Тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып қайта тағылды. Бұл белсендінің ісі бойынша кезекті сот отырысынан кейін анықталды. Белсендінің жақтастары халықаралық ұйымдар мен ақпарат құралдарын Мамай ісіндегі заңсыздықтарға назар аударуға үндеді.
26 қаңтар күнгі сот отырысында айыптау актісін оқыған прокурор Еркін Баймағамбетов белсенді Жанболат Мамай 2022 жылы 4 қаңтарда сағат 18.30 бен 19.10 аралығында "Алматы Арена" сарайы алдында сөйлеген кезде "қоғам қарсылығын арттыратын" "деструктив тәртіпті насихаттады", "елдегі саяси-экономикалық ахуалды тұрақсыздандырып жіберуі мүмкін" сөздер айтты деді. Прокурордың айтуынша, "Мамайдың 3-4 қаңтар күнгі сөздері мен видеомәлімдемелерінде саяси талаптар бар".
Мамайдың жақтастары тағылған айыпты мойындамай, оның саяси астары барын айтты.
"Міне, 11 айдан асты, оған [Мамайға] Қылмыстық кодекстің түрлі бабын ілді, бірін алып тастады, енді бірін қайтарып отыр. Жанболаттың жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға еш қатысы жоқ. Оның барлық сөзі, қимыл-әрекеті тікелей эфирде көрсетілді, өзі де елдің алдында жүрді. Біз халықаралық ұйымдардың бәрі мен Батыс елдері үкіметтерін, журналистер мен құқық қорғаушыларды Жанболат Мамайға қарсы жасалып отырған заңсыздыққа назар аударуға шақырамыз" деп жазды Инга Иманбай Facebook'та.
"Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркей алмай келген оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай былтыр ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып тағылды.
Бірнеше айдан соң Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды. Мамай сол кезде "билік оны 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді" деген. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатыспағанын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.
Қазан айында Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінен бір күн бұрын күйеуіне тағылған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп есептейді.
Ізінше Жанболат Мамай тергеу изоляторынан босап шықты. Сот оған қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, 8 айдан кейін тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі Жанболат Мамайға қозғалған істі зерттеуші ағылшын комиссиясының мүшелері өткен аптада Қазақстан билігі белсендінің өзімен кездесуге тыйым салғанын және билік өкілдерінің өзі кездесуден бас тартқанын мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ұлыбритания депутаттарынан құралған комиссия Қазақстан билігінен көңілі қалғанын айттыЖанболат Мамай сотында монитор дыбысы өшіп қалған соң жұрт наразылық таныттыЖанболат Мамайдың соты басталды. Оның судьяға сенімсіздік жариялау туралы талабы қабылданбадыБритания парламентінің мүшелері Мамай ісі негізінде Қаңтар оқиғасын тексермекТіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайға тағылған айыптардың бірі жеңілдетілді