Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ресейге Батыс елдерінің санкция тізіміндегі тауарлар экспортталып жатқанын мойындады. "Санкцияның басында олар (Батыс елдерінің санкция бойынша өкілдері – ред.) бізге 7 мың тауар түрінің тізімін берді. Былайша айтқанда, біздің бүкіл тауар айналымымыз. [Батыс елдері өкілдерімен] сөйлескенде "мынаның бәріне тосқауыл қою не бақылау мүмкін емес" дедік" деді Жұманғарин Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша, соңғы кездесуде АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг, сауда министрінің өкілі Мэтью Аксельрод және Еуропа одағының санкциялар жөніндегі арнаулы өкілі Дэвид О’Салливан бақылауға алу тиіс тауар санын қысқартқан.
– Қазіргі уақытта 38 код (тауар номенклатурасы) бар, былайша айтқанда 104 тауар түрі. Олармен жұмыс істеп жатырмыз, – деді Жұманғарин.
Сауда министрінің сөзіне қарағанда, Батыс майдан даласынан табылған бөлшектер бойынша берген тауарларды бақылау енді күшейтілген. "Микросхема сияқты заттарды бөлшектерді таситын компанияларға арнайы электронды шот-фактура құжатын өткізу, форматтық-логистикалық бақылау енгізілді" деді Жұманғарин.
Мамыр айында халықаралық зерттеуші журналистер тобы Ресейге Қазақстан арқылы дрон мен микросхема тасымалдаған екі компанияны анықтаған. Бір апта бұрын Азаттық радиосы да Ресейге Украинадағы соғыста қолданылып жатқан екі мақсаттағы тауар түрлерін қазақстандық компаниялар экспорттап жатқанын, электронды бөлшектердің сауда статистикасы қатты өскенін көрсеткен зерттеу жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?Азаттық министрден екі зерттеуде аты аталған 6 компания туралы да сұраған.
– Олардың атын атай алмаймын. Қазір бақылауда 100-ден астам компания бар, – деп жауап берді Жұманғарин.
Қазақстан билігі бұған дейін санкция тізіміне енген, екі мақсатта қолданылатын тауарларды Ресейге қайта экспорттап жатқанын жоққа шығарған. Сыртқы істер министрінің орынбасары "Ресейдің санкцияны айналып өтуіне жол бермейміз" десе, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "екі мақсаттағы тауарлар Ресейге экспортталып жатыр деу шындыққа мүлде жанаспайды" деген.
Ресейге азаматтық та, әскери өндіріске де қолданылатын тауарлардың Қазақстан, Қырғызстан арқылы тасымалданып жатқанын биыл сәуірде Астанаға арнайы келген Батыс елдерінің өкілдері де айтқан. Министр есімін атаған Ұлыбритания, АҚШ және Еуроодақтың санкция бойынша өкілдерінің баспасөз жиынындағы мәлімдемесіне сәйкес, олар Қазақстан үкіметімен Ресейдің әскери өндірісіне қолданылып жатқан тауарлардың экспортын талқылаған.
24 маусымда Еуропа одағы қабылдаған санкцияның 11-пакеті күшіне енді. Онда қазақстандық компаниялар жоқ. "Себебі біз олармен (Батыс елдерімен – ред.) байланыстамыз" деді сауда министрі Серік Жұманғарин. Оның айтуынша, Қазақстан компанияларына санкцияға ілігу қаупі төніп тұрған жоқ.