Жуырда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 25 тәулікке қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің әке-шешісі 3 маусымда Іле аудандық полиция басқармасына барып, ұлын босатуды талап етті. Оқиға орнына біраз белсенділер де жиналып, журналистің туыстарының талаптарын қолдады.
Журналистің әкесі Алмаз Тілепов ұлын босатуды талап етіп, осы сәттен бастап аштық жариялайтынын да айтты. Ол ұлының заңсыз қамалғанын, митингіге шақырмағанын айтып, заңсыздықты тоқтатуды талап етті.
– Ұлым Думанды дереу босатсын! Ол террорист емес! Заңсыз түрде ұстап әкеткеніне қарсымын. Сондықтан бүгінгі күннен бастап аштық жариялаймын. Оны ұстап әкеткен полиция бөлімінің екі қызметкері көшеге шашын алдыруға барған жерінен ұстап алып, көлікке күштеп отырғызып, көлігін далаға тастап, өзін алып кеткен. Қайта 25 тәулікке соттап отыр. Босап шыққанына 2-ақ күн болатын. Апелляция сотына беріп едік, олар да заңсыздықты көздерін жұмып, өзгеріссіз қалдырды, – деді журналистің әкесі Алмаз Тілепов.
Оқиға орнына өзге белсенділер де жиналып, олар да "заңсыз қамалған" журналисті босатуды талап етті.
Прокуратура өкілі Сұңғат Сәтпаев шығып, наразылықтың "заңсыз" екенін айтып, тарауға үндеді. Жиналғандар келіспеді.
– Осымен төртінші рет қамап отырсыздар. Заң бойынша 30 күн ғана қамауларыңыз керек. Сіздер 60 күн қамадыңыздар. Менің ұлым кісі өлтірді ме? Арақ ішіп біреумен төбелесті ме? Террорист пе? Менің балам шындықты айтып, шырылдады. Халықтың жан айқайын айтты, – деді Қалимаш Рымбекқызы.
"Не дейді?" (ND) арнасының авторы Думан Мұхамедкәрімді сот 28 мамырда “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” (488-бап, 12-бөлігі) бабы бойынша кінәлі танып, 25 тәулікке қамаған. Журналист сол күні заңсыз ұсталуына байланысты аштық жариялаған.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде жарияланған хатында журналист өзге де талаптарын жеткізген.
"Мені конвоймен үйге апарып, алып келсін. Мені конвоймен ауруханаға апарып “МРТ” дегенге түсірсін және бүйрегімді толық тексертсін. Үшінші талабым — қазақты әлемге танытқан рекордсмен Марат Жыланбаевты үйқамаққа босатсын" делінген журналистің жазған хатында.
Іле аудандық полиция бөлімі 2 маусымда Азаттыққа журналистің жағдайы бірқалыпты екенін айтып, "сотынан бері аштықта отыр, тамақтан бас тартқан, су мен шай ғана ішіп отыр" деп жауап берген.
Думан Мұхаммедкәрімнің айтуынша, 28 мамырда полиция өзін көшеде жүрген жерінен, хаттама берместен, күшпен ұстап алып кетіп, қамаған. Іле ауданы прокурорының орынбасары Сұңғат Сәтпаев 3 маусымда Азаттыққа журналисті күштеп ұстап әкетуге қатысты тексеріс басталғанан айтты.
– Полиция қызметкерлерінің іс әрекеті бойынша Думан Мұхаммедкәрімнің және туыстарының арызы тіркелді. Алматы облысы полиция департаментінің қауіпсіздік басқармасына жолданды. Қазір қауіпсіздік басқарма қызметкерлері қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Заң бойынша полиция әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаға міндетті түрде қандай заң бұзғаны туралы шақырту қағазын беруі керек. Азамат шақырған дерге бармаған жағдайда бөлімшеге еркінен тыс жеткізіледі, - деді прокурор.
28 мамыр күнгі қамауға дейін журналист 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, изолятордан 26 мамырда ғана босап шыққан еді. Наурыздағы парламент сайлауынан бері ол осымен үшінші рет қамалып отыр.
Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.