Ресейдің қорғаныс министрлігі 16 жасқа толмаған үш баласы бар әкелерді мобилизациядан босатуға уәде берген. Қазанның басында көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған отбасылар қорғаныс министрлігінен отағасын мобилизациядан босатуды талап ете бастағанда, ведомство директива қабылдаған. Бұл туралы Ресей президентінің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова Telegram-каналында жазды. Бірақ көпбалалы әкелердің соғысқа бармайтынын растайтын құжат ресми жарияланған жоқ. Өткен аптада директиваның күші жойылды деген ақпарат тарады. Әскери комиссариаттар көпбалалы әкелерді соғысқа алмау туралы бұйрық түспегенін айтады. Сібір.Реалии тілшілері қорғаныс министрлігінің директивасы неге біресе пайда болып, біресе жоғалып кететінін анықтап, көпбалалы отбасылар соғысқа кеткен әкелерді үйге қайтару үшін қалай күресіп жүргенін біліп қайтты.
Аленаның ағасы – Александрды (кейіпкерлердің өтініші бойынша аты-жөндері өзгертілді. – Ред.) қыркүйектің аяғында Ставрополь өңірінен соғысқа алып кеткен. Александрдың 16 жасқа толмаған үш баласы бар. Бірінші некесінен туған тұңғыш ұлы өз қолында болған. Қарындасының айтуынша, Александр әскери комиссариатта балаларының туу туралы куәлігін көрсетіп, көпбалалы әке екенін айтқан. Бірақ комиссариат "Ресей Федерациясындағы мобилизацияға дайындық және мобилизация" туралы заңға сүйеніп, оны әскери міндетінен босатпаған.
– Кенже қызы үш жаста, әкесіне қатты бауыр басып қалған. Александр жұмыстан бос уақытының бәрін балаларымен өткізетін. Әйеліне үй шаруасына көмектесетін. Қазір әйелінің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсіп қалса, балаларға қарайтын ешкім жоқ. Жалғыз өзі қиналып жүр: қыста дүкенге барудың өзі мұң, аязда балаларды далаға алып шыға алмайды. Мобилизацияға дейін үйлерінде жөндеу бастап еді. Ағам кеткен соң, бәрі қалды, – дейді Алена.
Қорғаныс министрлігінің директивасы туралы ақпарат шыққан кезде Алена, Александрдың әйелі мен туыстары шенеуніктерге, депутаттар мен әскери комиссариат қызметкерлеріне хат жаза бастаған.
– Арыз жазбаған жерім қалмады. Бәрі бізден қашатын болды. Басында әскери бөлімге, кейін әскери жаттығудан өткен жеріне жіберді. Әйелі сол жердің өзіне үш рет барды. Үшінші барғанымызда "Неге келе бересіздер? Көмектесе алмаймыз. Қай бөлім жіберсе, соған барып, талап етіңдер" деді. Отбасымызбен президент аппаратына жаздық. Бірақ бәріміздің хатымызды қайтадан әскери комиссариатқа жібереді. Губернаторға, балалар омбудсменіне, депутаттарға жаздық. Кеше әскери комиссариаттан хат келді. "Үш баласы бар әкелер мобилизациядан босатылады деген жарлық та, заң да жоқ, оның үстіне, біз оның үш баласы барын білмедік" деп жазып жіберіпті. Хатта Александр үшінші баласының құжаттарын көрсетпеді делінген. Үш баласы барын қалай білмейді? Қанша хат жаздым, балалардың туу туралы куәліктерін көрсеттік, үш баласы бар деп айтып жүрміз! Хаттың соңында мобилизациядан босатуға негіз жоқ деп көрсетіпті. Заңгер қорғаныс министрлігі директивасының күші жойылды деген құжат жібергенде сағым сынып кетті, – дейді Алена.
16 жасқа толмаған үш баласы бар әкелер мобилизациядан босатылмайтынын бірінші болып Мемлекеттік дума депутаты Нина Останина хабарлады. Депутат адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшесі Ирина Киркораға сілтеді. Бұл құжатқа желтоқсанның аяғында қол қойылған. Киркора бас штаб өкілімен әңгімеде құжаттың шынайылығын растаған. Байқал өңірінің әскери комиссары Юрий Шувалов та көпбалалы әкелер соғысқа алынатынын айтқан.
Шенеуніктер сөзіне қарағанда, қорғаныс министрлігінің директивасы 4 қазанда қабылданған. Ол мүгедек (отбасында бірнеше бала болса), паллиатив көмекті қажет ететін немесе 16 жасқа толмаған үш баласы бар әкелерге арналған. "Ресей Федерациясының мобилизацияға дайындық туралы" заңына сәйкес, бұрын жоғарыда аталған санаттағы азаматтар мобилизациядан босатылмайтын, ал көпбалалы отбасыға 16 жасқа толмаған төрт не одан көп баласы бар отбасылар ғана жатады.
Бірақ не директива, не қорғаныс министрлігінің құжаты ресми түрде жарияланған жоқ. "Единая Россия" партиясының атынан Федерация кеңесіне мүше сенатор Александр Турчак Останкиноның мәлімдемесінен кейін үш балалы әкелерді мобилизациядан босату жалғасады деді. Бірақ ешқандай ресми құжат көрсетпеді.
Құқық қорғаушы және "Агора" қозғалысының басшысы Павел Чиков Байқалда соттар соғысқа кеткен көпбалалы азаматтарды елге қайтару туралы шешімдерді кері қайтарып жатқанын, ал Дағыстанда үш балалы әкені әскерден босатпағанын айтады.
Петербург пен Псков облысындағы Сібір.Реалии тілшілері хабарласқан әскери комиссариаттар "Көпбалалы әкелер соғысқа бара ма, әлде олар мобилизациядан босатылды ма?" деген сұраққа бірден жауап бере алмады. Псков облысындағы комиссариаттардың бірінде көпбалалы әкелерге қатысты жеңілдік жойылды деген құжат түспегенін, облыстық комиссариаттар, керісінше, мүгедек не үш баласы бар әкелерді үйіне қайтарып жатқанын айтты. Петербургтегі комиссариаттар да көпбалалы әкелер соғысқа алынады деген хабар естімегенін жеткізді.
Евгения – ерікті және көпбалалы аналарға күйеулерін мобилизациядан босатуға көмектесумен айналысатын қозғалыс жетекшісі (кейіпкер ұйым атауын көрсетпеуді сұрады). Оның сөзінше, көпбалалы әкелерді соғысқа алмау туралы жеңілдік жойылғанын растайтын ресми құжат жоқ не билік оларды көрсетпей отыр.
– Көпбалалы әкелерді Украинадан қайтару өте қиын. Директива бар кездің өзінде қиын болатын, қазір бұл мүмкіндіктен де айырылдық, – дейді ол.
Архангельск облысының тұрғыны Екатерина П. екі ай бұрын күйеуі Денисті Украинадан қайтармақ болған. Олардың үш баласы бар, Екатеринаның бірінші некесінен туған баласы да өзімен тұрады.
– 24 қыркүйекте күйеуіме шақырту келді. Күйеуім үйде жоқ еді, 30 қыркүйекте әскери комиссариатқа келсін деді. Сол күні кетуі керек екен, бірақ 8 қазанға қалды (ол кезде үш баласы бар әкелер мобилизациядан босатылады деген директива бар еді. – СР). Әскери комиссариат қанша баламыз барын, олардың жастарын сұрап алды, – дейді Екатерина.
Әскери комиссариат Денистің үш баласы барын, бірақ біреуі туған баласы емесін білген, бірақ бәрібір көпбалалы әкені соғысқа жіберген.
– Күйеуімді майданнан қайтаруға болатынын білген бойда ыстық желіге хабарласып, Архангельск облысының әскери комиссариатына барып, арыз жаздым. Жауап болмады. Кейін күйеуім Печенгеде болғанын ескеріп, Мурманск прокуратурасына жіберді. Мобилизацияға жіберген комиссариатқа да барып, арыз қалдырдым. Соңында прокуратура көмектесті. Олар көп жерге хат жазып, күйеуімді босатып алды, – дейді Екатерина.
Денис Печенгедегі оқыту бөлімінде екі ай болып, желтоқсанда үйіне оралған.
– Ол балаларының жанында болуы керек. Соғысқа әскери қызметкерлер, еріктілер барсын. Неге менің күйеуім сендерді қорғауы керек деген сөздер естідім. Тағы да қайталаймын: күйеулеріңізді қорғап, балаларыңызды әкесіз қалдырмайтын мүмкіндік болса, күресу керек. Мен күйеуімді қайтарып алдым, басқалардың да қолынан келді, – дейді Екатерина.
Псков облысы Насва ауылының тұрғыны Наталья Нефедованың күйеуі Евгений соғысқа кеткен. Олардың төрт баласы бар, бірақ екеуі Натальяның бірінші күйеуінен туған. Евгений күзде соғысқа кетіп, қазанның басында Тверьдегі оқу бөліміне түскен.
– Мәселе ақшада емес, көмекте… Үйге пеш жағамыз. Ағаш, газ баллон керек. Оны жалғыз өзім көтере алмаймын. Бір рет баллон көтеремін деп, белім ауырып, жатып қалдым. Ер адамның көмегі жетпейді, – дейді Наталья.
Көпбалалы әкелер соғысқа бармайды деген жеңілдік енгізілгеннен әскери комиссар Сергей Хабаров Нефедовты әскери қызметтен босату туралы өтініш берген. Бірақ оны жібермеген. Наталья күйеуінің артынан барған. Тверь және Псков облыстарының шенеуніктері мен әскерилері мәселені шеше алмаймыз деп қайтарған. Псковта Нефедовтың әйеліне "Күйеуіңіз өз бөлімімен бірге Украинаға барып, туған жеріне сол жақтан оралатын шығар" деген. Екі аптадан кейін Нефедовтың әйелі күйеуін үйіне қайтаруға қол жеткізді.
– Көпбалалы отбасылар – үлкен әлеуметтік жүктеме. Басқа отбасылармен салыстырғанда оларға көп күш пен уақыт керек. Отбасының бір мүшесін алып кетсе, екінші ересек адамға көп салмақ түседі. Әйел отбасын жалғыз асырап, баға алмайды. Осыдан психологиялық мәселелер туады, балалар қараусыз қалады. Көпбалалы әкелерді қорғау керек, өйткені олар әлжуаз топқа жатады. Президенттің өзі көпбалалы отбасыларды, демографияны қолдау керегін айтып еді. Ал іс жүзінде үшінші бала тууды жоспарлап отырғанда, отағасын ішінара мобилизация бойынша соғысқа алып кетеді, – дейді Евгения.
"Гражданин. Армия. Право" құқық қорғау тобының басшысы Сергей Кривенконың пікірінше, қорғаныс министрлігі халық наразылығын басу үшін директива жариялаған. Бірақ бұл құжаттың заңды күші жоқ. "Ресей Федерациясындағы мобилизацияға дайындық туралы" заң мен 2022 жылы Владимир Путин қол қойған жарлық өзгермеген.
– Бас штаб басшысы әскери комиссариатқа үш баласы барларды шақырмай-ақ қойыңдар деген. Әрине, мобилизациядан босату туралы сот процестерінде адамдар қорғаныс министрлігінің мәлімдемелерін негізге алды. Бірақ сөз бен уәде азаматтарға құқық бермейді. Бұл уәде беріп, орындамай қою сияқты. Мұндай мәлімдемелердің заңды күші жоқ, олар халықтың наразылығынан қорқып, осылай айта салды. Мобилизация жаңа басталғанда не болып жатқанын ешкім түсінген жоқ. Қазір халықтың еті үйренді. Заңгерлер әскери комиссариаттардан "Заңға сүйенейік пе, әлде бас штабтың сөзіне ме?" деп сұрап жатыр. Олар бас штаб сөзі мобилизация туралы заңға қайшы келген соң, директиваның күшін жойған сияқты, – дейді Кривенко.
Петербургте тұратын заңгер Александр Передрук бас штабтың мәлімдемелері соғыстан босатуға негіз бола алмайтынын, өйткені мобилизация туралы федерал заң өзгермегенін еске салды.
– Мемлекеттік дума мен президент. Осы екі субъект ғана жекелеген азаматтарды мобилизациядан босата алады. Президент жарлығымен мобилизацияға ілінгендер арасынан өнеркәсіпте жұмыс істейтін және білім алып жүрген азаматтарға ғана жеңілдік берілді. Олардың ешқайсысы бас штаб мәлімдемесінде көрсетілген санатқа жатпайды, – дейді Передрук.
Мемлекеттік дума депутаты Нина Останина үш балалы әкелерді соғысқа барудан босату туралы жаңалықты жариялап, директиваның күшін жоюға Ресейдегі мобилизацияның аяқталуы себеп болуы мүмкін деп топшылады. Бірақ Путин жарлығының күші жойылған жоқ. 2023 жылы 17 қаңтарда Псков депутаты Артур Гайдук осындай жауап алған.
Сергей Кривенко мобилизацияны президенттің жарлығы ғана тоқтата алатынын айтады.
– Мобилизация президенттің жарлығымен ғана аяқталады. Азаматтарды соғысқа алып кетудің құқықтық салдары көп болды. Әзірше мобилизацияның бірінші толқыны ғана аяқталды. Қалғаны… Қажет болса, екінші толқыны басталады. Тағы да 300–400 мың адам жинайды (Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация бойынша 300 мың адам әскерге алынатынын айтқан. Қарашада президент Владимир Путин 318 мың адам Украинаға қарсы соғысқа аттанғанын мәлімдеді. "Медиазона" журналистері кейінгі кезде көп адам үйленгені туралы деректерге сүйеніп, мобилизацияға кемі 492 мың азамат ілінгенін жазды. – СР), әскери комиссариат қолы жеткен адамның бәрін соғысқа алып кетеді деп ойлаймын. Мобилизация туралы заңда, президент жарлығында (Владимир Путиннің мобилизация туралы жарлығы) өзгеріс жоқ. Сондықтан 50 жасқа дейінгі, бұрын әскерде болған кез келген азамат шақырылуы мүмкін. Әскери борышын өтемеген болса да, аса маңызды емес сияқты. Президент жарлығында бұрын әскерде болғандар ғана жіберілсін деп жазылса, мейлі екен. Бәрі сөз жүзінде ғана. Шойгу де, Путин де соғысқа кімдер баратынын айтты. Бірақ құжатта бәрі басқаша. Мобилизация туралы заң нашар жазылған. Ешкім бұл заң қажет болады деп ойлаған жоқ. Әскерге шақыратын "Әскери міндет және әскери қызмет туралы" заңға ұқсамайды. Онда бәрі анық жазылған, кімдер әскери қызметтен босатылатыны, жауынгерлер құқығы нақты көрсетілген. Ал мобилизация туралы заңда бәрі шикі, оның үстіне, құжат аяқ асты қолданысқа еніп, шалалығы байқалып қалды. Ешкім заңды толықтырып, өңдегісі келмейді. Өйткені соғыс жүріп жатыр, майданға жаңа күш керек, – дейді Кривенко.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс жақын арада аяқтала ма? Ресей ұзақ соғысқа дайын ба?