Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасының 17-эпизодында психологиялық тұрғыда есеймеген ата-ананың есейген балалары деген тақырыпта сөз қозғамақпыз. Бұл – өте ауыр әрі маңызды тақырып. Себебі бұл тақырып қазақ медиасында, интернет кеңістігінде көп айтыла бермейді. Яғни, психологиялық тұрғыда есеймеген ата-анадан тәрбие алған бала кейін есейгенде қандай мәселелерге тап болады? Дизфункциональды отбасыдан шыққан балалардың есейгендегі мәселелері қандай болады? Ата-анасы ішімдік ішкен балалар үлкейгенде тап болатын қиындықтар қандай? Бұл сауалдарға практик психолог Гүлзат Қанатпен жауап іздедік.
Your browser doesn’t support HTML5
Эпизодта психолог Гүлзат Қанат айтқан кеңестердің маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз:
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ЕСЕЙМЕГЕН АТА-АНА ДЕГЕН КІМ?
Бала кезде өз ата-анасынан қажетті махаббатты, эмоциялық ресурсты ала алмаған және соның салдарынан балалық шағында қалып қойған адамды психологиялық тұрғыда я эмоционалды тұрғыда есеймеген адам деп айтамыз. Ата-анасынан эмоциялық ресурстарды ала алмаған адам өзі кейін ата-ана болғанда сол ресурстардың бәрін баласынан алуға тырысады.
Мысалы, эмоциялық тұрғыдан жетілмеген ата-аналар ұрсысып қалса, баласына "әкеңді шақыр, шайға келсін" дейді. Бала әкесіне барса, ол "шешеңнің қолынан шай ішпеймін" деуі мүмкін. Екі ересек адам өздері отырып сөйлесудің орнына балаға жауапкершілікті артып қояды. Ал бала ата-ана арасында елші болып, мәселені шешіп жүреді. Бұдан бөлек, шешесі "әкең өмірімді құртты, әкеңе төзбес едім, ажырасып кетер едім" деп немесе әкесі "сендер өмірге келіп қойдыңдар, содан кейін шешеңе шыдап жүрмін" деп жауапкершілікті балаға артады. Бұл – эмоциялық жетілмегеннің бір көрінісі. Негізі психологиялық тұрғыда есейген екі ересек адам мәселелерін өзара талқылайды немесе ақшасы мен уақытын қиын психологқа барып шешеді.
ЭМОЦИОНАЛДЫ ЕСЕЙМЕГЕН АТА-АНАНЫҢ БАЛАЛАРЫ ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕГЕ ТАП БОЛАДЫ?
Баланың өз жасына сай сіңірілуі керек эмоциялары бар. Балаға басында ата-ана жауапты, кейін ата-ана баласына жауапкершілік алуды ақырындап үйрете бастайды, еңбекке баулиды. Ал эмоциялық жетілмеген ата-ана балаларына жауапкершілікті артады. Кейде ата-аналар "менің балам 3-4 жаста, бірақ өзінен кіші бауырларына қарайды, таңертең мені тұрғызады, барлығының киімдерін жинайды" деп мақтанып айтып жатады. Бірақ бұл 4 жастағы балаға ауыр жүк. Бұл жаста бала ойнап жүруі керек, ол ойнайтын шағында ата-ананың рөліне көшеді. Қыз балаға "сенің анаң ештеңе білмейді, талғамы жоқ, қолынан ештеңе келмейді" деп айтса, қыз бала анасының рөлін алуы мүмкін. Әкесі ішетін болса, үйдегі әкенің рөлі бірінші я екінші ұлға көшуі мүмкін. Әйел адам "әкеңнің еркек сиқы жоқ, үлгі алатын ештеңесі жоқ, енді үйдің тірегі сенсің" деп күйеуінің рөлін ұлына беріп жатады. Бұл балалардың психикасына өте ауыр. Ата-анасының рөлін ерте алған балалар кейін өз отбасын құруы, өз баласын тәрбиелеуі қиын болады.
Мұны психологияда парентификация деп жатады. Парентификация – ата-ана мен баланың рөлінің ауысып кетуі. Яғни, бала ата-ана рөлін алады, ал ата-ана балаға айналып кетеді.
АТА-АНАСЫ ІШКЕН БАЛА ЕСЕЙГЕНДЕ ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛАДЫ?
Бала ата-анасының бірінің я екеуінің де ішкенін, олардың ұрсысын, тіпті төбелесін көреді. Оларға араша түсуі де мүмкін. Ата-анасы ішкен балалар есейгенде стрессте болады. Ұят сезімі көлеңке болып жанынан қалмай жүреді. Себебі ол әкесі я анасы ішкенде көшеден сүйреп үйге әкелуі мүмкін. Оны ауладағылар, сыныптастары көреді, бұл балаға қатты ұят қой.
Бала қанша талантты, ақылды болса да, ол өз мүмкіндігіне сенбейді. Себебі бала өзін құнсыздандырғанға, абыройының төгілуіне үйреніп қалғандықтан өзіне сенуі қиын болады. Бір істі аяғына жеткізе алмайды. Себебі бала кезде бүгін әкем ішіп келе ме, дұрыс ұйықтай аламыз ба, сыртта ұйықтаймыз ба, ішіп келіп үйден қуып шыға ма деп алаңдап жүреді. Мұндай алаңдаған балада тұрақтылық болмайды.
Бұдан бөлек ата-анасы ішкен балалар тілалғыш болуы мүмкін. Әкесі я анасы "сен тілімді алмадың, содан соң ішіп келдім" деп ішкеніне баланы айыптауы мүмкін. Осылайша өз әрекеті үшін жауапкершілікті балаға артады. Бала ата-анасы өзінің қай әрекеті үшін ішіп келетінін білмей қиналады. Одан кейін бала барлығына өзін кінәлі сезініп, кінәлі болмас үшін бар нәрсені жасауға дайын тұрады.
МӘСЕЛЕНІ ҚАЛАЙ ШЕШЕМІЗ?
Бала кезден стресс, құнсыздандыруды көріп келген, басқалар үшін жауапкершілікті көп алған адамда бұл әрекеттер үйреншікті дағдыға айналып кетеді. Адам мәселесін шешем десе осы үйреншікті болып кеткен дағдыны өзгертуі керек. Бұл дағдыны 6 айдан 1 жылға дейін психолог маманның терапеясымен өзгертуге болады. Психологпен терапеяда өмірде көрген мәселелерді өн бойыңыздан өткізіп, жылап, ашуланып, қуанып, қызғанып, жек көріп, барлық сезімді араластырып, ара-жігін ажырата аласыз.
ЕСЕЙМЕГЕН АТА-АНАНЫ ПСИХОЛОГ ЕСЕЙТЕ АЛА МА?
Ересек адамдар психологқа барып, әрекеттерін өзгертуіне болады, бірақ бұл қиындау, себебі адам қартайған сайын психикасы қатая бастайды. Қартайған сайын адам регрессияға кетіп, бала қалпына келе бастайды. Бұдан бөлек, Совет одағынан шыққан адамдар психологқа барғысы келмейді. Егде тартқан адамдардың мәселесіне "контейнер" болатын балалары. Сондықтан үлкен кісілерді психологқа апарып әурелегенше, ол кісіге "контейнер" болатын ересек балалары психологқа барса деймін. Әрине, ата-ана өздігінен келісіп, психологқа барып жатса, бұл – құптарлық іс.
"Жаншипа" подкасының барлық эпизодын Youtube арнамыздан я Apple podcasts, Google podcasts платформаларынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз, шығады.