Өткен аптаның соңында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің бұрынғы президенттерімен кездесті. Бұл жиын қырғыз қоғамын ғана емес, сол кездесуге қатысқандардың кейбірін де таңғалдырған. Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында елдің экс-басшысы Асқар Ақаев Дубайдағы басқосуға Садыр Жапаровтың өзі шақырғанын айтты. Барған кезде ол жерде елдің бұрынғы басшылары да болған.
Азаттық: Қырғызстанда экс-президенттердің мемлекеттің қазіргі басшысы Садыр Жапаровпен кездесуі қызу талқыланып жатыр. Түрлі пікір бар, сынап жатқандар да кездеседі. Дүйсенбі күні сіз мәлімдеме жасап, бастаманы қолдайтыныңызды білдірдіңіз. Кездесу қашан және қайда өтті? Кім ұйымдастырды, онда не айтылды?
Асқар Ақаев: Маған 14-15 ақпан күндері хабарласты. Президенттің өзі жүгінді, Дубай ұшып келуімді өтінді. Сөйлескісі келетінін айтты. Президент шақырса, міндетті түрде бару керек. Барсам, сюрприз. Бұрынғы президенттердің бәрі жиналыпты. Президент Садыр Жапаров негізгі мақсат елдегі тұрақтылықты сақтау, халықтың бірлігін бекемдеу деді. Ол халықтың "ақаевшылар", "бәкиевшілер" және басқалар болып бөлінетінін, мұның ел дамуын тежейтінін айтты. Бәрімізді бірлікке, тұрақтылықты қолдауға шақырды. Елде экономиканың дамуына жақсы жағдай жасалып жатқанын, елге жақсылық жасау қажетін айтты. Жақсы бастама көтерді, үлкен мақсат қойды. Бәріміз оны қолдадық. Мен "мұныңыз әбден дұрыс" деп ерекше қолдадым. Қалған экс-президенттер де қолдады.
Азаттық: Сіз барлық президент қолдады деп отырсыз. Алайда Алмазбек Атамбаев жиынға кімнің қатысатынын білмегенін, оны президент Садыр Жапаров пен мемлекеттік қауіпсіздік жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Қамшыбек Тәшиевпен кездесуге шақырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол ешкіммен қоштаспай кетіп қалғанын айтты. Солай болды ма? Сіз экс-президенттер бас қосатынын білдіңіз бе, әлде сізге де күтпеген оқиға болды ма?
Асқар Ақаев: Біріншіден, бұл бәрімізге күтпеген жағдай болды. Мені де президент шақырды, ақылдасу керек еді деді. Бірақ бір-екі күн бұрын Атамбаевтың Испанияға емделуге Дубай арқылы ұшатынын білдім. Менің қолымда да Дубайға билет және виза болды. Бәлкім ол жерде бұрынғы президенттерді жинап жатқан болар деген ой келді. Мен мұны жақсы қабылдадым. Қырғыздарда бұл – ата-бабадан қалған жақсы дәстүр. Президент осындай деңгейге көтеріле отырып, өзі шақырған екен, міндетті түрде қабыл алу керек болды. Ешқандай теріс ой болмады. Бардық, қолдадық. Тарихи оқиға болды.
Азаттық: Кездесу қатысушыларының бәрі қолдау білдірді деп айтуға бола м?
Асқар Ақаев: Жауапкершілік жүгін сезіне отырып айтайын. Барлығы соңына дейін отырды, тамақ ішіп, Садыр Жапаровтың бастамасын қолдады.
Азаттық: Бірақ Атамбаев ерте кеткенін айтып отыр ғой...
Асқар Ақаев: Барлық президент, оның ішінде Атамбаев та соңына дейін отырып, Садыр Жапаровтың бастамасын қолдады. Барлығы бірдей елдің бірлігі мен тұрақтылығын қолдап, елдің жарқын болашағы үшін үлес қосуға дайындығын білдірді.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: Кездесудің мақсаты қандай еді? Қандай нәтиже берді?
Асқар Ақаев: Меніңше, бұл өте жақсы оқиға болды. Ата-бабамыздан қалған дәстүр. Осы кездесуді ұйымдастыру арқылы [Садыр Жапаров] парасатын көрсетті. Барлық президенттің алдыңғы адамға өкпесі болады. Онсыз болмайды. Бірақ Садыр Жапаров жеке араздықтан биік болып, бәріміздің басымызды қосты, ел еркіндігі мен мемлекет тұрақтылығы жайлы ойын бөлісті. Бұл – президенттің конституциялық міндеті. Сол себепті жақсы оқиға болды деп ойлаймын. Қоғам, интеллигенция, соның ішінде журналистер мұның жақсы жағын көре білуі керек. Егер тек жаманды көрсе, ұлт ретінде, мемлекет ретінде көтеріле алмаймыз.
Азаттық: Қолдайтындар да, сынап жатқандар да бар. Мәселен сын бұрынғы президент Құрманбек Бәкиевке қарата айтылып жатыр. Ел ол басқарған тұстағы оқиғаларды еске алуға көшті. Бұрынғы президенттердің Қырғызстанға оралуы жайлы мәселе көтерілді ме?
Асқар Ақаев: Жоқ, президент бұл мәселені көтермеді. Осыған дейін айтқанымдай, оның мақсаты ел тұрақтылығы мен бірлігін нығайты, төңкерістер мен революцияларды тоқтату. Ол басымыздан бірнеше төңкеріс пен революция өткенін, бұдан елдің дамып кетпегенін, халық жағдайы жақсармағанын айтты. Сол себепті "жақтастарыңызға жүгініңіздер, бірлікке үлес қосыңыздар, қазір жақсы жағдай жасалып отыр, соны пайдаланып, экономиканы дамытыңыздар" деді. Ол Қырғызстанға бұрынғы басшыларды қайтару мәселесін қозғамады. Бұл сұрақты талқылаудың қисыны да жоқ. Әр президент өзі шешетін мәселе. Өзім жайлы айтар болсам, былтыр [Қырғызстанға] екі рет келіп, құзырлы органдардың сұрағына жауап бердім. Садыр Жапаров сол [тергеудің] арқасында маған қарсы істердің жабылғанын, заң алдында таза екенімді, Қырғызстанға еркін сапарлай беруіме болатынын айтты. Өзге бұрынғы президенттер де мәселесін дәл осылай заң жүзінде шешуі керек.
Азаттық: Президент Садыр Жапаров бұрынғы президенттердің бір-біріне ауыр сөздер айтқанын, сондай-ақ қателіктерін мойындағанын, бір-бірін кешіргенін айтты. Президенттер бас қосып, бір-бірін кешіре салған жеткілікті ме? Кеткен қателікті, адам құқығының бұзылғанын, жемқорлықты, туыстардың мемлекеттік басқаруға араласқанын, қантөгісті кешіретін халық емес пе?
Асқар Ақаев: Бұл мәселе жөнінде әрбір экс-президент жеке шешім қабылдауы керек. Былтыр екі рет барғанымды айттым. Құзырлы органдармен 20 күн жұмыс істедім. Содан кейін халыққа үндеу жолдап, кешірім сұрадым. Құлақ асқандар да болды, құлақ аспағандар да болды. Әр президент өзі шешеді. Кейбірі өзін кінәсіз деп санайды.
Азаттық: Сіздің үстінен қозғалған "Құмтөр" ісі былтыр жабылды. Бірақ сіз басқарған жолдары одан бөлек қан төгілген "Ақсы оқиғасы", "Сәуір оқиғасы" болды. Сондай-ақ кісі қазасына әкелген оқиғалар жөнінде Атамбаевтың үстінен де іс қозғалған. "Ош оқиғасы" бар. Бұрынғы президенттер шешімінің артында құқықтық және моральдық жауапкершілік бар. 31 жыл бұрын болған оқиғаның жауапкершілігін кім көтереді?
Асқар Ақаев: Әр президент жеке жауап береді. Бәрін бірге шешу мүмкін емес. Президент Садыр Жапаров мұндай мәселені көтермеді. Ол әрбір адам өз мәселесін заң аясында жеке шешетінін айтты. Ол біздің мәселемізді шешетінін айтпады. Тек барлығымызды бірлікке шақырды. Президент миссиясын жақсы орындады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстанның барлық алты президенті шетелде бас қосты. Жұрт мұны қалай қабылдады?