Халықаралық әйелдер күні Алматыда әйел құқықтарын қорғауды талап еткен митинг өтті. Шараға жүздеген адам қатысты.
Жиын қала орталығынан алыста, 200 адамның жиналуына мүмкіндік беретін Ганди саябағында өтті. Феминистердің бұдан бұрынғы шаралары қаланың орталығында, 1000 адам жинауға болатын Шоқан Уәлиханов саябағында өтетін.
Жиынға қатысқан жұрт елде әйелдерге зорлық-зомбылық көп жасалатынын, билік те, қоғам да әйел проблемаларына салғырт қарайтынын айтты. Олар заң талаптары мен қоғам көзқарасын өзгертуді, соның ішінде жоғары лауазымды қызметтерге әйелдерді көп тағайындауды талап етті.
Белсенділер мен құқық қорғаушылар көп жылдан бері тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызып, оны бөлек қылмыс түрі етіп қарастыруды талап етіп келеді. Митингіге жиналған жұрт осы талапты тағы қайталады және сексуал әлімжеттік туралы заң қабылдауды сұрады.
Белсенділер бірнеше қайтара талап қойып, Халықаралық әйелдер күні маршқа рұқсат талап еткен "митинг үшін митинг" ұйымдастырғаннан кейін ғана әкімдік осы жиынға келісім берген. Бұл жолғы шараны ұйымдастырушылар "Дене автономиясы, сексуал зорлыққа қарсылық" деп атады. Бұл жолы да билік жиналған жұрттың Шевченко көшесімен орталыққа қарай шерулетіп жүруіне рұқсат бермеді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, тұрмыстағы зорлық – Қазақстандағы ең күрделі мәселе. Жыл сайын полицияға үйдегі зорлық жөнінде 100 мыңға жуық арыз түседі, арызданушының басым бөлігі – әйелдер. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың 10 айында денсаулыққа орта және ауыр жарақат салу бойынша 794 іс қозғалған, 93 әйел қаза тапқан. Биыл жыл басынан бері отбасындағы кикілжің салдарынан 18 адам мерт болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Өлтіру керек!" деп шулады". Бір топ ер адам Қарағандыдағы феминистер шарасының шырқын бұздыҰлттық құндылық, ЛГБТ құқығы һәм "Еуропарламент алдында ақталу". Әйелдер маршын қоғам қалай бағалады?Алматыда "Әр әйел – жалғызым" ұранымен белсенділер шеруге шықты