НАРАЗЫЛЫҚТА БІРІНШІ, ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРИЯЛАҒАНДА ЕҢ СОҢҒЫ
1953 жылы наурызда Мюнхенде құрылған Азаттық радиосының жыл сайын желтоқсандағы тақырыптарының бір ерекшелігі бар. Желтоқсан – Қазақстанның саяси тарихы үшін ерекше ай.
1917 жылы Алашорда ұлттық-аумақтық автономиясының құрылуы да, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да осы айға дөп келді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін де желтоқсанда жариялады.
Совет Одағы мен большевиктер билігін мойындамаған эмиграциядағы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың туған күні мен қайтыс болған күні де осы желтоқсан айында. Мұстафа Шоқайдың өз дауысын бүгінге жеткізген Азаттық радиосы Алашорда автономиясы және Түркістан (Қоқан) автономиясы туралы да желтоқсанда үзбей хабар беріп отырған. Бұл – басқа айларда осы тақырыптар қамтылмады деген сөз емес.
Дегенмен 1991 жылы Қазақстан көп күттірген тәуелсіздігін жариялаған кезде желтоқсан Азаттық радиосының эфирінде ең көп аталатын айға айналды.
1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы Совет Одағы ыдырайтын қарсаңдағы наразылықтың басы болғанымен, Қазақстан тәуелсіздігін одақтағы елдердің ең соңынан жариялады.
Подкасты тыңдаңыз:
Your browser doesn’t support HTML5
"ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРИЯЛАУДАҒЫ ТАРТЫНШАҚТЫҚ БІЗДІ ҮРЕЙЛЕНДІРДІ"
Азаттық радиосының сол кездегі директоры Хасен Оралтай Қазақстанның соншалық кешігіп тәуелсіздік жариялауын ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тартыншақтығынан көреді. Ол "Елім-айлап өткен өмір" деген естелік кітабында былай дейді:
"...ол кісінің Колбиннің орнына партияның бірінші хатшысы, кейін президент болған соң, алғашында Қазақстанның егемендігін, кейін толық толық тәуелсіздігін жариялау ісіндегі тартыншақтығы бізді үрейлендіріп, "әкем-ау, іргедегі шағын елдер де толық тәуелсіздігін жариялағанда, Қазақстан неге жасқануда?" дегізіп, жігерімізді құм қылған-ды. Өйткені КСРО-ның бұрынғы одақтас республикаларынан ұлттық тәуелсіздігін жарияламаған жалғыз ғана Қазақстан қалған кез болды. Сөйтіп тұрғанда, Белоруссия мен Украина және Ресей басшылары өзара жиналып, КСРО таратылғанын мәлімдеді. Бірақ сонда да, яғни жалғыз өзі жұртта қалғандай болса да, Қазақстан өз тәуелсіздігін дереу жарияламады. Ол бізді шынында да аса үрейлендірген болатын...".
Бұған дейін Ресейдің өзі де одақтан дербес кеткенін мәлімдеп қойған. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң, Совет Одағы іс жүзінде ыдырап тынды. Оны құжатқа түсіріп, қағаздастыру бар болғаны бір аптаға созылды. 70 жылдан аса мызғымастай көрінген одақ желтоқсан айында келмеске кетті.
Одақ ыдыраған соң, бұрынғы одақтас елдер шекарасы өзгеріссіз қалатынын және одақ құрдымға кеткенін, ТМД-ны құру идеясын жария еткен "Алматы декларациясына" да желтоқсанда қол қойылды.
16 ЖЕЛТОҚСАН КҮНГІ ЭФИР
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсан күнгі Азаттық радиосының эфирге жоспарланған бағдарлама анонсы былай хабарланған.
- Алматыдан телефон арқылы келіп түскен күнделікті жаңалықтар;
- қазақ ғалымының Ленин жөніндегі көзқарасы;
- Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған тізбекті сұхбаттың жалғасы;
- басқа да өзекті мәліметтер.
1991 жылғы 16 желтоқсан күні Азаттық радиосы хабарларының кешкі эфирі аяқталғанға дейін Қазақстан тәуелсіздігін жарияламаған еді. Алайда күнделікті жаңалықтар бөлімінде радио бұл мәселеге де тоқталып өтеді. Сондағы ең басты сұрақ Қазақстан тәуелсіздігін жариялай ма, жарияламай ма дегенге саяды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 1991 жылғы БАҚ Тәуелсіздік заңы туралыБұл кезде Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі жұмыс істейтін.
Тілші Қиял Сабдалин 16 желтоқсан күні түс ауа Алматыдағы парламент үйінде Жоғарғы кеңес тәуелсіздік жариялауға негіз болатын Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң жобасын талқылауды бастағанын хабарлайды. Соңынан Азаттықтың директоры Хасен Оралтай мен Қиял Сабдалиннің телефон арқылы болған тікелей эфирдегі диалогында тілші 16 желтоқан күні, ұзаса, 17 желтоқсаннан қалмай тәуелсіздік жарияланатынын, оған еш кедергі жоғын айтады. Қиял Сабдалин сол сәтте, яғни Алматы уақыты бойынша сағат 17.30 шамасындағы отырыста депутаттар "Тәуелсіздік туралы" деп аталған заңның ескертулер мен ұсыныстар енгізілген екінші нұсқасын талқылап жатқанын хабарлайды.
Арада екі сағат өтер-өтпесте осы құжат қабылданып, Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданады.
ЕСТЕЛІККЕ АЙНАЛҒАН ЭФИР
Қазақстан депутаттары тәуелсіздік туралы конституциялық заңды қабылдаған сәтте Азаттық радиосының кешкі эфирі аяқталып қойған еді. Азаттық Қазақстан тәуелсіздік алғанын 17 желтоқсан күнгі таңғы эфирінде хабарлайды. Эфирде "Тәуелсіздікті мақұлдап 270 депутат дауыс берсе, 12 депутат қарсы болған. Екі депутат қалыс қалып, үш депутат дауыс беруге қатыспаған" деп хабарланады.
Бұл құжатты қабылдаған Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің 12-шақырылымында 360 депутат болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтың арманын көрсеткен құжат". Егемендік декларациясы қалай қабылданды?Сол күндердің әсерін Хасен Оралтай естеліктерінде де ерекше атап өтеді. Ол 16 желтоқсан күнгі кешкі ахуалды былай баяндайды.
"...Алматы уақыты бойынша кешкі 8-де, (Мюнхен уақыты бойынша 15.00-де) Қиял Сабдалы Алматыдан телефон беріп: "Аға, сүйінші! Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. 270 депутат тәуелсіздік жариялансын дегенді қостады. 13 депутат қарсы дауыс берді. Екі депутат қалыс қалды. Үш депутат дауысқа қатыспады" деді. Оны естігенде мен қуанғаннан жылап жібердім! Дереу асығыс түрде 5 минуттық бір хабар даярлап, өзім оқып Қазақстанның тәуелсіздігімен құттықтадым..." деп жазады Хасен Оралтай.
Радио директорының бұл хабары келесі күні эфирге беріледі. Онда Хасен Оралтай "Қазақстанның тәуелсіздігі 1917 жылы 13 желтоқсанда жарияланған Алашорда ұлттық үкіметінен 74 жыл кейін, 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда басталған қазақ жастарының ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған бейбіт демократиялық ереуілдерінен бес жыл кейін, желтоқсанның 16-сы күні жарияланды" деп атап көрсетеді.
Хасен Оралтай естелігінде 17 желтоқсан күні "Азаттық радиосының қазақ бөлімінде өз шамамызға қарай қабылдау өткізіп, Қазақстанның тәуелсіздігін атап өттік" деп жазады. Ол өзіне жеткен мәліметтерге сүйеніп, Қазақстандағы радио мен теледидардың тәуелсіздікті "бейне бір қарапайым колхоздың хабары ретінде айтып қана қойыпты" деп жазады. Қалай болғанда да, Қазақстан қоғамы тәуелсіздік туралы хабарды сол күні тосырқағандай қабылдағаны жасырын емес еді.
Алайда сол күннің ертесі, яғни 17 желтоқсан күні Алматының бас алаңына Желтоқсан оқиғасының бес жылдығын еске алу рәсіміне жиналған үлкен-кіші бұл қуанышты хабарды саяси мінберден де естіді.
1991 жылғы 17 желтоқсан күнгі баспасөздің де бас мақаласы Қазақстан тәуелсіздігіне арналды.
АЛДАҒЫ ЭПИЗОДТА
1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет президентті жалпыхалықтық сайлау өтіп, жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетеді. Ол тәуелсіздік жарияланған күннің ертесінде, 17 желтоқсан күні Алматының бас алаңындағы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған аталмыш жиында сөз сөйлейді. Оған басқа да көп белсенді қатысып, сөз арасында талап-тілегін де білдіреді. Ал президент өзін Желтоқсан оқиғасының жоқтаушысы ретінде көрсетуге тырысады. Шын мәнінде солай ма? Ол қол қойып қабылдаған жарлық көптің көкейінен шықты ма? Бұл туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасының алдағы эпизодтарының бірінде айтылады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Желтоқсан оқиғасына саяси баға беру, халықты қуғын-сүргінге салғандарды жауапқа тарту талабы неге аяқсыз қалды?Желтоқсан-1986. Совет билігі қанға бөктірген бейбіт шеру"Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін. Азаттық радиосының 70 жылдығы