылы ондаған өзгеріс енгізілгеннен кейін қабылданған.
Билік бұған дейін конституциялық сотқа барлық азамат шағымдана алады деп мәлімдеген.
Осы апта ортасында президент Қасым Жомарт-Тоқаев конституциялық сот төрағасы қызметіне Эльвира Әзімованы тағайындаған. Ол бұған дейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған.
Конституциялық сотта төраға және орынбасарын қосқанда 11 судья болады. Конституциялық соттың төрт судьясын президенттің өзі тағайындайды. Қалғанын сенат пен мәжіліс палата төрағаларының ұсынысымен депутаттар тағайындайды.
Конституциялық кеңес мүшелерін де бұрын президент пен парламент депутаттары сайлағанын меңзеген сарапшылар сот тәуелсіздігі жоғын алға тартады.