Түркия елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісі құрбандарын бір апта аза тұтады. Бұл жөнінде дүйсенбінің кешінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған хабарлады. Ақпанның 6-сындағы кешкі ақпаратқа қарағанда, Түркияда зілзаладан 2 мыңнан астам, оған көршілес Сирияда 1500-ге жуық адам өлген.
Жараланғандар 10 мыңнан асқан. Мыңдаған үй қирап, 10-нан астам қала зардап шеккен. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Ақпанның 6-сы күнгі жер сілкінісі осы ғасырда Түркияда болған аса ірі зілзала саналады. Ердоған оны "1939 жылдан кейін қайталанған аса ірі табиғи апат" деп атады. Дүйсенбі күні магнитудасы 7,7-ге тең жерасты дүмпуі тағы қайталанған. Дүмпу Грузия, Армения, Ливан, Иранда да сезілген.
Сирияда ресми билік бақылап отырған аймақтар да, Түркия қолдау көрсетіп отырған қарулы оппозицияның иелігіндегі аймақтар да зардап шеккен. Екі жақта да жүздеген адам өлген. Бірнеше жыл бұрын кескілескен шайқас болған Алеппо қаласы да зардап шеккен.
Ердоғанның сөзінше, бүгінге дейін Түркияға әлемнің 45 елі көмектесуге уәде берген. Оның ішінде АҚШ та бар. Ақ үйдің хабарына қарағанда, АҚШ Түркияға әрқайсында 79 құтқарушысы бар екі топ жіберген. Ресей мен Украина да көмек ұсынған.
Сирияға көмектесуге ұмтылған елдер арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Африка Республикасы, Франция, Германия бар. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарына қарағанда, Сирияда орналасқан Ресей әскери контингенті құтқару жұмыстарына тартылған.
- Түркияның Қаһраманмараш қаласында тұрғын үй кварталы тұтастай қираған. Диярбақыр қаласы да қатты зардап шеккен.
- Сирияда да ірі ғимараттар қираған. Ливан, Ливия, Грузия, Армения және Кипрде де күшті жерасты дүмпулері сезілген.