Полиция журналист Думан Мұхаммедкәрімді қайта ұстады. Бұл жөнінде 28 мамырда Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
– Маған Іле аудандық полиция бөлімінен қайта хабарласып жатыр. Думанды қайта ұстаған. Думан қамауда отырған кезде [YouTube арнасында] бірнеше видео шыққан. Солардың бірінде “митингіге шақырған-мыс”. Қазір Есіктемін, – деді адвокат.
Оның сөзінше, алдағы уақытта журналистке байланысты сот өтуі тиіс.
Жексенбі күні Азаттық полициядан ақпарат ала алмады.
"Не дейді?" (ND) арнасының авторы Думан Мұхамедкәрім бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша 25 тәулікке екі рет қамалып шыққан. Соңғы рет ол 1 мамыр күнге белгіленген оппозиция митингісі қарсаңында 25 күнге қамалған. Одан екі күн бұрын босап шыққан еді.
Осыған дейін адвокаты Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен 405-бап бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") да қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. "Журналистің статусы – қорғалуға құқығы бар куәгер" деген еді адвокат. 26 мамырда журналист бұл жөнінде "прокуратура өкілдері келген, мен оларға жауап берген жоқпын, қазір іс тоқтап тұр" деді.
Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.