Тәжікстан үкіметі Таулы Бадахшан өңіріндегі Aga Khan Development Network (AKDN) тиесілі бірнеше нысанды бақылауына алды. Былтыр бұл өңірде наразылық болып, соңы қантөгіспен аяқталған соң, билік қуғын-сүргін шараларын күшейткен.
Тәжікстан билігі Таулы Бадахшан өңіріндегі ықпалды рухани көшбасшы ханзада Аға Ханға (исмаилиттердің рухани көсемінің титулы) тиесілі қонақ үй, лицей және қалалық саябақ сияқты бірнеше ірі нысанды меншіктеп алды.
Осы айда прокурорлар Хорог өңірінің астанасында орналасқан Орталық Азия университеті кампусының жерін тәркілеуге тырысқан. Бұл университетті AKDN қаржыландырады. Аға Хан бұл жерді 1990-жылдары сатып алған, енді мемлекет 30 жыл бұрынғы сауданы заңсыз деп танып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжік билігінің қаупі – патшалығы жоқ ханзада Ага ХанAKDN — исмаилит шиит қоғамының имамы аға хан қаржыландыратын жекеменшік даму агенттігі. Таулы Бадахшанда тұратын 250 мың адамның басым көпшілігі өздерін исмаилиттерге жатқызады.
Таулы Бадахшандағы AKDN мүлкін мемлекет меншігіне өткізу үкіметтің автономды аймақтағы қуғын-сүргін шараларымен тұспа-тұс келіп отыр. Былтыр мамырда өңірде үкіметке қарсы наразылық болған еді.
Тәжікстан билігінің дерегінше, наразылар мен күш құрылымдарының қақтығысынан кемі 10 адам қаза тауып, 27 азамат жараланған. Жергілікті белсенділердің айтуынша, әскерилер жай наразылардан бастап халықты бастаған көшбасшыларға дейін 50-ден астам адамды өлтірген.
Наразылықтан кейін Таулы Бадахшандағы ондаған адам (журналистер, қоғам қайраткерлері мен белсенділер) ұсталып, көбі ұзақ жылға түрмеге жабылды.
Қауіпсіздік құрылымдары наразылықты күшпен басып тастағаннан кейін билік AKDN ұйымының Тем деп аталатын әдемі жерге салған “Хорог Серена Инн” қонақ үйін мемлекет меншігіне алып қойған.
Тамызда үкімет Хорогтағы демалыс саябағын меншіктеп алды. 2004-2005 жылдары AKDN саябақты реконструкциядан өткізуге 4 миллион долларға жуық инвестиция құйған.
Хорог ісінен хабары бар ақпарат көздері Азаттыққа анонимді түрде билік келесі кезекте Аға Ханның медициналық орталығын тартып алатынын айтты. Құны 25 миллион долларды құрайтын нысан 2018 жылы ашылған.
Өткен айда үкімет Аға Ханның 1998 жылы қыркүйекте Хорогтан ашқан лицейін лицензиясынан айырды.
Енді оқу орны дарынды балаларға арналған мемлекеттік лицейге айналып, білім министрлігіне қарайтын болады.
Тәжікстан билігі AKDN мекемелерінің жабылуына қатысты пікір білдірмеді. AKDN тарапынан да ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Азаттықтың Тәжік қызметі үкіметтегі шенеуніктерге хабарласып көрді. Бірақ өкілетті тұлғалар журналистер сұрағына жауап бермеді. Хорогтағы AKDN өкілдері де пікір беруден бас тартты.
Душанбе Таулы Бадахшан өңірін бұрыннан бақылауға алғысы келеді. Өңірде үкімет тағайындаған шенеуніктерге қарағанда, жергілікті халық арасынан шыққан бейресми көшбасшылардың ықпалы жоғары.
ЖИІ ҚАЙТАЛАНАТЫН НАРАЗЫЛЫҚ
Таулы Бадахшанда үкіметке қарсы наразылық жиі болады. Билік үнемі халық наразылығын күшпен басып тастайды. Елдің басқа өңірлерінде митингілер аз кездеседі.
2012 жылы Таулы Бадахшанда қауіпсіздік қызметкерінің қазасынан кейін күш құрылымдары мен жергілікті әскери топ арасында қақтығыс болды. Салдарынан ондаған адам қайтыс болып, жараланды.
2014 жылы Хорогта әскерилер мен жергілікті халық қақтығысып қалып, бірнеше ғимарат өртенді, кемі үш адам қаза тапты.
2021 жылы қарашада Хорогта наразылық толқыны басталды. Жергілікті халықтың айтуынша, күн сайын митингіге 5 мың адамға дейін жиналған. Полиция қызметкері наразылардың біріне оқ атқан. Осыдан кейін жаппай наразылық басталып, кемі бір адам қаза тауып, бірнешеуі жараланған.
Төрт күнге созылған демонстрация билік өкілдері мен наразылардың өзара келісімге келуімен аяқталды. Үкімет наразылардың талабын орындауға келісіп, полиция блокпосттарын бұзып, наразылық ұйымдастырушыларына қарсы іс қозғамайтын болды.
Бірақ Тәжікстан билігі көп ұзамай өңірдегі бейресми көшбасшылар мен ықпалды тұлғаларға, тіпті шетелге көшіп кеткен азаматтарға қарсы науқан бастады.
КҮРДЕЛІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Жергілікті саяси шолушының пікірінше, орталық билік пен Таулы Бадахшан халқы арасында сенімсіздік бұрыннан бар, бірақ қазір жағдай тіпті ушығып кеткен.
Аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған Хорог тумасы Душанбе сепаратистік идеялардан, жергілікті халықтың Аға Ханға адалдығынан қорқады дейді.
Тәжікстанның өзге бөлігінде халық исламның сүннит бағытын ұстанады.
Таулы Бадахшан тұрғындарын “Памир халқы” деп атайды. Олар өз тілінде сөйлейді.
— 2022 жылғы наразылықтан кейін мемлекеттік шенеуніктер Аға Хан ұйымынан қатты күдіктене бастады. Кей өкілетті тұлғалар Аға Хан сепаратистерді қаржыландырып отыр деп есептейді. Бірақ бұлай ойлауға еш негіз жоқ, — дейді сарапшы. Оның пікірінше, Аға Хан мен оның жақтастарына өңірдегі тұрақсыздық керек емес.
Техас A&M университетінің Орталық Азия бойынша сарапшысы Эдвард Лемон “Памир халқының өз тілі мен діні, Аға Хан сияқты рухани көшбасшысы болса да, олардың тәуелсіздік алуға ниеті де, мүмкіндігі де жоқ” дейді.
— Памир халқы бар болғаны орталық үкіметтің өңірдің ішкі ісіне араласуы мен қудалауынсыз тыныш өмір сүргісі келеді. Бірақ үкімет оларды жайына қалдырмайды, — дейді сарапшы.
Лемон Аға Хан мен Тәжікстан үкіметінің қатынасын күрделі деп бағалайды. Тәжікстан билігі AKDN ұйымына күмәнмен қарайтынын ашып айтқан емес.
2000-жылдардың басында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қазіргі Аға Хан Шах Кәрім әл Хусейнимен жақсы араласқан.
86 жастағы Аға Хан Тәжікстанға соңғы рет 2012 жылы келген.
Тәжікстандағы AKDN жобалары 1990-жылдары басталды. Ол кезде ұйым азамат соғысынан зардап шеккен елге гуманитарлық көмек көрсетті.
AKDN білім беру, қаржы, денсаулық сақтау сияқты бірнеше саланы қамтыды. Ұйымның аты дүрілдеп тұрған жылдары онда 3500-ге жуық адам жұмыс істеді. Мемлекет агенттік мүлкін тартып алғаннан кейін қанша адамның жұмыссыз қалғаны белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәжікстанда өмір бойына түрмеге қамалғандар көбейіп барады