Астанада Жаңаөзеннің наразы мұнайшылары мен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы, энергетика, еңбек министрліктері және "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры өкілдері арасындағы келіссөз әлі біткен жоқ. 17 сәуірде Астанада наразы мұнайшылар мен билік арасындағы келіссөздің алтыншы раундының бірінші бөлімі нәтижесіз аяқталды.
Жаңаөзен мұнайшыларының лидері Жолмұрат Лұқпанның сөзінше, 17 сәуірде "ҚазМұнайГаз" тағы бір жекеменшік "Мөлдір Мұнай Сервис" кәсіпорнын келісім жинынына қатыстырып, оларға осы компанияға жұмысқа баруды ұсынған.
– Біз өткен тендерде сыбайластық болды деп күдіктенеміз. Әйтпесе ешқандай жедел жағдай, апат болмаса да, тағы бір "Мөлдір Мұнай Сервис" деген компанияны әкеліп, соған баруымызды сұрайды. Шамасы, "біз жұмыс ұсынып отырмыз, бармай отыр" дегенді айтқысы келетін сияқты, – дейді Лұқпан.
Мұнайшылар ашық әрі тәуелсіз комиссия құрып, тендерге қатысты зерттеу жасауды, оған журналистерді қосуды талап еткен. Айтуларынша, түрлі себеппен бұған дейін өткен кездесулер хаттамасы да берілмеген.
– Біз өмірге бір-ақ рет келеміз. Өмірімізді қатерге тігіп, ескі техникамен жұмыс істей алмаймыз. Бізге еңбек жағдайы cақталған; жұмыста киініп, шешініп, демалатын таза, жылы орындары бар; қауіпсіз заманауи техникамен жабдықталған компанияны ұсыныңыз. Бірақ сіздерде ондай жоқ. Неге бізді "Бұрғылау", Мұнайфилдсервис", "Өзенмұнайсервис" тәрізді тұрақты мекемелерге жұмысқа орналастырмайсыз. Біз еңбек өтіліміз бар, тәжірибеміз бар мамандармыз. Біз осы елдің толыққанды азаматымыз, – деді наразы мұнайшылардың бірі Нұрсұлтан Нұрымұлы.
Келіссөзде комиссия өкілдері уәж айта алмады. Олар мұнайшылар талап еткен компаниялар қызметтің мұндай түрімен айналыспайтынын жеткізді.
Сәуірдің басында "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесі тендерде жеңіліп, 100-ден аса адам жұмыссыз қалған. Жаңаөзенде жұмыс талап кеткен жүзге жуық мұнайшы 10 сәуірде Астанаға келді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап, Астананың полиция бөлімшелеріне апарған. 12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбін пойызбен Жаңаөзенге қайтарып, 10 адамды келісім жүргізу үшін қалдырған. Бірақ 12 сәуірден бері екі тарап әлі келісімге келген жоқ.
Кейін Жаңаөзенге пойызбен кетіп бара жатқан мұнайшылардың арасынан ондаған адам полициядан шыққан соң, "соққыдан бүйрегі, қабырғалары, белі ауырып жатқанын" айтқан. Бірақ полиция мұнайшыларды ұрып-соққанын жоққа шығарған.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанның батысында мұнайшылар жұмыс беруді, жалақы өсіруді сұрап, жиі ереуілге шығады. Жергілікті билік оларға ереуіл заңсыз екенін айтып, жиі ескерту жасайды әрі лидерлерін полицияға шақырады. Мәселелері шешілмеген жағдайда жұмысшылардың кейбірі аштық жариялайды, кейбірі Астанаға баруға мәжбүр.
Батыс өңірлерде бірнеше компанияның жұмысшылары ереуілдің арқасында жоғары жалақыға, жақсы еңбек шартына қол жеткізген.
Your browser doesn’t support HTML5