Қырғызстанның барлық алты президенті шетелде бас қосты. Жұрт мұны қалай қабылдады?

Қырғызстанның президенттері бейнеленген коллаж. Солдан оңға қарай: Асқар Ақаев, Құрманбек Бәкиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков және Садыр Жапаров.

Сенбі, 18 ақпан күні Қырғызстан президент Садыр Жапаров елдің бұрынғы президенттерінің басын қосқанын мәлімдеді. Президент баспасөз хатшысының сөзінше, кездесу "бейтарап жерде" өткен. Басқосу Қырғызстанда қызу талқы тудырды.

Қырғыз президенті баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаевтың сөзінше, жиынға Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев, Құрманбек Бәкиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев және Сооронбай Жээнбеков қатысқан.

"Белгілі себептерге байланысты кездесу бейтарап жерде өтті" деп жазды Сұлтанбаев.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің сенімді дереккөздері кездесу Дубайда өткенін айтып отыр.

Басқосу жайлы Қырғызстанның қазіргі президенті Садыр Жапаровтың өзі де жазды. Ол елдің бұрынғы басшыларын бір үстелге отырғызғанын, бұл қадамға елдің бірлігі үшін барғанын, қатысушылар бастаманы қолдағанын айтты.

"Әрине, елдің бірінен кейін бірі билікке келген басшылары ащы сөздерді айтты. Өкпе-назын білдірді. Олар кемшілігін мойындады. Бастысы, бір-бірін кешіре білді. Менің көздегенім де осы еді. Жалпы жеті аймақпыз. Ой-қиялым осы әрбір президенттің артында тұрған елді бір бағытқа жұмылдыру, саясатты тастап, елдің өркеюі мен экономикасының дамуы жайлы ой жүгірту еді" деп жазды Жапаров.

Жақында қамаудан босаған Алмазбек Атамбаевтың да жиын жайлы пікірі жарық көрді. Оның сөзін "Социал демократтар" партиясының төрағасы Темірлан Сұлтанбеков жариялады.

"Елде бейбітшілік пен бірлікті орнату мен Бәкиевтердің Қырғызстанға оралуы – екі бөлек нәрсе" дейді Қырғызстанның жақында қамауда босаған экс-президенті Алмазбек Атамбаев.

Атамбаев кездесу өткенін растады, бірақ оған бұрынғы президенттердің бәрі қатысатыны алдын ала айтылмағанын, елдің бірлігі мен Бәкиевтердің Қырғызстанға оралуын бөлек қарау керегін мәлімдеді.

"Мен де елдегі бейбітшілік пен бірлікті қолдаймын. Ол туралы айттым да. Президент Жапаровтың оң ниетін бағалаймын. Бірақ соңында ағылшындар әдебімен ешкіммен қоштаспай кетуіме тура келді. Алда қажет болса, егжей-тегжейлі айта жатармын.

Елде бейбітшілік пен бірлікті орнату мен Бәкиевтердің Қырғызстанға оралуы – екі бөлек нәрсе. Екеуін қабыстыру мүлдем басқа нәтиже береді. Қан көп төгілді. Көп нәрсе ұмытылмайды, ұмытылмауы да керек. Кінәлілер жауап беруге тиіс. Ең әуелі қаза тапқандардың туыстары кешірсін. Президент Садыр Жапаров менің сөзімді естіп, дұрыс шешім шығарады деп үміттенемін" деп келтірді Атамбаевтың сөзін Темірлан Сұлтанбеков.

Атамбаевтың сөзінше, оны Садыр Жапаров пен елдің мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі ұлттық комитетін басқаратын Қамшыбек Тәшиев қатысатын оңаша кездесуге шақырған.

КЕЗДЕСУДІ ЕЛ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

Қырғызстанда бұл шара қызу талқы тудырды. Жапаровтың бастамасын қолдағандар да, кездесудің құқықтың жағын қозғағандар да бар.

Саясаткер, қоғам қайраткері Бекболат Талғарбеков Жапаровтың бұл қадамын "тарихи шешім" деп бағалады.

"Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиевтен мұндайды күтпеген едім. Бірақ бұл екеуі азаматтық танытып, тарихи қадам жасады. Президенттер мен олардың артында тұрған электораттың жұмылуы елдің ынтымақта болуына ықпал етеді. Биліктен кеткен мемлекет басшыларына бағаны тарихшылар мен тергеушілер бере жатар. Бізде бұрынғы президенттерді қоғам да, интеллигенция өкілдері де сынап жатады. Президентті билік басында отырғанда сынап, қызмет кеткен соң үнсіз қалу – кеңпейілдік. Мен Ақаевпен жұмыс істедім. Бәкиев билік басында болғанда оны қатаң сынадым. Бірақ ол биліктен кеткен соң, оған қарата бір сөз айтпадым. Атамбаевтың тұсында радикал оппозицияға қосылып, сол үшін 3,5 жыл түрмеде отырдым. Бірақ Атамбаев кеткен соң, үндемедім" дейді саясаткер.

Ақаевтан кейін билікке келген Құрманбек Бәкиев 2010 жылғы төңкеріс кезінде отбасымен бірге Беларусьқа қашқан. Бішкек соты оны сырттай соттап, көтеріліс кезінде қаза тапқан 100-ге тарта адамның өліміне кінәлі деп таныған.

Қоғам қайраткері Алмазбек Ақматәлиев бұрынғы президенттер жолыққанын жақсы нышан деп қарайтынын айтады. Бірақ оларды ел кешіре ме, жоқ па – мәселе сонда дейді ол.

"Қырғызстанның президенттері жолығып, жаман-жақсы айтысса да, бір-біріне наразы болса да, Қырғызстанның келешегі үшін бір-бірімізді кешірейік деген мәселені көтергені, қай жағынан алса да – жақсы нышан. Ал оларды әрбір азамат кешіре ме, жоқ па – ол басқа мәселе. Президент Садыр Жапаров бұл қадам туралы жазғанында "менің бұрынғы президенттерге өкпем де жоқ, олардың алдында міндетті де емеспін" дегені онсыз да көп нәрсені түсіндіріп тұр" дейді Алмазбек Ақматәлиев.

Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі, саясаткер Исмаил Исаков президенттің бірлік орнату жөніндегі талпынысы қолдауға лайық, бірақ бұл қалай жүзеге асқаны заңға сай емес дейді.

"Өйткені бұрынғы президенттердің кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, олар сотқа тартылған. Оларды ақтамай жатып, сот дәлелденді деп тапқан қылмыстарын жоққа шығармай жатып, оларға шай бергені заңға қайшы. Құрманбек Бәкиев жүзге тарта адамды аттырған деп айыпталып, сырттай жауапқа тартылған. Заң бойынша, оны Қырғызстанға әкеліп, қамауы керек еді. Ақсы оқиғасында елді атуға бұйырған деп айыпталған Асқар Ақаевқа былтыр "қылмыс мерзімі өтті" деп, басқа деп, сот шешімін шығарып берді. Мейлі, оны шақырып, шай бере қойсын-ақ. Бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталған Алмазбек Атамбаев Батукаев ісі бойынша айыпталып, қамалған. Істі қайта қарауға жіберіп отыр. Бірақ айып әлі алынған жоқ. Осы жағдайларға көз жұмып, "біріктіру мақсатында бәрін жолықтырдым, бір-бірін кешірді" деуі дұрыс емес. Құқықтық жағынан алғанда, тіпті дұрыс емес. Құқық нормасына сай келмейді. Олай болса, конституциядағы "Қырғызстан – құқықтық мемлекет" деген жазуды алып тастау керек. Президент Жапаровтың бұл қадамын заң үстемдігі орнаған елдер, халықаралық қауымдастық құптамайды" дейді Исмаил Исаков.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікті нығайту ма, жемқормен күрес пе? Қырғызстанда бұрынғы басшылар ұсталып жатыр

Жогорку кеңештің бұрынғы депутаты Өмірбек Әбдірахманов бәрін бір жерге жиғаннан ел дамып кетпейді дейді

"Феодалдық өмірдің үлгісімен бәрін бір жерге шоғылдырып, қосып қойсақ, ел дамып, біріге кетеді деп ойлау қате. Одан Қырғызстан бірігіп, дамып кетпейді. Мұндай жиындар бұрын да болған. Премьер-министр алдыңғы үкімет басшыларын, спикер өзіне дейін жұмыс істегендерді жинамаған ба еді?! Осы үстелде басқа қай президент салмақты реформа жүргізіп, елді дамытты? Біреуінің есте қалар реформасы жоқ" дейді Өмірбек Әбдірахманов.

Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов қырғыз басшылары бір жерге жиналғанына таңғалғанын айтады.

"Бір-біріне "өкпе-назын" айтқан бұрынғы президенттердің көңілі қалай толқығанын елесте де алмаймын... Енді Жапаров Қырғызстандағы төңкерістер "тізбегін" бұзуға әрекеттендім деп айта алады" деп жазды ол.

1991 жылы Совет Одағы ыдырағанда тәуелсіз ел атанған Қырғызстанды алты президент басқарды. Елдің бірінші президенті Асқар Ақаев 2005 жылғы "Қызғалдақ төңкерісінде" биліктен кетті. Оның үстінен жемқорлық жөнінде іс қозғалып, ол Мәскеуде пана тапқан. Биыл 13 қаңтарда қырғыз бас прокуратурасы Ақаевтың үстінен қозғалған істердің мерзімі өтіп, жабылды деп мәлімдеді. Ақаев 2021 жылдан бері Бішкекке бірнеше рет барып, жемқорлық жөніндегі тергеудің сұрақтарына жауап берген.

Ақаевтан кейін билікке келген Құрманбек Бәкиев 2010 жылғы төңкеріс кезінде отбасымен бірге Беларусьқа қашқан. Бішкек соты оны сырттай соттап, көтеріліс кезінде қаза тапқан 100-ге тарта адамның өліміне кінәлі деп таныған.

Қырғызстанның бұрынғы президенті, БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілі Роза Отунбаева БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ауғанстандағы жағдай бойынша баяндап отыр.

2010-2011 жылдары елді басқарған Отунбаева саясатта белсенді болып, былтыр БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі арнайы уәкілі болып тағайындалды. Төңкерістен кейін аралық президент атанған Отунбаева 2011 жылы жаңа сайлау ұйымдастырылған соң, президент міндетінен босады.

Жуырда қамаудан шығып, Испанияға емделуге кеткен Алмазбек Атамбаев елді 2011-2017 жылдары басқарды. Ол қызметінен кеткен соң президент кезінде қылмыс әлеміндегі авторитет Әзиз Батукаевты заңсыз босатты деп айыпталып, 11 жылға сотталған.

Атамбаевтың ізбасары Сооронбай Жээнбеков 2020 жылы үкіметке қарсы наразылық кезінде президенттіктен кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тарихта халқына оқ атқан президент ретінде қалғым келмейді". Жээнбеков биліктен кететінін жариялады

Қырғызстанда Орталық Азиядағы өзге елдерге қарағанда сөз еркіндігі мен пікір алуандығы жоғары саналады. Бірақ 2020 жылғы қазандағы наразылықта билік басына Садыр Жапаров келді. Құқық қорғаушылар Жапаров келгелі сөз еркіндігі шектеле бастағанын айтып жүр. Соның мысалы ретінде олар былтыр тамызда қабылданған "Жалған ақпараттан қорғау туралы" заңды айтады.

2022 жылғы сәуірде Human Rights Watch ұйымы қырғыз билігін журналистерді қудалауды тоқтатуға үндеген. Ел билігі бірнеше журналистің үстінен қылмыстық іс қозғаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметі