АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Путиннің ядролық қару қолданбайтынын, Батыс бұл қатерді әсірелеп жібергенін айтты. Оның сөзінше, Украина Қырымды жаздың аяғына дейін азат етуі ықтимал, ал Ақ үй Украина күштерінің Қырымдағы Ресей объектілерін атқылауына "енді қарсы емес екенін" білдіріп отыр.
"Настоящее время": Генерал Ходжес, The Washington Post газетінде жарық көрген мақалаға қарағанда, АҚШ Украинаға "соғыста екінші шешуші сәт басталып жатыр" деп ескерткен. Сіз бұл көзқарасқа келісесіз бе?
Бен Ходжес: Сіз ЦРУ директоры Бернс мырзаның сөзін айтып отырған боларсыз. Алдағы алты айдың соғыс үшін аса маңызды болатыны жайлы. Мен бұған келісемін.
Бірақ мен Украинаның ұтымдырақ жағдайда екенін ескерткім келеді. Ресейде дайындығы нашар, басқаруға келіңкіремейтін жаяу әскерді отқа айдаудан басқа амал жоқ. Оларда жағдайды өзгертетіндей жаңа мүмкіндіктер барын көріп тұрғаным жоқ.
Ал Украинаға келсек... Әрине, оның да сарбаздары шаршады, бүкіл ел шаршады. Айлар бойы соққының астында отыр. Бірақ Украинаны қолдайтын 50 ел бар. Меніңше, Батыс Украинаға уәде еткен көмегін одан әрі береді. Оған қосымша алысты дәлдейтін жүйелер берсе, Қырым жаздың аяғына дейін азат етілуі ықтимал.
"Настоящее время": Батыс берген, берейін деп отырған қару Киев үшін жеткілікті ме?
Бен Ходжес: Әрине, бұл жетпейді. Біз кейінгі 20 жылдағы қателіктің зардабын тартып отырмыз. Қорғанысқа қажет қару мен оқ-дәрінің тиісті қорын қамтамасыз ете алмадық. Енді сол қорды толтырмайынша, Пентагон қатерді таразылап отыруға мәжбүр. Оған Қытаймен арадағы қиындықтарымызды қосыңыз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Украинаға әскери ұшақ беруге қашан Батыстың батылы жетеді?" Британ маршалымен сұхбатСөйте тұра, біз Ресейдің ядролық қаруды қолдану ықтималдығын әсірелеп жібердік. Осы себепті қару берудегі шешімдерді біртіндеп қабылдадық. Оның орнына Украинаға бірден "Сендерге керегі мінеки. Жақында тағы береміз" деп айту қажет еді.
Қазір Ақ үй Ресейдің ядролық қаруды қолданбайтынына сенімдірек. Мен де соған сенімдімін. Ақ үй енді Украина әскерінің Қырымдағы Ресей объектілеріне соққы жасағанына да қарсы емес.
"Настоящее время": Ресей ядролық қаруды қолданбайтынына сенімдісіз. Не себепті бұлай дейсіз?
Бен Ходжес: Бұл бәрін алаңдататын негізгі сұрақ болса керек. Ядролық қарудың екі түрі бар екенін еске салайын. Біріншісі – стратегиялық. "Доктор Стренджлав" фильмін көрген болсаңыз, онда құрлықаралық ракеталар бар, АҚШ сонымен соққы беруі керек болады. Қарудың мұндай түрі Ресейде бар және ол үлкен көлемде. Оны аз адамнан тұратын топ қадағалайды. Оны қолдануы екіталай. АҚШ-қа ядролық соққы жасаса, тура сол соққыға өзі ұшырайды. Бұдан ешқандай пайда жоқ. Мұндай жағдай бола қоймайды.
Ядролық қарудың екінші түрі – тактикалық. Оның жарылыс ауқымы Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан едәуір аз. Оны қолдану үшін көп адамнан тұратын тізбек керек. Қоймадан оқтұмсықты шығарасыз, оны ұшаққа не өзге де жүйелерге орнатасыз. Яғни тізбекте өте көп адам бар, соның бірі "Жоқ, біз бұған бармаймыз" деп айтуы мүмкін. Сондай-ақ оған көп уақыт кетеді. Ал біз олардың мұндай жоспары барын біліп қоямыз.
"Настоящее время": Бірақ бір жыл бұрын басқыншылық соғыстың қисынын келтіру қиын еді ғой? Оның үстіне, Владимир Путиннің шешім қабылдарда қандайда да бір логикаға сүйенер-сүйенбесін де анық білмейміз.
Бен Ходжес: Әрине, бір жыл бұрын олар қатты қателесті. Киевке қырғиқабақ соғысы кезінде Будапешт пен Прагаға кіргендей кіреміз деп ойлады. Өз мүмкіндігін әсіре бағалап қойды, Украинаның әлеуетін дұрыс болжамады. Олар сондай-ақ Батыс [Ресейді] жауапқа тартуға одан әрі де құлықсыз болады деп ойлады.
Қазір Кремль қателескенін түсініп-ақ отыр. Бірақ жауапкершіліктің бір жүгі біздің де мойнымызда. Өйткені Грузияға басып кіргенде, біз Ресейді жауапқа тартпадық.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғысқа "Леопард" араласпақ. Немістің бұл танкісі несімен мықты?Ядролық қару туралы тағы бір нәрсені айтқым келеді. Президент Байден Ресей ядролық қару қолданса, салдары ауыр болады деп ескертті. Меніңше, Мәскеу оған сенді. Қытай да бұл қадамға бармауға үндеді. Соғыс алаңында ядролық қару ешқандай артықшылық бермейді. Сол себепті мен ол осы қаруды қолданатынына сенбеймін. Путин зұлым. Бірақ ол ақыл-есінен адаспаған. Өзіне қол жұмсамайды. Пандемия кезінде үстелде кеңесшілерінен 10 метр қашықта отырғанын еске түсіріңіз. Өмір сүргісі келмейтін адамға ұқсамайды.
"Настоящее время": The Washington Post газетіндегі мақалаға оралсақ. Онда "Украинаға берілген қару – соғыс бағытын өзгертуге жақсы мүмкіндік" деп айтылған. Мұны көмек ерте ме, кеш пе тоқтайды деп ұғуға бола ма?
Бен Ходжес: Мұның бәрі АҚШ Конгресінің қолдауына байланысты. Өйткені мұндай қаражатты бөлуді Конгресс қана мақұлдай алады. Қуанышқа орай, республикашылдар да, демократтар да мұны қолдап отыр. Иә, "бізге мұның қажеті не?" деп айқайлап отырған он шақты адам бар. Бірақ бұл – шағын топ қана. Ал Конгресте 435 адам бар. Бірақ мен конгрессмендердің едәуір бөлігі әскери көмекті қолдайтынын көріп отырмын. Егер АҚШ осы бағытынан таймаса, "Рамштайн" тобына кіретін қалған 50 мемлекет одан әрі көмек бере береді.
Бірақ, жалпы алғанда, Украинаға қажеттің бәрін бере алсақ, соғыс биыл-ақ аяқталуы мүмкін.
"Настоящее время": Жойғыш ұшақтардың артықшылығы туралы айтып тұрсыз ба? Киев қазір [осы ұшақтарды] сұрап отыр.
Бен Ходжес: Жоқ, мәселе ұшақтарда ғана емес. Менің айтып отырғаным – дәлдігі жоғары алысқа ұшатын қару. Ұшақ – соның бір бөлігі ғана. Алыстағы нысанды дәлдей алу, қоймалар мен көлік инфрақұрылымдарын, штабтарды жою мүмкіндігіне назар аударыңыз. Осы үшеуін нысанаға ала алсаңыз, Ресейдің жаяу әскерінде қанша адам бары маңызды болмай қалады. Бұл сондай-ақ Қырымды Ресей әскері үшін өте қауіпті етеді.
"Настоящее время": Киев сұрап отырған қару [Батыс елдерінде] бар ма?
Бен Ходжес: F16 ұшағын, Grey Eagle секілді дрондарды айтып отырсаңыз, иә. Диаметрі аз, жерден ұшырылатын, бірақ 150 шақырымға ұшатын қару жақын арада жетіп қалады. 300 шақырымға ұшатын ATACMS баллистикалық ракеталары бар. Міне, осы қару қазір жетпей тұр. Оны HIMARS секілді жүйелерден ұшыруға болады. Бірақ соған балама басқа жүйелерді қарастыруға болады. Сол себепті қарудың түріне емес, мүмкіндіктеріне назар аударған жөн.
"Настоящее время": Қырымды қайтармай, бұл соғыс аяқталмайды дейсіз. Мұндай жағдайда қарымта шабуыл тұрғысынан Украинаның стратегиясы қандай болуы керек?
Бен Ходжес: Қырымның соғысты аяқтауда шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Украина Донбассты, Донецкіні, Луганскіні, бәрін қайтарып алып, бірақ Қырымда Ресей тұрса, келіссөз нәтижесінде Ресей үш-төрт жыл күтіп, Батыстың Украинаға деген қызығушылығы әлсірейді деп үміттенуі мүмкін. Осы арада олар әскерін қайта жасақтап, Қырымды Украинаға жаңа шабуылмен кіруге алаң ретінде пайдалануы ықтимал. Олардың онда логистикасы, ракеталары, ұшақтары мен дрондары бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Украинаға қауіп төніп тұра береді, Қара теңіз жағалауы қауіпті болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Украин болсам, орыстардың шабуылдағанын күтер едім". Лоуренс Фридманмен сұхбатЭкономикалық жағы да бар. Ресей Қырымды бақылауында ұстаса, Украинаға экономикасын қалыпқа келтіру қиынға соғады. Өйткені Ресей Азов теңізіне кірер жолды бөгеп тұрады. Ал бұл дегеніңіз Бердянск пен Мариупольдің қираған күйі қала беретінін білдіреді. Ал Одесса Севастопольден 300 шақырым жерде. Ресей ол жердегі сауданы да бақылай алады. Қазір ондағы портта астық жүктелген 100 кеме Ресей инспекторының мақұлдауын күтіп, теңізге шыға алмай отыр.
Осы себепті Қырымды қайтару керек болады. Оған қалай қол жеткізеді? Картаға қарасаңыз, Ресейді Қырыммен екі жол қосып тұр. Бірі – Керчен көпірі. Оған украиндер бір рет соққы жасаған, алда тағы оралады деп ойлаймын. Екіншісі – Ростов, Таганрог, Мариуполь және Мелитополь арқылы Қырымға шығатын жол. Осы екеуін үзіп тастаса, Қырым тұзаққа айналады. Ал одан кейін қаруды тақап қойып, Севастополь, Саки және Жанқойдағы Ресей базаларын атқылай беруге болады. Ресей ол базаларды пайдалана алмай қалады. Осылай істеу керек. Бірақ Украинаға алысты дәлдейтін қару бермесе, бұл жоспарым жүзеге аспайды.
"Настоящее время" сайтындағы сұхбаттың ықшамдалған нұсқасы.