16 қаңтарда Астанада Жоғары сот Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған Жанмұрат Аштаевтың кассациялық шағымын алдын-ала қарап, белсендінің ісін қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасында қайта қарау туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің адвокаты Әбдіраман Аққұлов хабарлады.
Сотқа белсендінің адвокаты, туыстары, Астанадағы Жоғарғы сот ғимаратына барған бірнеше белсенді қатысқан. Техникалық мүмкіндіктің болмауына байланысты, Аштаевтың өзі сот залына қосыла алмаған.
Адвокаттың айтуынша, кассациялық шағымды қараудың өз тәртібі бар. Оған сәйкес, Жоғарғы сот кассациялық шағымды алдын-ала қарап, оны ары қарай кассациялық тәртіппен қарауға негіз бар-жоғын анықтайды. Негіз болмаса, істі қайтарып жібереді. Бүгін 16 қаңтардағы отырыста сот белсенді ісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз бар деп тапқан.
– Енді осыған дейін қабылданған сот шешімдері түгел қайта қаралады. Кассациялық шағымға жаза мәселесін де қостық. Аштаев – Шымкент қаласы бойынша Қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған жалғыз азамат. Онымен бірге сотталған екі белсендінің бірі – Қайрат Сұлтанбек амнистиямен бостандыққа шықты, екіншісі – Ләззат Досмамбетованың жазасын өтеу мерзімі кейінге қалды. Жанмұратты ақтау жайлы талап-тілегіміз қанағаттандырылмаған жағдайда, оған бас бостандығынан айырудан басқа жаза түрін тағайындауды сұрап отырмыз, – деді адвокат.
Жоғарғы сот алдағы уақытта істі қарап, кассациялық шағым бойынша шешім шығаруы тиіс.
2022 жылы 15 шілдеде Жанмұрат Аштаев Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "халықты өзіне қосылуға, билік өкілдерінің талаптарына бағынбауға" шақырды деген айыппен Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2, 3-бөлімі (Жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру) бойынша үш жыл бір ай түрме жазасына кесілген. Мұндай айыппен белсенділер Ләззат Досмамбетова мен Қайрат Сұлтанбек те сотталған.
2022 жылы 8 қыркүйекте аппеляциялық сот Аштаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Белсендінің жақындары аппеляциялық сот қаулысына наразы болып, кассациялық шағым берген еді.
Шымкенттегі сот қарашада Аштаев пен Досмамбетова бұрын "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабымен сотталды деп рақымшылық туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Ал Қайрат Сұлтанбек рақымшылық заңы бойынша бостандыққа шықты. Сот Досмамбетованың екі баласы 14 жасқа толмағанын, жалғызілікті ана екенін ескеріп, белсендінің 3 жыл 7 ай түрме жазасын өтеу уақытын екі жыл кейінге қалдырған.
2022 жылы қаңтардың басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты халық наразылығы елдің бірнеше аймағында қолдау тапқан. Қаладарда, соның ішінде Шымкентте де жұрт наразылыққа шығып, әлеуметтік жағдайларды айтып, билікке талап қойған. Кейін бейбіт наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, кемі 238 адам қаза тапты.
Ресми дерек бойынша, Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде 20 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды. Қалада Қаңтар оқиғасына байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, басында көбіне екі айға қамау туралы сот санкциясы шыққан. Қазір олардың басым бөлігінің бұлтартпас шарасы жеңілдетіліп, қамаудан босатылған.