Дерна билігі үйінді астында қалған мәйіттерді тез таппаса, қаланы ауру жайлауы мүмкін деп қауіптенеді. Портты қаланың басшысы Абдулменам әл-Гаити саудиялық "Әл-Арабия" телернасына қаза тапқандар 20 мыңға жетуі мүмкін деген.
Қазіргі ресми мәлімет бойынша, 5 мыңнан аса адам қаза тапқан, кемі 10 мың адам жоғалған. Үйінді астынан, теңізден адамдар мен мәйіттерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Египет, Түркия, Италия, Сирия, Тунистен құтқарушылар келген. Ливияда билікке таласып жатқан екі топ құтқару жұмыстарында біріккендерін мәлімдеді. Түркиялық "Қызыл крест" Ливиядағы апатты жер сілкінісімен тең дейді.
Дернадағы тасқынға "Даниель" дауылы себеп болған. Дауыл қаладағы екі ірі дамбаны бұзып, дамбада жиналған су қалаға төгілген.
52 жастағы Усама әл-Хусади Reuters агенттігіне әйелі мен бес баласын іздестіріп жүргенін айтқан.
"Барлық жерді іздедім. Ауруханалардың, мектептердің бәрін кезіп шықтым, таппадым. Біздің әулетте 50 адамымыз жоғалды. Олар қаза тапты я әлі табылмады" деді көлік жүргізуші.
Хусади дауыл болған түні жұмыста болған.
Кірпіш зауытында жұмыс істеген 24 жастағы Уали Эддин Мохамед Адам 15 жақынынан және тоғыз досынан айырылған.
"Барлығын күшті тасқын ағызып әкетті. Алла кешіріп, жәннаттан орын бұйырсын" дейді ол.
Тасқыннан зардап шеккен ауданда отырған ер адам. 12 қыркүйек 2023 жыл.
Дауылдан кейінгі тасқын көпқабатты үйлер мен көліктердің бәрін жәйпап өткен. 12 қыркүйек 2023 жыл.
Египеттік Хасан әл-Салхин Ливиядағы дауылда қаза тапқан ұлы Әлиді жерлеу рәсімінен кейін жылап отыр. Хасанның ұлынан бөлек үш бауыры да қаза болған. Бени-Суэйф, Египет. 13 қыркүйек 2023 жыл.
Дауыл мен тасқыннан қираған Дерна қаласы.
"Даниель" – 2008 жылы Мьянма жағалауында болған "Наргис" дауылынан бергі ең ірі циклон. Мьянмадағы дауылдан 138 мыңға жуық адам қаза болған еді.
Ливияның дауыл мен тасқыннан қатты зардап шеккен Дерна қаласында үйінді астында қалған адамдарды іздеу әлі жалғасып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, 5 мыңнан аса адам қаза тауып, 10 мыңнан аса адам табылмай жатыр. Қала билігі қаза тапқандар 18 мыңнан 20 мыңға жетуі мүмкін деп қауіптенеді. Дернадағы тасқынға себеп болған «Даниель» дауылы– 2008 жылы Мьянма жағалауында болған «Наргис» дауылынан бергі ең ірі циклон.