Журналист Вадим Борейко белгісіз біреулер үйінің есігіне құрылыста пайдаланылатын желім жағып, подъезінің есігін "бояп" кеткенін кеткенін хабарлады. Журналистің сөзіне қарағанда оқиға түнгі сағат 3-те болған. Борейконың көршілері оны үш адам істегенін байқап қалған. Олар қашып кеткен.
"Желімде жанғыш заттың иісі бар. Есікті бітеп, сосын өртегісі келген болуы мүмкін. "102-ге" хабарластым. Журналист екенімді, оқиғаны кәсіби қызметіммен байланыстыратынымды айттым. Хабарламаны қабылдап, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізгенін айтты" деп жазды журналист түнде.
Оның сөзіне қарағанда, Бостандық аудандық полициясынан Нұрлан Нұрқасымов бастаған жедел топ келіп, есік пен қабырағадан саусақ іздерін алған. Борейконың айтуынша, полицейлер подъезд есігі де боялғанын хабарлаған. Онда "Гиперборей" деген жазуды аңғаруға болады. Бұл журналистің YouTube-тегі арнасының атауы. Журналист полицияға арыз түсірген.
Борейко полицияға берген арызында оқиғаны кәсіби қызметімен байланыстыратынын айтып, "кейінгі кездегі журналистерді қорқыту акциясы (Динара Егеубаева, Гүлжан Ерғалиева, Гүлнар Бажкенова, Самал Ибраева, Вадим Борейкомен болған оқиға - В.Б) бір орталықтан үйлестірілуі мүмкін" деп топшылаған.
Бір күн бұрын Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраева сайттың бұзылғанын және оның алғашқы бетіне өзінің және отбасының құжаттары жарияланып кеткенін мәлімдеген. Журналист оқиғаны "жеке өміріне қол сұғу" деп бағалап, полицияға арыз түсіретінін мәлімдеген. Әлеуметтік желілерде журналистке бағытталған қоқан-лоқы сипатындағы комментарийлердің тарағаны белгілі болды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ведомство тиісті органдармен ақпараттық шабуылды тексеретінін мәлімдеді.
"Министрлік редакцияға тиісті көмек көрсетіп жатыр. Самал [Ибраевамен] телефон арқылы сөйлестім. Заңға қайшы әрекеттердің артында тұрғандар анықталып, шара қолданылады деп сенемін" деді Қыдырәлі. Оның сөзінен arbat.media үзінді келтіреді.
Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. Бірнеше күн бұрын Алматыда журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігінің терезесін шағып, от қойғанын мәлімдеген. Ізінше полиция бес күдікті ұсталғанын хабарлаған. Полицияның хабарлауынша, ұсталған жасөспірімдер Elmedia кеңсесінің терезесін шақты деген күдікке де ілінген.
- Былтыр қарашада полиция Elmedia редакциясы кеңсесіне "шабуылдаған" екі адам ұсталды, екеуі де 18 жаста деп мәлімдеген еді. Ол кезде күдіктілерге "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны хабарланған. Азаттық sud.kz сайтынан іс туралы ақпарат таппады.
- "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.