Наурыздың аяғында белгісіз біреулер Томск университетінде оқып жүрген 23 жастағы қазақ студенті Марғұлан Бекеновті ұрлап әкеткен. Кейін анасы ұлын Краснодар өлкесіндегі Молькин хуторындағы "Вагнер" жеке әскерінің базасынан тапқан. Анасы Альмира Бекенованың сөзінше, Марғұлан келісімшартқа қол қоймаған. Әскери киімдегі ер адам Альмираға ұлын әкетуге рұқсат бермеген. Кейін Марғұланның майданға аттанғаны белгілі болды.
Студенттің жақындары екі елдің әскери прокуратурасына, ішкі істер және қорғаныс министрліктеріне жазған арыз еш нәтиже бермегенін айтады. БАҚ беттеріндегі шудан соң "Вагнер" Марғұланның жеке әскер қатарына "өз еркімен қосылғанын" айтқан видеосын жариялады. Жақындары Марғұланды "Вагнерге" өз еркіммен қосылдым" деп айтуға мәжбүрледі деп есептейді.
Наурыздың аяғында Альмира Бекенова Томск университетінің 4-курсында оқып жүрген ұлынан хабар ала алмай, әуре-сарсаңға түседі. Бір аптадан соң ұлы "аман-саумын, бірақ қоңырау шала алмаймын" деп SMS жібереді. Альмира ұлы Марғұлан Томскіде емесін бірден түсінеді.
Марғұланның ата-анасы, туыстары наурыздың аяғынан бері Ресей мен Қазақстанның органдарына осындай ондаған арыз жазған, бірақ нәтиже жоқ.
Альмира Марғұланның Краснодар өлкесінде екенін білген соң, бірден Ресейге барған. Ол ұлы Краснодарда екенін Томскіде оқитын студенттерден білген.
– "Вагнер" қандай компания екенін білген соң, осы жаттығу орталығына қайта-қайта барып, табалдырығын тоздырды. Оған "кешіріңіз, мұнда ондай адам жоқ" деп жауап берген. Кейін "Вагнердің" базасына кіре алатын бір адамға ақша беріп, Марғұланның фотосын көрсетіп, "осы баланы қарап көрші" деп өтінген. Әлгі ер адам базаға барып, Марғұлан сонда жүргенін айтқан. Альмира алған бетінен қайтпайтын қасиетінің арқасында ұлы қайда екенін анықтады. Ал ресми органдарға жазған арыздарынан нәтиже болмады, – дейді Қазақстан қорғаныс министрлігінің зейнеткері, полковник, Марғұланның ағасы Мағжан Қаһарманов.
Альмира ұлымен қалай кездескенін ашып айтпады. Жақындарының айтуынша, ол Марғұланмен 9 сәуірде Молькиндегі өткізу пунктінде жолыққан.
– Оны бір бақылаушы автомашинамен алып келіп, сөйлесуге 5 минут уақыт берген. Марғұланды алып келген адам сөзге араласып, дұрыстап сөйлестірмеген. Марғұлан анасына келісімшартқа қол қоймағанын айтып үлгерген. Азаматтығын да ауыстырмаған. Аңдып тұрған адам сөз арасына бес тиынын қосып, сөздеріне кедергі келтірген ғой. Бақылаушы адам сөз арасында Қарағандыдан екенін айтып қалған. Альмираға ұлын алып кетуге мүмкіндік бермеген. Марғұланды сотталған адам сияқты айдауылмен алып келген ғой. Ресми түрде анасы ұлын әкетуге құқығы бар ғой. Себебі ол – басқа елдің азаматы, бұл – оның соғысы емес. Меніңше, мұның бәрі заңсыз, заңсыз ұстау, жеке әскер қатарына заңсыз қосу. Альмираның сөзінше, ұлының еңсесі түсіп кеткен, жылы киінбеген. 12 сәуірде Альмира Марғұланды майданға әкеткенін білген. Осыдан соң Марғұланның жақындары жағдайды журналистерге айта бастады, – дейді Марғұланның ағасы Қаһарманов.
Альмираның өзі Азаттықтың Сибирь. Реалии сайтының сұрақтарына жауап бермеді. Оның жақындары ана жүрегі "вагнерліктердің" Марғұланды "майданнан алып келеміз" деген ауызша уәдесіне сеніп отыр дейді.
– Осыған дейін бұлай жақын адамдарыма көмектесе алмай, қолым байланып отырмаған еді. Марғұланның әкесі – кәсіби адвокат, ол Қазақстанда Бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне, ҰҚК-ға, сыртқы істер министрлігіне, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілге қайырылды. Альмира Санкт-Петербург қаласы Невский ауданының әскери прокуратурасына арызданған. Себебі "Вагнердің" бас кеңсесі Санкт-Петербургте. Олар Альмираға Краснодар гарнизонының әскери прокуратурасына қайырылыңыз деген. Қазақстандағы ІІМ Петропавл ішкі істер департаментіне қылмыстық іс қозғауды тапсырған. Олар іс қозғады. Ағасын куәгер ретінде полиция және ҰҚК департаменттеріне шақырған. Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігі еш әрекет істемей отыр, – дейді Қаһарманов.
Мағжан Қаһарманов адам ұрланған жағдайды үнсіз қалмай барынша айту керек деп есептейді.
– Бұл – менің гипотезам, ойым және болжамым. Меніңше, Ресей қорғаныс министрлігі кикілжіңнен соң Пригожинге "Вагнерге" сотталғандарды алуға тыйым салған сияқты. Пригожин 7 мың сотталушыны Донбассқа апарып, көміп тынды. Қазір сотталушыларды "Вагнерге" ала алмай қалды да, арбаушыларын Ресейдің бүкіл аумағына және басқа да жаққа жіберіп жатыр. Нақтыланбаған дереккөздерде "Вагнердің" арбаушылары Қазақстанда да жүргенге ұқсайды. Әрине, ол қазір Ресейден іздеп жатыр. Көбіне өмірден орын таппағандарды, Орталық Азиядан шыққандарды, студенттерді, гастарбайтерлерді арбап жатыр. Тәжіктер мен қырғыздарды да арбағанын естіген боларсыз. Адамдар "Вагнерге" еркінен тыс қосылған, оларға араша түсетін ешкім болмаған. Олар Марғұланды да ешкім іздемейді деп ойласа керек. Алдап-арбайды, психикасына әсер етеді. Әйтпесе, Томскіде оқып жүрген жағдайы жақсы студент Краснодар өлкесіндегі айдалаға не үшін барады? Өз басын өлімге тігу ішін бе? Ешкімге сенбеймін. Марғұлан әскерде болмаған. Биыл оқу бітірейін деп жүрген. Оқу бітірерде бұл оған керек пе? – дейді Қаһарманов.
Ол Марғұлан қаржы жағынан еш тарлық көрмегенін айтады.
– Ол Томскіде қорғаныс мекемесінде программист болып жүрді. Оның өзіне жететін табысы болған еді. Арбаушылар оны қорғаныс мекемесіне келіп алып кеткен деп болжап отырмын. Қазір Марғұланның жағдайын бар жерде айта беру керек деп ойлаймын. "Вагнерліктер" Марғұланның видеосын жариялап, ол сол жерде екенін көрсетіп қойды. Оған бірдеңе болса, "Вагнер" жауап береді, – дейді Қаһарманов.
Өткен аптада интернетте тараған видеода Марғұлан Бекенов "Вагнерге" "өз еркімен қосылғанын" айтады.
"Вагнер" – Ресей президенті Путиннің аспазы Евгений Пригожинге тиесілі жеке әскери бөлім. "Вагнерліктер" Сириядағы, Африка елдеріндегі және Украинадағы соғысқа қатысып жатыр. Сарапшылар "Вагнер" тобының көп әрекетін әскери қылмысқа жатқызады. Пригожин өзінің жеке әскери бөліміне Ресей түрмелерінде отырғандарды, Орталық Азиядан келген мигранттарды тартқан.
Қазір "Вагнер" Украинаның Бахмут қаласындағы ауыр шайқасқа қатысып жатыр. Украинадағы соғыста Пригожин "әскері" көп шығынға ұшырағаны да айтылады.
Your browser doesn’t support HTML5