19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта "антитеррористік операция" бастағанын мәлімдеді. Бакудың бұл мәлімдемесінен соң Қарабақта тұратын армяндар артиллериядан шабуыл басталғанын айтады.
"Степанакертте жарылыс естіліп жатыр. Балалар мен ата-аналар жертөлелерге түсті. Балконымнан әр жақтан жарылыс дауысы естіліп жатыр, тоқтар емес. Артиллерия қатты атқылап жатыр, атыс дауысы да толастар емес" деді Таулы Қарабақтағы тәуелсіз журналист Марут Ванян.
Азаттықтың Армян қызметінің хабарлауынша, 19 қыркүйек 11:10-да Әзербайжан күштері Қарабақтағы Аскеран ауданын атқылаған. "Эхо Кавказ" сайты Степанакерт қаласында әуе дабылы қағылғаны хабарланды.
Таулы Қарабақтағы армяндардың бақылауындағы аймақтың омбудсмені Гегам Степанян шабуылдан бір ересек адам, бір бала қаза тапқанын; сегіз бала, үш ересек адам жараланғанын айтады.
ЖАҒДАЙДЫҢ УШЫҒУЫНА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?
Әзербайжан ұлттық қауіпсіздік қызметі "Қарабақтағы армян әскерилері Ахмедбейли-Физули-Шуша автожолына диверсиялық жолмен кіріп, танкіге қарсы мина қойып кеткен. 19 қыркүйекте сол миналар жарылып екі бейбіт тұрғын қаза тапты" деп мәлімдеді.
Бұған қоса Баку Ходжавенд ауданындағы жолда да мина жарылып, төрт полицей қаза тапты деп отыр. Әзербайжанның айтуынша, бұл полицейлер "терроризм әрекеті болған жерге бара жатқан" дейді. Бұл екі жол да Ресейдің бітімгер әскерінің бақылауында еді.
Таулы Қарабақтың әскері Бакудың бұл мәлімдемелерін жоққа шығарып, "Әзербайжан жалған ақпарат таратып, әскери шабуылға сылтау іздеп тапты" деді.
БАКУДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Әзербайжан қорғаныс министрлігі Қарабақтағы әскери операцияны "арандату әрекеттерін тыю үшін", "Армения қарулы күштерін Әзербайжанға тиесілі жерлерден шығару үшін", "Әзербайжанның бейбіт тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" бастағанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, ресми Баку операцияның мақсаты "конституциялық құрылымды қалыпқа келтіру" деп отыр.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақтан армян әскери күштерінің толық шығуын, Степанакерттегі "режимнің" тарауын талап етті. Ведомство "аймақта бейбітке келісімге келудің жалғыз жолы – осы" дейді.
Әзербайжан әскерилері Қарабақта "дәлдігі жоғары қару қолданып", Армения қарулы күштерінің қаруларын жойып жатырмыз дейді. Елдің қорғаныс министрлігі бейбіт тұрғындарды Қарабақтағы қауіпті аймақтан эвакуациялау үшін гуманитарлық коридор мен қабылдау орталықтары ашылды дейді. Бірақ бұл ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
АРМЕНИЯ ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты елдің қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізіп, "Бірінші кезекте ресейлік бітімгерлер шара қабылдауы тиіс. Екіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен шара күтеміз" деді.
Қарабақтағы армян үкіметінің бұрынғы басшысы Рубен Варданян интернетте "аймаққа артиллериядан шабуыл жасалып жатқанын" жазды. Ол Арменияны тез арада "Таулы Қарабақты мойындап, Әзербайжаннан қорғауға шақырды".
Ал Армения қорғаныс министрлігі Қарабақта "армениялық әскерилер жоқ және болмаған" деп мәлімдеді.
"Әзербайжан тарабы Таулы Қарабақта Арменияның қарулы күштері, әскери техникалары бар деп тағы да жалған ақпарат таратып отыр" дейді ведомство.
Еуропа одағы Әзербайжанды Қарабаққа шабуылды тоқтатуға шақырды.
Ал Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Әзербайжан қорғаныс министрлігінің "ресейлік бітімгерлерге "антитеррорлық шара" туралы алдын ала ескерттік" деген мәлімдемесін жоққа шығарды. Ол "ресейлік әскерилер жағдай жайлы антитеррорлық шара басталардан бірер минут бұрын білді" дейді.
ТАУЛЫ ҚАРАБАҚҚА ТАЛАС
Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар басым. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады.
2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.
Биыл Таулы Қарабақта жағдай қайта ушығып, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптай бастады.