"Баспасөз картасы", "қара тізім" және жазалау. Үкімет ұсынған тағы бір заң жобасы дау туғызды

Көрнекі сурет.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған бұқаралық ақпарат құралдары жұмысына қатысты "Масс-медиа туралы" заң жобасын талқылау 27 қаңтарда аяқталмақ. Құжатта медиаға "мониторинг жасау, реттеу, бақылау қадағалау" туралы бап көп. Бұл міндеттің көбін ақпарат министрлігі өзі атқарғысы келеді. Тілшілер мен сарапшылар заң жобасында журналистердің құқығынан бұрын міндеті көп екеніне алаңдайды.

ЖОБАНЫҢ ҚАЙ ТҰСЫ ДАУ ТУҒЫЗДЫ?

Министрлік елдегі "БАҚ туралы" және "Телерадио хабарларын тарату туралы" екі заңды біріктіретін "Масс-медиа туралы" заң жобасын ұсынғалы журналистер мен баспасөз құқығын қорғайтын ұйымдар дабыл қағып жатыр. Олар бұл заң жобасында сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін, журналистер жұмысын шектейтін норма көп деп есептейді.

78 баптан тұратын заң жобасында журналистер ақпарат министрлігінен "баспасөз картасын" алуға тиіс деп көрсетілген. Бұл карта журналистика я оған байланысты мамандықты бітіріп, үш жыл осы салада жұмыс істеген, сотталмаған тілшіге бір жылға беріледі. Журналист дипломы жоқ мамандардың осы салада бес жыл еңбек өтілі болуы керек. Шетелдік басылымның тілшілеріне "баспасөз картасын" сыртқы істер министрлігі береді. Журналист үш ай жұмыс істемей қалса, бұл картасынан айырылады.

Заң жобасында "масс-медиа саласына мемлекеттік реттеу мен бақылау орнату" қарастырылған. Бұл бақылау мен реттеуді ақпарат министрлігі жүргізіп, медиаларға лицензия береді, есепке қояды. Бұдан бөлек, министрлік медиаресурстарға профилактикалық бақылау мен мониторинг жүргізеді. Мекеме мұны "заңбұзушылықтардың алдын алу" деп түсіндіреді.

Бұған қоса, заң жобасында БАҚ қызметін реттеу үшін "қоғамдық-кәсіптік кеңес" құру қарастырылған. Бұл кеңес министрлікпен және әкімдіктермен бірге жұмыс істеуге тиіс. Ал министрлік және әкімдікпен бірге жұмыс істейтін кеңес "ар-намысқа тиетін жалған ақпарат бойынша өтініштерді" қарайды, "дезинформация тарататын" медиаұйымдардың тізімін түзеді.

Сондай-ақ журналистердің басым бөлігі заң жобасында Қылмыстық кодекстегі "Журналистер жұмысына кедергі келтіру" бабын декриминализациялауға да қарсы. Қылмыстық кодекстің бұл бабында журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, күш көрсеткендер, құралын сындырғандар қылмыстық жауапқа тартылатын. Құқық қорғаушылар 2005 жылдан бері бұл бап тек бір рет қолданылғанын айтады.

Ақпарат министрлігі ұсынылған жаңа заң "БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, журналистердің мәртебесін көтеріп, БАҚ-қа сенімді арттырады, оның тәуелсіздігін, қаржыландыру көздерінің ашықтығын қамтамасыз етеді" деп есептейді.

"ЗАҢ ЖОБАСЫ ПРОФИЛАКТИКА МЕН ЖАЗАЛАУДЫ КӨЗДЕЙДІ"

Журналистер мен БАҚ құқығын қорғайтын ұйымдар заңда шектеу, бақылау, профилактика көп екеніне де алаңдайды. Мәселен, "Құқықтық медиаорталық" ұйымының директоры Диана Окремова заң жобасында журналистердің құқығынан гөрі жауапкершілігі мен жазалануына басымдық берілген дейді.

"Құқықтық медиаорталық" ұйымының директоры Диана Окремова "Масс-медиа туралы" заңның жобасында журналистердің құқығынан гөрі жауапкершілігі мен жазалануына басымдық берілген деп санайды.

– Құжатта медианы бақылау заңбұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу үшін деп көрсетілген. БАҚ-тың барлығы үнемі заң бұза беріп, оларды енді бақыламаса болмайтын секілді. Жалпы заң жобасы ескерту, профилактика мен жазалауды көздейтін болып шыққан, – дейді ол.

Заңды талқылаған жұмыс тобында болған құқық қорғаушы, "Құқықтық медиаорталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова бұл жоба журналистерге қорған болатынына күмәндана қарайды. Ол "баспасөз картасы" туралы бапқа қарсылық көп екенін айтады.

– Жазда талқы болғанда "баспасөз картасы" туралы айтылмаған еді. Біз тек ұсынған мәліметтермен жұмыс істедік. Жобаның даулы тұсы өте көп. Журналистерге категорияға бөліп берілетін "баспасөз картасы" арқылы журналистер реестрі жасалады. Біз оларды категорияға бөлуге мүлде қарсы болдық. Ал жұмысына кедергі келген, құралы бүлінген, көзіне газ баллон шашылған немесе жиынға кіре алмаған, ақпаратты жариялауға тыйым салынған жағдайлар бізде жиі кездеседі. Енді бұл әрекетті декриминализация жасап, әкімшілік санатқа жатқызбақ. "Журналист мәртебесі" дегенді айтқанмен, журналистерге арнайы берілетін артықшылық байқалмайды, – дейді Гүлмира Біржанова.

Заңгер заңның "Масс-медиа туралы" деп аталуының өзін де сынға алды. Оның сөзінше, заңды жасаушылар "Масс-медиа" ұғымына БАҚ пен интернет ресурстарын бірге енгізу арқылы интернетті де ресми бақылауға алынғанын көрсетпек. Заң жобасы "Масс-медиа туралы" деп аталғандықтан, сайт, газет, телерадиомен қатар, интернет кеңістігін, YouTube-тегі арналарды, Telegram-арналар мен желідегі ақпарат жариялайтын парақшаларды да қамтиды.

"Құқықтық медиаорталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова.

– Әрине, талқы жалғасып жатыр. Меніңше, журналистердің кәсіби жұмысы кезіндегі қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Мейлі ол төтенше жағдай болсын, мейлі ол митинг болсын, журналистер еркін жұмыс істеуге қол жеткізуге тиіс, – дейді Біржанова.

Құқық қорғаушының пікіріне жұмыс тобында болған журналист Жұлдыз Әбділда да келіседі. Оның пікірінше, "баспасөз картасының" қажеті жоқ.

Журналист Жұлдыз Әбділдә.

– "Баспасөз картасын" енгізу басқа журналистерді алалау болып отыр. Аккредитациялау мен журналистің мәртебесіне қатысты да дау көп. Егер журналистикадан кетіп қалсаң, сен журналист болып есептелмейсің дегені де түсініксіз. Өйткені адам ауырып не басқа мәселеге байланысты жұмыс істемеуі мүмкін. Ал бізге жұмыс тобында "баспасөз картасы" журналистердің әлеуметтік жағдайын, пәтер мәселесін шешуге бағытталған деп түсіндірді. Бірақ кей журналистер "жалақыны көтерсе, әр журналист пәтерді өзі-ақ сатып ала алады" деген пікір білдірді, – дейді ол.

Ал Elmedia арнасының бас редакторы, журналист Гүлжан Ерғалиева интернет кеңістігінің бәрін заң арқылы бақылау ақылға сыймайды дейді.

Elmedia арнасының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

– Егер қойылған талаптар ескерілмесе, журналистерді әртүрлі лагерьге бөледі деген сөз. Интернет кеңістігі – ашық алаң. Оны қалай бақылауға болады? Митингіге барған кез келген адам оны фото-видеоға түсіреді, оны қалай реттемек? Әлеуметтік желіде журналист қана емес, бәрі жазады, онда оларға да мәртебе беру керек емес пе? – дейді ол.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАБУЫЛДЫ "ДЕКРИМИНАЛИЗАЦИЯЛАУҒА" ҚАРСЫЛЫҚ

Заң жобасын талқылау "Ашық үкімет" порталында 6 қаңтарда басталған. Талқыға пікір қалдырған қолданушы Зәуре Әлиева журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру жөніндегі норманы декриминализациялауға наразылық білдірген.

"Митинг не өзге де қоғамдық орындарда, мемлекеттік орган ғимараттарында журналистер ашықтан ашық шабуылға ұшырап жатады, оператордың камерасын көлеңкелеп жатады. Мұның бәрі полицейдің көз алдында болып жатады. Полиция іс қозғауға құлықсыз. Журналистер шағым жасайды, бірақ іс қаралмайды. Әйтпесе жылына қаншама журналист зардап шегеді, кедергіге ұшырайды" деп жазды ол.

Журналистердің кәсіби қызметіне қатысты жанайқайын білдірген "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының бұрынғы жетекшісі Тамара Калеева заң жобасында журналистер жұмысын ҰҚК, ІІМ және қорғаныс министрлігі реттейтініне наразы.

Your browser doesn’t support HTML5

Журналист Борейконың есігіне әлдекімдер желім жағып кетті

"Заң жобасынан" журналист куәлігін, айырым белгісін көрсету арқылы дүлей зілзалалар кезінде, бейбіт жиындарда жұмыс істеу" құқығын мүлдем алып тастаған. Оның орнына шекарадағы қақтығыстар кезінде, ұрыс қимылдарын жүргізу кезінде және соғыс уақытында, әлеуметтік, табиғи және техногендік төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта кәсіби қызметті жүзеге асыру" шартын енгізген. Журналистің ерекше жағдайда қалай жұмыс істейтін ҰҚК, ІІМ мен қорғаныс министрлігі үйретеді. Сонда бейбіт митингілер мен демонстрациялар да енді ерекше жағдай болып есептеле ме?" деп жазады Калеева.

Дегенмен журналистер заң жобасында "сәл де болса оң" бірнеше өзгеріс барын айтады. Мәселен, "Масс-медиа туралы" заң жобасында медиаға қарсы түсіретін шағым уақыты үш жыл деп көрсетілген. "БАҚ туралы" заңда бұл көрсетілмеген еді, яғни медиа жариялаған контентке 10 жыл өтіп кетсе де, шағым түсіруге болатын. Алайда заңгерлер мен журналистер үш жылды бір жылға қысқартуды да талап етеді.

Сондай-ақ медианың органдарға жіберген ресми сауалына жауап беру уақытын жеті күннен бес күнге қысқарту қарастырылған.

Азаттық тілшісі журналистерге қатысты заңның негізгі авторы – ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хабарласып, жобаға қатысты айтылған пікірлер туралы сұрамақ болған еді. Министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбек Әмиша құзырлы қызметкерлердің барлығы шетелде іссапарда жүргенін айтып, жауап беру мүмкін емес деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ DDoS-шабуыл үдеп, БАҚ сайттары бұғатталды. Мұның ерте сайлауға қатысы бар ма?

Ал министрліктің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің бастығы Жасұлан Өмірәлиев Тамара Калеева Facebook-тегі парақшасында жазған сыни пікірге жауап беріп, заң жобасы әлі талқыланып жатқанын, кейін жобаны ведомствоаралық комиссия қарайтынын айтқан.

"Қылмыстық кодекстің 158-бабын декриминализациялау концепциясы әртүрлі салалық органнан түсті және біздің мақсатымыз – статистика жинау емес, журналисті өз құқығын қорғау үшін нақты құралдармен қамтамасыз ету. "Журналистің ерекше мәртебесі" идеясы да оларды жеңілдіктермен, артықшылықтармен қамтамасыз ету" деп жауап берді Жасұлан Өмірәлиев Facebook-те.

Министрлік "Журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау" қылмыстық бабын декриминазациялаудың себебі ретінде "кейінгі 5 жылда осы бап бойынша 9 факті ғана тергелгенін" айтты.

Азаттық радиосы 2019 жылы тілшілеріне жасалған бірнеше шабуылға байланысты сотқа шағымдар түсірген еді. Мәселен, 2019 жылы 22 маусымда Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының кеңсесінде өтуге тиіс баспасөз мәслихатына барған Азаттық тілшілері мен ҚазТАГ журналистеріне бір топ әйел шабуыл жасаған. Олар тілшілерге жұдырық жұмсап, журналистердің техникасын сындырған. Әйелдер бюро қызметкерлеріне де тиіскен. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалғанымен, ешкімге айып тағылмады, журналистерге шабуыл жасағандар анықталмады.

2019 жылы 6 шілдеде ел астанасындағы наразылық шарасынан тікелей эфир жүргізген Азаттық тілшілеріне бетіне маска таққан белгісіз адамдар кедергі жасады. Наразыларды ұстау шарасын түсіру кезінде екі ер адам камераны қолшатырмен көлегейлеп, тағы бір белгісіз адам оператор мен тілшіге қарай әдейі газ бүрікті. Осы әрекеттердің бәрін көрген полицейлер ешқандай шара қолданбады.

Ресми мәліметке сай, 2022 жылы Қазақстанда 460 ақпарат құралы жаңадан тіркелген. Оның 158-і – газет-журнал, төртеуі – телеарна, екеуі – радио, 285-і – ақпарат агенттігі және интернет басылым.