Журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеу фактісін Алматы полициясы тергейді, деп мәлімдеді 14 қаңтарда ішкі істер министрлігі. ІІМ мәліметінше, бірыңғай реестрде "бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру" бабы бойынша іс тіркелген.
"Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс өндірісін қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізеді. Тергеу барысы ІІМ мен Алматы полициясы департаментінің бақылауында" деп жазылған министрлік хабарламасында.
14 қаңтарға қараған түні Динара Егеубаева белгісіз біреулердің көлігінің артқы терезесін сындырып, кірпіш лақтырғанын, көлігіне от қойғанын хабарлаған.
Ол оқиғаны "өзіне жасалған қастандық" деп бағалаған.
Егеубаеваны қолдаған белсенділер оқиғаны оның кәсіби қызметі мен саяси амбициясымен байланыстырған.
Үш апта бұрын Егеубаева өзге белсенділермен бірге "Алтыншы Қаңтар" ("6 қаңтар") блогы құрылғанын және бірмандатты округ бойынша кезектен тыс мәжіліс сайлауына (мерзімі әзірге белгіленген жоқ) өзін кандидат ретінде ұсынуға дайын екенін айтқан.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар, сот пен тергеудегі әділетіздіктер туралы көп хабар таратып келе жатқан журналист Динара Егеубаева былтыр қарашада белгісіз біреулер көлігінің әйнек тазалағышын желімдеп, құлпысын бұзып, дөңгелегінің желін шығарып кеткенін айтқан. Ізінше журналист үйіне тағы полиция қызметкерлері келгенін хабарлаған.
Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.