Нұраны тазартуға 105 млн доллар жұмсалған. Өзенде сынап деңгейі қайта артқан

Қарағанды облысындағы Нұра өзені. 2022 жылғы қараша.

10 жыл бұрын Қарағанды облысындағы Нұра өзенін сынаптан тазарту жобасы аяқталды. Қазақстан бұл жобаға жүз миллион доллардан көп ақша жұмсады. Оның бір бөлігін Дүниежүзілік банктен қарызға алған. Қазақстан мен Чехияның экологтары тазартылған аймақтан су мен топырақ сынамасын алып, тәуелсіз зерттеу жүргізген. Олардың дерегінше, өзеннің сынаптан ластану көрсеткіші рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе асып кеткен.

"ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЛАСТАНҒАН ӨЗЕН"

1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағынан ағып өтетін Нұра өзенін "әлемдегі ең ластанған су айдыны" деп атады. Өзеннен шектен тыс мөлшерде сынап табылған. Экологтардың айтуынша, бұл ақпарат қоғамды дүр сілкіндірген.

Дүниежүзілік банк дерегінше, аймақта синтетикалық каучук өндіретін "Карбид" зауыты жұмыс істеген 47 жыл ішінде өзенге "1500 тоннадан астам" сынап төгілген. Сынапты каучук өндірісінде химиялық реакцияның катализаторы ретінде пайдаланады. Ластану себебі – зауыттағы қалдық суларды тазартып, өзенге шығаратын құрылғыларда сынап фильтрінің болмауы деп көрсетілген. Осының салдарынан өзеннің төменгі жағында орналасқан елді мекендер, ауыл шаруашылығы жерлері, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған су-батпақ аудандар ластанған.

Басқа бір есеп бойынша, жарты ғасыр жұмыс істеген зауыт өзенге үш мың тоннаға жуық сынап шығарған. Өзен маңындағы Чкалово, Калинин, Самарқанд, Гагаринское, Андронниковка, Тегізжол және Ростовка ауылдары да ластанған. Су мен топырақтан сынаптың шектен тыс мөлшері табылған.

Нұра өзені.

90-жылдардың соңында Қазақстан Дүниежүзілік банктен өзенді тазартуға қарыз сұраған. Ұзақ зерттеулерден кейін ең үнемді нұсқа таңдалған: сынапты экскаватормен қазып алып, арнайы полигонға көмген. "Карбид" зауытының цехтары бұзылған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, жобаға 105 млн доллар жұмсалған. Қаржының бір бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлінген, 40 миллион доллардан астам ақшаны Дүниежүзілік банк несиеге берген. Бас мердігер – қытайлық China State Construction & Engineering Corporation және CGC Overseas Construction Group компаниялары.

2013 жылы Дүниежүзілік банк сайтында "Банктің қолдауымен Нұра өзені тазартылды" деген жаңалық шықты. Онда "Енді кешкісін өзен жағасында демалып ғана қоймай, балық аулап жеуге болады. Өзеннен ауланған балықты жеу қауіпті емес" деп жазылған.

КОЛЛЕКТОР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕЙ ТҰР

Жергілікті тұрғындар жоба қалай жүзеге асырылғанын жақсы біледі. Олардың айтуынша, сынап тиеген көліктер елді мекендердің арасымен жүрген.

– Көліктен қоймалжың зат ағып жатты. Қазір "өзен қауіпті емес пе?" деп алаңдап отырмыз, – дейді аты-жөнін атамауды сұраған Чкалово ауылының тұрғыны.

Сынаптан ластанған су канал арқылы осы ауылдан өтіп, Нұраға құяды.

Өзенді тазарту жұмыстарының аяқталғанына 10 жылдан асты. Бірақ жергілікті халықтың күдігі әлі сейілмеген. Әсіресе жоба аясында зауыт коллекторы тазартудан өтпеген. Қазір коллектордан өзенге қалдық су ағып жатыр.

Өткен жылдың соңында бұл мәселеге экология министрлігі де назар аударып, ведомство басшысы облыс тұрғындарымен кездескен.

Сол кездегі министр Серікқали Брекешев Нұраның ластануын өңірдегі басты экологиялық мәселелердің бірі деп атады.

– [Бұрынғы "Карбид" зауытының] кәріз коллекторын алып тастау мәселесі шешілмей келеді. Коллектор қолданыстан шыққан, бірақ су тасыған кезде өзен ластанып жатыр, – деді Брекешев.

"ӨЗЕН ТАЗАРДЫ МА?"

"[Жобаға дейін] тұрғындардың шашынан, ана сүтінен сынап табылған. Әсіресе Нұрадан балық аулап жеген тұрғындардың ағзасында сынап көп кездесті" дейді тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков. Азаттық тілшісі экологпен бірге тазарту жұмыстары жүрген жерлерді аралап шықты.

Эколог Дмитрий Калмыков Нұра өзенінің жағасында сынаптың шектен тыс мөлшері анықталған жерді көрсетіп тұр.

Калмыков жобаға дейін және одан кейін 2013-2014 жылдары бұл аймақта зерттеу жүргізіп көрген.

– Ресми дерек бойынша, миллиондаған тонна ластанған топырақ қабаты алынған. Өзен қаншалық тазарғанын тексеріп көрдік. Су ресурстары комитетінен ақпарат сұрадық. Комитет бұл құпия дерек деп жауап берді. Ақпаратты анықтау жолдарын іздей бастадық. Чехиядан қоғамдық экологтарды тауып, Еуропа одағының қолдауына ие болдық. Өзеннен сынама алып, тексергенде, өзен суы мүлде тазармағаны анықталды, – дейді Калмыков.

Сарапшының айтуынша, өзен суы мен топырағынан алынған сынамаларды Прагадағы химиялық технологиялар институты талдаған. Зерттеу нәтижесі өзен түбіндегі құм мен алты түрлі топырақ сынамасынан сынаптың жоғары мөлшері (10 мг/кг) анықталғанын көрсеткен. Ең жоғары көрсеткіш (177 мг/кг) зауыттың төменгі жағындағы Қызыл жартас маңында тіркелген. Басқа төрт сынамадағы сынап мөлшері Қазақстанда белгіленген шектік мөлшерден (2,1 мг/кг) асып кеткен.

Чехиядан келген тәуелсіз сарапшылар Нұра өзенінен зерттеу үлгілерін алып жатыр.

– Сел кезінде сынап мөлшері артатыны жөнінде деректер таптым. Жобадан кейін өзендегі 10 нүктеде сынап мөлшері анықталды. Балықшылар отбасы мен Чкалово ауылына үлкен қауіп төніп тұр. Өйткені зауыттың қалдық суы шығарылып келген каналдан су алып, бау-бақша суарады. Бұл канал жабылып, тазартылып, орнына үлкен бетон құбырлар тасталып, жерасты коллекторы салынуы керек еді. Қазір канал ашық, осы арқылы Нұраға сынап құйылып жатыр, – дейді Калмыков.

"БҰРЫН СЫНАП БОЛМАҒАН ЖЕРЛЕРДІҢ ӨЗІ ЛАСТАНҒАН"

Бір кезде көлік саз батпаққа кірді. Калмыковтың айтуынша, жоба кезінде жойылған өсімдіктер қайта қалпына келтірілуі керек еді. Бірақ бұл уәде орындалмағанын анық байқауға болады: бір жағада өсімдік бар, екіншісі бос жатыр.

Нұра өзенінің бойындағы саз.

Экологтың пікірінше, екі жыл бұрын тәуелсіз экологтар Астанаға хат жазып, өзенді тексеруден өткізуді сұраған. Астана хатқа назар аударғандай болған.

Чехиядағы "Арника" үкіметтік емес ұйымының дерегінше, Нұра – Қорғалжың табиғи қорығындағы Теңіз көліне құятын жалғыз өзен. Астана қаласы да суды осы өзеннен алады.

"Арника" ұйымының төрағасы, Калмыковпен бірге тәуелсіз зерттеу жүргізуге қатысқан Мартин Скальский тазарту жобасының маңызын жоққа шығармайды, бірақ оны жүзеге асыруға қатысты сұрағы көп екенін айтады.

– Тазарту жүргізген компаниялардың қызметі дұрыс қадағаланбаған. Бұл мәселеге тұрғындар, экологтар, журналистер мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдар ғана алаңдаушылық білдірді. Ал ақша бөлген тараптар шағымымызға назар аудармады. Қазір сынап мөлшері жобаға дейінгі көрсеткіштен төмен. Бірақ бұрын сынап болмаған жерлер ластанған. Гагаринское, Ростовка, Чкалово, Самарқанд, Тегізжол ауылдары мен Қызыл жартас төңірегіндегі бірнеше жерді тексердік. Бәрінен де Гагаринское ауылы қатты ластанған болып шықты, – дейді Скальский.

Сарапшының сөзінше, қай жерде және қандай мөлшерде сынап барын дөп басып айту қиын. Сел кезінде улы зат басқа аудандарға тарайды.

– Кейінгі жылдары сынап өзен ағысымен әр жерге ауысып, жиналып қалды. Сел кезінде өзен ағысы өзгереді, бәрі араласып кетеді, осылай ластанған аймақ ондаған шақырымға ары жылжып, күтпеген жерден шығуы мүмкін. Сынап су түбіне отырып, балықтың денесіне, сол арқылы адам ағзасына түседі. Өзеннің бұл бөлігінен балық ауламаңыздар деп ескерттік. Шаруалар бақша суаруға және басқа да мақсаттарға өзен суын пайдаланады, – дейді сарапшы.

Нұраның суын ішіп тұрған сиыр.

"АҚША ИГЕРІЛДІ, ШЫҒЫНДЫ САЛЫҚ ТӨЛЕУШІЛЕР ТӨЛЕП ЖАТЫР"

Азаттық экология министрлігіне хат жіберді. Министрлік жоба нәтижесінде ластану аумақтарының бәрі тазартылды деп жауап берді. Ведомство жауабына сәйкес, бұрынғы зауыт аумағы мен оған жақын аймақтар тазартылғаннан кейін 1 текше метр ауадағы сынап мөлшері 25 000 нанограмнан 100 нанограмға дейін, топырақтағысы 1500 мг/кг-ден 10 мг/кг-ге дейін азайған. Өзен тазартылғаннан кейін ауадағы сынап мөлшері бір текше метрге шаққанда 20 нанограмға дейін, су бетінде 100-300 нг/л-ға дейін, топырақта 1500 мг/кг-ден 10 мг/кг-ге дейін төмендеген. Жерасты суларынан сынап табылмаған.

Министрліктің жауабына қарағанда, жобаға бұрынғы "Карбид" зауытын бұзу, өндіріс аумағын, ескі күл-қоқыс төгетін орынды, зауыт маңайындағы жерлерді тазалау, аумағы 4 миллион тонна жерді алып жатқан, құрамында сынабы бар қалдық көметін "Апан" полигонын салу, Нұра өзені мен Жауыр батпағын тазалау кірген. Биліктің дерегінше, жаңбыр суына арналған Теміртау арығы реконструкциядан өтіп, арнасы, алабы мен түбі тазартылған. Ынтымақ суқоймасына сел суын шығарып тастайтын құрылғы мен шағын су электр станциясы салынған. "Сынап" полигоны экология министрлігіне қарасты "Казводхоз" кәсіпорнының балансына берілген.

Министрлік жобадан кейінгі нәтижелерді қайдан алуға болатынын айтпады, "Қазір өзен суына мониторинг жүргізіліп жатыр ма?" деген сұрақты да жауапсыз қалдырды. Ведомство экологтардың жаңа зерттеу жүргізу туралы ұсынысы неге елеусіз қалғанын түсіндірмеді.

Қолда бар деректерге қарағанда, мемлекеттік органдар ластанған кәріз коллекторы мәселесін шешуді бұрынғы "Карбид" зауытының аумағында орналасқан кәсіпорынның мойнына жүктегелі отыр.

Нұра өзені және оның бойындағы қызыл тастар.

Экологтар бұл мәселемен мемлекет айналысуы керегін, коллектор "тарихи нысанға" жататынын айтып отыр.

Чехиялық маман Скальскийдің сөзінше, бірінші кезекте жаңа зерттеу жүргізіп, өзен аумағы мен жекелеген аудандардағы сынап мөлшерін тексеріп шығу керек.

– Қауіптерді бағалап, өзен суын қайта тазартуымыз керек. Бірақ бұған кім қаржы бөледі деген сұрақ туады. Ақша бөлінді, жұмыс аяқталды деген есеп бар, – дейді Мартин Скальский.

– Ақша игерілді, шығынды салық төлеушілер төлеп жатыр, – дейді эколог Дмитрий Калмыков.