Түркістан қалалық мамандандырылған тергеу соты Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жасар қыздың өліміне күдікті деп ұсталған 48 жастағы жергілікті тұрғынды екі айға қамауға санкция берді. Ол Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен күдікке ілінген. Қаулы 15 шілде күні кешке шыққан.
Түркістан облыстық соты баспасөз қызметі іс құжаттарына сүйеніп, оқиғаның қалай болғаны жөнінде алғашқы ресми деректерді хабарлады. Ол деректерге қарағанда, күдікті мас хәлде болып, ойнап жүрген 5 жасар қызды ән қойып беремін деп алдап өз үйінің ауласына кіргізген. Жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданған. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасаған.
Соттың мәлімдемесі бойынша, күдікті қылмысын жасыру үшін қызды өлтіруге бел буған, ол үшін асхана пышағын пайдаланған.
13 шілде күні түсте Жібек жолы ауылында өз үйінің ауласында ойнап жүрген бес жасар қыздан ата-анасы әп-сәтте көз жазып қалған. Қызды әуелі туыстары, кейіннен бүкіл ауыл іздеп шығып, кешке көршісінің үйінің шатырынан өлі күйінде тапқан. Бұл суық хабар ауылды дүр сілкіндіріп, ашу-ызаға булыққан тұрғындар күдіктіні өздеріне беруді талап етіп жиналған. Ауылға полиция кіргізіліп, екі күн интернет ажыратылған.
Бес жасар қызды туыстары мен ауылдастары 14 шілде күні түсте жерледі. Күдікті ретінде ұсталған көршісінің үйін өртейміз деген ашулы жұрттың алдын полиция бөгеген. Жиналғандар күдіктіні өздеріне беруді тағы талап етіп, іздеу кезінде полицияның әрекетсіздігін айтып, кінәлаған.
Әкесі қызын тапқанда "сау-тамтығы қалмағанын, ойына келгенін істеп, жеті-сегіз жерінен пышақтап, асқан жауыздықпен өлтіргенін" айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
Осы күні Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлаған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.
Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" күдіктінің бостандығын 3 жылға шектеген.
14 шілде күні кешке Бас прокуратура аталған үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыру тағайындау туралы кассациялық наразылық келтіргенін мәлімдеді. Пробация қызметі қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
“Біз екі баппен іс қозғаудан бөлек бұдан бұрын ауыр қылмыс жасаған адамның жазасын жеңілдетіп, бостандыққа жіберген судьяларды жұмыстан босатуды және жазалауды сұраймыз" деді қайтыс болған баланың туыстары Азаттыққа.
Жібек жолы ауылында интернет желісі 15 шілде күні түсте қайта қосылған. 16 шілде күні полиция ауылдан шығарылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Денесінің сау-тамтығы жоқ". Бес жасар қыздың өлімі Жібек жолы ауылын дүр сілкіндірді