Бүгін, 17 қаңтарда Алматының Алмалы аудандық сотында Қаңтар оқиғасынан кейін полиция үйінен әкетіп, қамауда азапталып өлген Жасұлан Анафияевтың ісі бойынша сот басталды. Бұл іс бойынша уақытша қамау изоляторының жеті қызметкері – Аян Елубеков, Махамбет Шынжырбаев, Нұрлан Торыбаев, Ардақ Әзімбеков, Арнат Мирадилов, Бейбіт Жақыпбаев пен Закир Ибрагимов сотқа айыпталушы ретінде қатысып отыр.
Оларға Қылмыстық кодекстің "Азаптау" (146-шы) бабының үшінші тармағы бойынша, яғни "жәбiрленушiні абайсызда өлтіріп алған" деген айып тағылған. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адамға бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жауапқа тартылып жатқан полицейлер өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
Алмалы аудандық сотының судьясы Есен Үстелбаев процесске қатысушыларды түгендеді. Айыпталушы Аян Елубековтің қорғаушысы өзге процессте болғандықтан бұл сот отырысына келмегені анықталды. Судья "болашақта мұндай қайталанбасын" деп ескертті.
Процесс бастала салысымен прокурор айыпталушыларға қатысты жаңадан айыптау актісі дайындалғандықтан онымен процесске қатысушыларды таныстыру үшін уақыт беруді сұрады. Судья айыпталушылар мен жәбірленуші тарап, олардың адвокаттары жаңа айыптау актісімен танысу үшін үзіліс жариялады. Сот отырысы келесі дүйсенбіге қалды.
– Егер жәбірленуші жақ бұл айыппен келіспесе, онда заңға сәйкес, қазіргі айып бойынша сот жалғаса береді, – деді жәбірленушінің адвокаты Ахмет Балмашев.
Сот хатшысы процесстің алдағы дүйсенбі, 23 қаңтарға қалдырылғанын растады.
47 жастағы Жасұлан Анафияевті былтыр 9 қаңтарда кешке Алатау аудандық полиция бөліміне әкеткен. 11 қаңтарда Алматы қалалық полиция департаментіне апарған. Анафияевтың әйелінің сөзінше, 12 қаңтарға қараған түні Жасұлан қамауда қайтыс болған. Туыстары марқұмды полиция қызметкерлері ұрып-соғып, азаптап өлтірген деп есептейді.
Your browser doesn’t support HTML5
Жасұланның сүйегін туыстары 18 қаңтарда, яғни қаза болғаннан кейін бір аптадан соң ғана алған. Полиция әкеткенде Жасұланның қалтасында телефоны да, құжаты да болған. Полицияда қаза болғаннан кейін мәйітханаға апарып тастағанын туыстарына ешкім хабарламаған. Мәйітхана сарапшысы "ажалы панкреатиттен болды" деп қағаз жазып берген.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда 232 адам өлген. Бұған қоса абақтыда азаптаудан кейін алты адам қаза болған. Әуелде азаптау фактілерін жоққа шығарып келген билік азаптаудан зардап шеккенін айтып арызданушылар мен айғақ-дәлелдер көбейген соң мойындауға мәжбүр болды. 5 қаңтарда парламентте Қаңтар туралы тыңдауды бас прокурор Берік Асылов елде азаптау арыз-шағымдары бойынша 329 іс қозғалғанын, ҰҚК мен полицияның 34 қызметкерінің ісін прокуратура қарап жатқанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қаңтарда полицияда азаптан өлген жігіттің отбасы кінәлілер жазасыз қала ма деп қауіптенеді"Абақтыға кірген із бар, шыққан із жоқ". Қаңтар оқиғасында Өзбекстанның екі азаматы жоғалды"238 адамның қазасы зерттелмеген күйі қалды". HRW есебіндегі ҚазақстанКім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ"Сайлауға бармадым. Сенбеймін". Қаңтар оқиғасы тәні мен жанын жаралаған Саят Әділбекұлының әңгімесі