Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида Мирзияева президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Бұл жөнінде Мирзияевтің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов хабарлады.
Бұған дейін Азаттықтың Өзбек қызметі биліктегі дереккөздерге сүйене отырып, Мирзияеваның осы қызметке тағайындалатынын хабарлаған еді. Дереккөздердің айтуынша, бұл жаңарған президент әкімшілігіндегі ең жоғары қызмет болмақ.
38 жастағы Саида Мирзияева — президенттің отбасы мүшелерінің ішінде ең лауазымды қызметте отырғандардың бірі. Ал оның күйеуі Ойбек Тұрсынов — Өзбекстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі.
Саида Мирзияева 2019 жылдан 2022 жылға дейін президент әкімшілігі жанындағы ақпарат және коммуникация агенттігі директорының орынбасары қызметін атқарған. 2022 жылдан бастап ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мен қолдау қорының қамқоршылар кеңесі төрағасының орынбасары болған. Былтыр қарашада Шавкат Мирзияев қызы Саиданы президент әкімшілігі атқарушы аппаратының коммуникация және ақпарат саясаты секторының меңгерушісі қызметіне тағайындаған еді.
Азаттықтың Өзбек қызметінің зерттеуінше, Мирзияев билікке келгеннен кейін 20-дан астам туысы үкіметтегі жоғарғы қызметтерге тағайындалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық зерттеуі: Мирзияев Өзбекстанды үлкен әулетімен бірге басқарып отырОрталық Азия елдерінде президенттер балаларын маңызды қызметке тағайындап, маңына тарту үйреншікті жағдайға айналған. Олардың балалары жиі қызмет ауыстырып, көбінде қызметте жоғарылайды.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған тұста оның үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрайымы (биліктегі президенттен кейінгі екінші адам) болды. Түркіменстан президенті болған Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов президенттікке келген. Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон үлкен ұлы Рустам Эмомалиды парламенттің жоғары палатасының төрағасы етіп тағайындаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия президенттері және олардың биліктегі балалары