5 маусымда Өзбекстан Жоғарғы соты былтыр Қарақалпақстандағы жаппай наразылықтан соң 16 жылға сотталған журналист әрі белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратовтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа журналистің адвокаты Сергей Майоров айтты.
"Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, сотталған.
Жоғарғы сот Makan.uz сайтының негізін қалаушы, журналист Лолагүл Қаллыханованың да үкімін өзгертпеді. Қаллыханова да осы наразылыққа байланысты айыпталып, сегіз жылға шартты түрде сотталған.
Өзбекстан Жоғарғы соты Қарақалпақстандағы наразылыққа байланысты айыпталған тағы 18 адамның алтауының жазасын шарттыға ауыстырып, тағы алты адамның жазасын жеңілдетті. Қалғандарының жазасы өзгерген жоқ.
Сот аяқталған сәтте Дәулетмұрат Тәжімұратов залдағыларға "көңіл-күйлеріңізді түсірмеңіздер, алға, қарақалпақ!" деп айқайлады. Ол үкімі өзгеріссіз қалғанын естігенде кассациялық сотқа шағымданатынын айтты.
– Енді оған 15 жыл жазасын өтеуге тура келеді. Әділет тұрғысынан келсек, бұл – мүлде әділетсіз үкім. Мен мұны бұрыннан айтып келемін. Бұл билік сотқа дегенін жүргізіп отырғанын көрсетеді. Біздің сотымыз, Жоғарғы сот та билікке әбден тәуелді. Олар биліктің дегенін орындап отыр, – деді Азаттыққа соттан соң Тәжімұратовтың адвокаты Сергей Майоров.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік өз қателері үшін жауапкершілікті белсенділерге артты". Түрмедегі қарақалпақ белсендісі2022 жылы Өзбекстан билігі Конституцияға өзгеріс енгізіп, Қарақалпақстан автономиялы республикасын Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айырмақ болған. Сол жылы шілдеде Қарақалпақстанда жұрт Ташкенттің бастамасына қарсы жаппай наразылыққа шыққан еді.
Қарақалпақстандағы наразылықты басып-жаншу кезінде кемі 21 адам қаза болған, қаза тапқандар арасында күш құрылымдарының төрт қызметкері бар. 270-тен астам адам жараланған.
Жаппай наразылықтан кейін Ташкент даулы түзетулерді жобадан алып тастады. Билік наразылыққа сыртқы күштерді айыптады және ондаған адамды соттады.