"Жуық арада Қазақстан "Талибан" үкіметінің дипломаттарын қабылдайды". 15 сәуірде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен кездескеннен кейін "Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған) үкіметі жетекшісінің орынбасары Абдул Ғани Барадар осылай деп мәлімдеді.
"Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қазақстан бұрыннан бері Ауғанстанмен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтты және осы қатынасты нығайту мақсатында жуық арада Қазақстан жаңа ауған дипломаттарын қабылдайды" деп жазған "Талибан" үкіметі жетекшісінің орынбасары Twitter-де.
Ондағы ақпаратқа қарағанда, 15 сәуір күнгі кездесу кезінде тәліптер мен Қазақстан жағы "саясат, экономика, сауда, көлік, теміржол бойынша және өзге бастамаларды" талқылаған.
TOLOnews агенттігінің жазуынша, кездесу кезінде Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі мен консулдығының жұмысын жандандыру мәселесі де сөз болған.
"Талибан" қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ауғанстанда тәліптер 2021 жылғы 15 тамызда билікке келді. Алайда әлі күнге "Талибан" билігін ешқандай мемлекет ресми түрде мойындаған жоқ. Дегенмен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан дипломатиялық арналар арқылы осы елмен байланысты дамытуға тырысып келеді.
2021 жылы қазанда президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі арнайы уәкілі Ержан Қазыханов жетекшілік еткен қазақстандық делегация Кабулға барып, тәліптермен кездескен. Артынша Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберетіні белгілі болды.
Қазақстандық дипломаттардың әрекеті әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Атап айтқанда, кей сыншылар Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберуді терроризмді қаржыландыру деп бағалаған.