Әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference (OONI) коммерциялық емес ұйымының талдауы Азаттықтың Қазақ қызметінің сайттары (www.azattyq.org және rus.azattyq.org) 2022 жылғы қыркүйек пен 2023 жылғы сәуір аралығында Қазақстан аумағында бұғаттаудың жымысқы әдісіне ұшырағанын көрсетті. 28 сәуірде жарияланған ұйым талдауында осындай мәлімет айтылады.
Азаттық оқырмандары былтыр күзден бері www.azattyq.org және rus.azattyq.org сайттарының ашылуы қиындағанын айтып шағымданған. Оның алдында Азаттық сайттарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "астыртын бизнесі" туралы мақала жарияланған. Сол кезде Қазақстан билігі Азаттық сайтының баяу ашылуының себебі "анықталып жатыр" деп мәлімдеген. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Азаттық сайтының ашылмай қалуы немесе кідіріп ашылуы аталған сайтта жарияланған "Тоқаевтың астыртын бизнесі туралы" мақалаға байланысты емес деп есептейтінін жеткізген.
Оқырмандардың айтуынша, Азаттық сайттары толық жабылмаған, бірақ ашылуы қиындаған.
OONI ұйымының талдауында Азаттық сайттарының ашылуына қойылған шектеуді сипаттау үшін "троттлинг" деген ұғымды қолданады.
Интернет еркіндігі бойынша "еркін емес" елдер қатарына жататын және интернет-басылымдары жиі кибершабуылға ұшырайтын Қазақстанда "троттлинг" ұғымы бұған дейін жиі айтылмаған.
"Троттлинг желінің қызып кетуіне ұқсас болғандықтан, оны байқау қиын, ол – онлайн-контентті бақылаудың жымысқы, бірақ тиімді амалы" деп жазды талдау авторлары.
Деректерді талдаған OONI зерттеуі төмендегідей қорытынды жасайды:
- OONI деректері www.azattyq.org және rus.azattyq.org сайттарына 2022 жылғы 27 қыркүйектен бастап шектеу қойылғанын көрсеткен. 2023 жылғы 11 сәуір күнгі доменге сынақ троттлинг белгілері әлі де бар екенін айғақтаған.
- "Настоящее время" арнасының сайтына да (www.currenttime.tv) Қазақстанда 2022 жылғы президент сайлауы кезінде шектеу қойылған;
- OONI деректері www.azattyq.org және rus.azattyq.org пен www.currenttime.tv сайтына қойылған шектеу тәсілі Қазақстанда өзге сайттарды шектеу үшін қолданылатын әдістен бөлек екенін көрсетті.
- OONI деректері www.azattyq.org және rus.azattyq.org сайттары сынақтан өткен қазақстандық провайдерлердің көбі арқылы шектелгенін, ал www.currenttime.tv AS9198 ("Қазақтелеком" АҚ) провайдерінде шектеуге ұшырағанын көрсеткен.
Зерттеу авторлары троттлингіні интернет-цензураның жымысқы әдісі деп атап, ондай әдістен кейін нысанаға алынған сайт немесе сервистің өнімділігі азайып, ақыры іс жүзінде пайдалануға жарамсыз болып қалады дейді. Бірақ ол процессордың қызып кетуіне ұқсас болғандықтан, оның қолданылғанына дәлел жинау қиын деп түйіндейді. Троттлингіні анықтау үшін ұйым сарапшылары TLS handshake (құпия ақпарат алмасу мақсатында қолданылатын шифрлеу протоколы) әдісін қолданған.
Азат Еуропа/ Азаттық радиосының президенті Джейми Флай бұл жайт шынайы ақпарат таратуға тосқауыл бола алмайтынын айтты. "Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі аудитория транспаренттілік пен жауаптылыққа үндейтін Азаттық репортаждарына сенеді. Біз қайтсек те оларға жетудің жолдарын табамыз" деді ол.
Freedom House халықаралық ұйымының әлем елдерінің интернет еркіндігіне баға берген есебінде Қазақстан интернеті еркін емес мемлекеттер қатарында қалды. Елде мемлекеттік құрылымдарды сынайтын саяси, әлеуметтік және діни контент бұғатталады, техникалық шабуылдарға ұшырайды. Былтыр Тоқаевтың жасырын активтері жайлы мақала жарияланғаннан кейін Азаттықтан бөлек, елдегі басқа да бірнеше сайт ашылмай қалған. Билік ақауды шетелден ұйымдастырылған DDoS-шабуылдардан көрген еді.