Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасының 12-эпизодында практик психолог Мөлдір Тоғжанмен адамның өзін жақсы көруі, өзін қабылдауы деген тақырыпты қозғадық. Адам өзін қалай жақсы көруі керек? Адам өзін жақсы көретінін қалай біле алады? Өзімізді жақсы көрмесек, өмірімізде не болады? Өзімізді жақсы көреміз деп жүріп, эгоист болып кетпейміз бе? Баланың өзіне деген махаббатын қалай қалыптастырамыз? Міне, маманмен осы сауалдарға жауап іздедік.
Your browser doesn’t support HTML5
Эпизодта психолог Мөлдір Тоғжан айтқан кеңестердің ең маңызды тұсын мәтін түрінде де ұсынамыз:
АДАМ ӨЗІН ҚАЛАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕ АЛАДЫ?
Өзімізді жақсы көру деген – өзіміз үшін жауапкершілік алу, өзімізді сыйлау, өзімізді "толтыру". Өзгерістен, эксперимент жасаудан қорықпаңыз, өзіңізге уақыт бөліңіз, көңіл бөліңіз, демалыңыз, өзіңізді мақтаңыз, қуантыңыз, қателеріңіз үшін өзіңізді айыптамаңыз, өзіңізді өзгемен салыстырмаңыз. Өзіңізді, бар болмысыңызбы қабылдаңыз. Сонда өзіңізді жақсы көре бастайсыз.
Жалпы, өзін жақсы көретін адам қателесуден қорықпайды. Қателесу де – қалыпты жағдай, қате адамды алға жылжытады, әр қате – бізге сабақ. Сондай-ақ өзімізді өзгемен салыстырмағанымыз жөн. Өзімізді кешегі күнімізбен ғана салыстыра аламыз. Өзгемен салыстыру өзімізді танымаудан шығады. Қарасаңыз, адамның саусағының ізі ешқашан қайталанбайды. Әр адам – сондай ерекше жаратылыс, салыстыруға келмейді. Өзімізді танып, қабылдап, жақсы көрген кезде мықты жағымызды, әлсіз жағымызды білеміз. Өзіміздің мықты және әлсіз тұсымызды қабылдағанда, комплекс деген болмайды.
Көлік моторы тоқтамай кешке дейін істесе, қызып, жарылуы мүмкін. Дәл сол сияқты адам өзінің шаршағанын білмесе, "жанып" кетуі мүмкін. Мұндай жағдай үйде, бала қарап отырған әйелдерде көп болады. Енесінің, күйеуінің көңілінен шығам деп, мүлде өзін ұмытып кетуі мүмкін. Әйел өзін ұмытса, баланың психикасына әсер етеді не ажырасуға дейін апарады.
Өзін жақсы көрмеген адам айналасына, өзіне әрдайым сынай қарайды. "Неге бұлай емес, неге сөйтпейді?" деп айналасына ашуланып жүреді, өзіне де сондай қарым-қатынас жасайды.
Үлкен адамдар, әсіресе біздің қоғам, демалуды білмейміз. Өзіміздің шаршағанымызды сезбейміз. Сондықтан бізде зорығу, жалығу тез болады. Алған жұмысымызды аяқтай алмай жатамыз. Өзімізді жақсы көру үшін өзімізді сезіну маңызды, қазір шаршап тұрмын, қуанып тұрмын, ашуланып тұрмын деп ішімізге үңілгенде, өзімізді сезе аламыз. "Мен кіммін, өмірдегі орным қай жерде, қайда бара жатырмын?" деген сұрақты өзімізге жиі қоюымыз керек.
Өмір – адамның айнасы. Біз ішкі дүниемізде не болса, басқа адамдарды солай қабылдаймыз. Өзіміздің ішімізде не болса, сыртқа соны шығарамыз. Сондықтан өзін жақсы көретін, қабылдайтын адам басқаларды да қабылдайды, басқа адамдардың жақсы қасиеттерін көре алады. Ішімізде бақыт сезімі, жылулық, мейірім болмаса, біз мұны басқа адамдарға бере алмаймыз.
БАЛА ӨЗІН ЖАҚСЫ КӨРІП ӨСУІ ҮШІН НЕ ІСТЕЙМІЗ?
Адамға деген махаббат анасының құрсағында жатқаннан басталады. Бала өмірге махаббатпен, ата-анасының қатты қалауымен келуі керек. Баланы қабылдамай, бала өмірге келген соң қалай бағамыз, қалай асырамыз десек, балада сенімсіздік іргетасы қаланады. Бала ата-анасына керек екенін сезініп, махаббатпен өсуі керек. Кейін есейе келе ақырындап шектеулер қойып, жауапкершілікті үйретеміз. Балаға да мықты және әлсіз жағын түсіндіріп отырсақ, ол біреу сынаған кезде қатты ашуланбай қабылдайды, өзін өзгемен салыстырмайды. Баланың жақсы жағына ден қойып, соны көп айтуымыз керек. Ал минусын көп айтсақ, ол өзін қабылдамай өседі.
ӨЗІМІЗДІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ ДЕП ЖҮРІП, "ЭГОИСТ" БОЛЫП КЕТПЕЙМІЗ БЕ?
"Эго" деген – "мен", адамның ішіндегі "мені". Эгоизм деген – менмендік қой. Эго барлық адамда бар. Сол эгоны баланста ұстау керек. Эго біреуде төмен, біреуде жоғары болады. Эгоны баланста ұстау үшін адам өзін жақсы таныығаны маңызды. Мысалы, өзіңе тілегенді өзгеге де тілей алсаң, бұл – дұрыс эгоизм. Ал менде ғана болсын, басқада болмасын деу, команданың жеңісін менің жеңісім деп қабылдау – бұл дұрыс емес эгоизм.
ТҮРІМІЗ БЕН БЕТ-БЕЙНЕМІЗДІ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАЙМЫЗ?
Біз ата-анамызды өзгерте алмаймыз, түр-әлпетімізді өзгерту де біздің қолымызда емес. Сондықтан бар болмысымыз бен түрімізді қабылдап, өзіміз өзгерте алатын жайттарға мән бергеніміз жөн. Мысалы, жеке дамуымызды, ішкі дүниемізді жақсарту, толықтығымыз я арықтымызды өзгерту. Яғни қолымыздан келетін іске мән береміз. Өзімізді қабылдау өмірімізді жеңілдетіп, дәрежемізді көтереді.
"Жаншипа" подкасының барлық эпизодын Youtube арнамыздан я Apple podcasts, Google podcasts платформаларынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз, шығады.