Өзбекстанның Шыршық қаласында түсірілген видеода бір әйел электриктің артынан келіп, мойнына пышақ кезейді де, «Қосасың ба, қоспайсың ба?» деп сұрайды.
«Бауыздаймын десеңіз, қанекиіңіз» деп жауап береді электрик жарықсыз қалған тұрғындар компания ғимаратына лап бергенде.
Ташкенттен жарты сағаттық жердегі Шыршық қаласындағы оқиғадан соң отыз бес жастағы әйел қамауға алынды. Бұл оқиға жарық сөніп, су, жылусыз қалған Орталық Азияның кей жеріндегі кейінгі он бес жылдағы ең суық қыстан тұрғындардың қаншалықты қажығанын көрсететіндей.
Негізгі ауыртпашылық алдыңғы шепте жүрген жұмысшылардың мойнына түскенімен, таяқтың екінші ұшы жоғары лауазымдардағы шенеуніктерге де тиіп жатыр. Оларда қыс түсерде жамандықты жорымай, жақсыдан үміт күтетін тенденция кең тараған.
Аймақ тұрғындарының көбі ара-тұра жарықтың сөніп қалатынына үйренген. Орталық Азиядағы ауылдардың көбінде ең суық айларда не мүлдем жарық болмайды, не күні бойы өшіп жатады.
Күн суыған кезде, ауыл тұрғындары көбірек көмір жағуға, оған жағдайы жетпесе, тезек жағуға мәжбүр. Ал Орталық Азиядағы ірі қалаларда тұратындар энергия тапшылығына жиі куә бола бермейтін.
Бірақ бұл жолғы қыс өзгеше: Ташкентте көпқабатты тұрғын үй тұрғындары күні бойы жарықсыз, жылусыз, сусыз отырды; Тәжікстан астанасы Душанбе тұрғындары да қатты зардап шекті.
«Олар астанада бірінші рет осындай жағдайға тап болды» деді Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темір Омаров Өзбекстандағы энергетика дағдарысы туралы.
«Астана тұрғындарының іскер және саяси элитамен тығыз байланысы бар болғандықтан, бұл өте маңызды. Орталық Азия ел астаналарында осылайша билік беделіне нұқсан келіп жатыр» деді Омаров.
Кейінгі он күнде Орталық Азияның, оның ішінде Өзбекстан қалаларында минус отыз градус суық тіркелді. Ташкент пен Душанбеде осы күндері ауа райы жиырма градустан төмен болды.
Ересек адамдардың көбі 2007-2008 жылдардағы қаһарлы қысты есіне алды.
Сол қыс қайталанады деп ешкім ойламағандай.
Өзбекстанда газ жеткізудегі қиындықтар 2022 жылғы қарашада байқалды. Күн ерте суып кеткен соң, билік жанармай құятын станцияларды жауып, газбен жұмыс істейтін өндіріс активтерін тоқтатуға мәжбүр болды.
Отын тапшылығы кейінгі жылдары Өзбекстаннан газ алып жүрген Душанбедегі жылу энергия станциясының жұмысын қиындатты. Тәжікстан электр желілерінде "молшылық" та сирек кездесетін. Қазір мемлекет электр энергиясын Өзбекстанның энергия жетіспей жатқан Сурхандария облысына экспорттап отыр.
Душанбедегі көпқабатты үй тұрғыны Саитмурат Муродов энергия тапшылығы кейінгі үш-төрт жылда қайталанып келе жатқан мәселе екенін айтты.
«Үйде балалар бар, бәрі ауырып жүр. Жылу желілеріне хабарластық, жуырда күн жылынады, үй де жылиды деді» деді Муродов Азаттық радиосының Тәжік қызметіне.
«Күн жылыған соң үйдің де жылығанын неге күтуіміз керек? Қажет болса, екі-үш мың қол жинап, президентке жүгінеміз».
Ал Душанбе су шаруашылық басқармасының өкілі қысқа дайындық мұқият жүргізілген дейді.
«Күтпеген жерден қатты аяз болатынын ешкім болжай алған жоқ» деді Мехроджиддин Боборахимов. Ол құбырлар қатып қалған соң судың тоқтап қалғаны туралы сұраққа осылай жауап берді.
ӘКІМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ
Орталық Азиядағы ең ірі қала, үш миллион тұрғыны бар Ташкентте тұрғындардың көшеде от жағып, тамақ дайындап жатқаны байқалған. 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстанның Екібастұз қаласының тұрғындары да электр станциясындағы ақаудан кейін жылусыз қалып, сондай әрекетке барған еді.
Қала аудандарының бестен бірінде электр энергиясы жетіспеушілігі байқалған дейді шенеуніктер.
Өткен аптада ұлттық гвардия мен армия халықтың жылынып, шай ішуі үшін палаткалар құрды.
Бірақ Ташкенттің бұрынғы әкімі Жахонгир Ортыхожаев тегін палау таратып, мәселеге кеш "реакция білдірді".
16 қаңтарда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Ортыхожаев, энергетика министрінің орынбасары Шерзод Ходжаев және тағы бірнеше шенеунікті "тиісті дәрежеде қысқа дайындалмағаны үшін" қызметтен босатты.
Мирзияев Ортыхожаевты «ұятсыз» деп атап, «бос сөйледі» деп айыптады.
Ортыхожаев Мирзияев кезіндегі ең көрнекті саясаткерлердің бірі болғандықтан, оның орнынан кетуі жұртты таңғалдырды. Мирзияев 2016 жылы бірінші президент Ислам Каримов қайтыс болған соң билікке келген еді.
2018 жылы президент саяси тәжірибесі аз ауқатты кәсіпкерді тағайындағанын инвестиция тартуға жақсы болады деп түсіндірген еді.
Ортыхожаев қаланың тарихи аудандарындағы ғимараттар сүрілген соң шыққан дау кезінде екі журналиске қоқан-лоқы көрсетіп, Мирзияевтың "көзіне түскен".
«Инфрақұрылымның [жаңа дүниелерге] шамасы келмегендіктен, Ортыхожаев кезіндегі құрылыс науқаны Ташкенттегі энергетикалық коллапсқа ықпал етті деді танымал ташкенттік блогер Никита Макаренко Азаттық радиосының Өзбек қызметіне.
Ташкенттегі ауыр қыс оның әкім қызметіне нүкте қойған, шыдамның шегіне әкелген жағдай болды дейді Макаренко.
Тағы бір ташкенттік журналист Алексей Волосевич "бұл шешім энергия жетіспеушілігінен туындаған наразы көңіл-күйді басу үшін қабылданған" дейді.
«Ол Мирзияевтың оң қолы болатын. Мұның маңызы бар. Наразылық артқандықтан солай істеуіне тура келді» деді Волосевич Ортыхожаев жөнінде.
Душанбе муниципалитетінде жұмыс істейтін қызғылт сары жилет киген аула сыпырушысын қаһарманға балауға болатындай.
Айына 120 доллар табатын ол таңертең ерте астана шетіндегі Вахдат қаласынан қатынап келеді. Ол онда қазір жұмыс істемейтін, Ресейде еңбек мигранты болған күйеуімен және балаларымен бірге тұрады.
«Әрине, қиын, бірақ не істейміз?» деді Боева. «Осы жұмысыма ризамын».
Аймақта күн жылына бастағанымен, келесі аптада да температура нөл градустан төмен болады деп болжанып отыр.
19 қаңтарда Қырғызстан астанасы Бішкекте желі операторы халық электр энергиясын көп тұтына бастағандықтан жабдықтар күйіп кетпес үшін жөндеу жұмыстары жүргізіледі, сол себепті қаланың кей бөліктерінде электр энергиясы өшірілуі мүмкін деп хабарлаған.
Табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұрған Түркіменстанда да күн суыған соң отын тасымалдау қиындап, жарық жиі сөне бастаған.
Билік ресми түрде проблеманы мойындамағанымен, Азаттық радиосының Түркімен қызметі шенеуніктер энергиямен қамтуды жақсартуға тырысып, жекеменшік наубайханаларды жарықтан ажыратқаны туралы хабарлама алды.
Азаттық радиосының Өзбек, Тәжік, Қырғыз және Түркімен қызметтерінің материалдары бойынша жазылды