Баку мен Ереван келесі аптада Испанияда болатын президенттер кездесуіне дайындалып, дипломатиялық келіссөздер жүргізіп жатыр. Қос мемлекет арасындағы шешімі табылмаған мәселенің бірі – даулы көлік дәлізі. Армения Әзербайжан бұл дәлізге қол жеткізу арқылы территориямыздың көп бөлігін басып алғысы келеді дейді.
Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. Өткен аптада Әзербайжан Таулы Қарабақ өңіріне шабуылдағаннан кейін Арменияда босқындар көбейген.
26 қыркүйекте Брюссельде Арменияның премьер-министрі Николь Пашинян мен Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің кеңесшілері кездесті. Бұл – 5 қазанда Испанияда өтетін президенттер кездесуіне дайындықтың бір бөлігі.
Бейбіт келісім жасалса, бұл Армения мен Әзербайжан арасындағы көп жылға созылған кикілжіңге қағаз жүзінде болсын нүкте қояр еді. Армения көршісі бейбіт келісімге мүдделі емес, Баку территориямызды басып алғысы келеді деп қауіптенеді.
20 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабаққа 24 сағаттық шабуыл жасады. Нәтижесінде өңірді 1990-жылдардан бері басқарып келе жатқан этникалық армяндардың сепаратистік құрылымы жеңілді. Қос мемлекет көп жылдан бері Таулы Қарабақтағы этникалық армян халқының тағдырын шеше алмай келе жатыр еді.
Әзербайжан Таулы Қарабақ армяндарын өздеріне тартып, реинтеграциялауға тырысып жатыр. Бірақ өңірден көшіп жатқан армян көп.
Пашинян мен оның одақтастары әлі де бейбіт келісімге мүдделі екендерін жеткізді. "Арамыз жақын, бейбіт келісімге келуге тарихи мүмкіндік бар. Бітпейтін соғыстан ешкімге пайда жоқ", – деді парламент спикері Ален Симонян.
Баку мен Ереван қанша жылдан бері Таулы Қарабаққа таласып келеді. Армения қолдайтын сепаратистер 1990-жылдардың басындағы 30 мың адам қаза тапқан соғыс кезінде Әзербайжанның армяндар көп тұратын өңірін басып алған. Кикілжің дипломатиялық жолмен шешілмеді. 2020 жылы тараптар арасында тағы да соғыс басталды. Қарулы қақтығыс 6 аптаға созылды. Армения Таулы Қарабақтың біраз бөлігінен және шекараға жақын 7 ауданынан айырылып қалды.
2022 жылы Армения мен Әзербайжан бейбіт келісім бойынша келіссөз бастады. Келісімге сәйкес, мемлекеттердің бір-біріне деген территориялық талаптары жойылып, 30 жылға үзілген дипломатиялық қарым-қатынастар мен көлік байланысы қалпына келіп, ортақ шекара белгіленуі керек еді. Бірақ келіссөздер Қарабақ мәселесін бейбіт жолмен шешуге көмектесе алмады.
Армения мен Әзербайжан басшылары талқылауы керек көп мәселенің бірі – көлік байланысын қалпына келтіру. Әзербайжан мен оның негізгі одақтасы Түркия Армения өз территориясы арқылы Баку мен елдің эксклавы Нахчыванды байланыстыратын жол салуға рұқсат етуі керек деген талабынан бас тартқандай болып отыр.
Carnegie Europe сарапшысы Томас де Вааль "Таулы Қарабақ толықтай Әзербайжанға өткеннен кейін ендігі маңызды түйін қос мемлекет арасындағы көлік мәселесі" деп жазды.
Әңгіме Зангезур дәлізі туралы болып отыр. Бұл жер 2020 жылғы Армения мен Әзербайжан арасындағы оқ атуды тоқтату туралы келісім нәтижесінде пайда болған. Бұл келісімге сәйкес, Армения Әзербайжанның құрлық бөлігі мен Нахчыван арасындағы көлік байланысының қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек. Құжатта нақты бір бағыт көрсетілмеген, бірақ Әзербайжан мен Нахчыван арасындағы ең қысқа жол Арменияның Сюник облысы арқылы өтеді. Әзербайжанда бұл жолды Зангезур деп атайды.
2020 жылғы келісім бойынша, бұл жолдағы қозғалысқа кедергі жасалмауы керек. Бірақ тараптар не нәрсе кедергі саналады дегенге келгенде келісе алмай қала береді. Басында Әзербайжан бұл жолда Арменияның шекарашылары тұрмасын, жүк көліктерін тексермесін деді.
Бұл бағыт Әзербайжан мен Нахчыванмен шекаралас Түркияның байланысын нығайтады. Әзербайжан мен Түркияның өкілетті тұлғалары Зангезур Стамбулдан Орталық Азияға дейінгі бүкіл түркі әлемін байланыстырады деп, дәліздің болашағынан зор үміт күтеді.
Армения бұл талапқа келіссек, территориямыздың стратегиялық маңызды бөлігінің тәуелсіздігіне қауіп төнеді деп алаңдайды. Бұл бағыт Иран шекарасына жақын маңнан өтеді. Ал бұл Арменияның маңызды сауда серіктесі Иранмен байланысын қиындатады.
Иран да Армениямен шекарасын жабуға жол бермейтінін айтып, қарсылық білдірген. Әзербайжан президенті Әлиев қаңтарда "Зангезур дәлізі – тарихи қажеттілік. Армения мұны қаласа да, қаламаса да, бұл жоба жүзеге асады" деп, Арменияның күдігін одан әрі күшейткен.
Осы айда Әзербайжан Таулы Қарабаққа шабуылдамай тұрып, Ердоған БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзінде Армения Зангезур дәлізі бойынша міндеттемелерін орындамай отыр деді. Түркияның мемлекеттік ақпарат құралдары бұл тақырыпты көп көтерді.
Таулы Қарабақ басшылары капитуляция жариялаған күні Илхам Әлиевтің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Хикмет Гаджиев Түркияның позициясына ұқсас мәлімдеме жасады.
Әзербайжан Таулы Қарабақты қайтарған соң, Арменияға шабуыл жасайды деген қауіп бар. 26 қыркүйекте Әлиев Нахчыванда Ердоғанмен кездесті. Әзербайжан мен Түркия президенттері Таулы Қарабақтағы жеңісін тойлады. Әлиев Армения туралы ештеңе айтқан жоқ. Ол Зангезур дәлізін атамай, жай ғана "Әзербайжанды Нахчыванмен және Түркиямен байланыстыратын темір жол құрылысы жақсы жүріп жатыр. Әзербайжан жеріндегі құрылыс жұмыстары келер жылдың соңында бітеді" деді.
Ердоған Түркияға оралған соң, ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл жобаға Арменияның рұқсаты керегі жоқ деген пікір айтты.
– Армения келіспесе, дәліз Иран арқылы өтеді. Иран бұл ұсынысқа жақсы қарап отыр. Сонда Иран арқылы Әзербайжанға шығамыз, – деді Ердоған. Ол кейінірек министрлер кабинетінің отырысында да осы сөзін қайталады.
Әзербайжанның өкілетті тұлғалары Ердоғанның сөзін растайтын пікір білдірмеді. Бірақ 17 қыркүйекте Әзербайжанның қауіпсіздік қызметіне қатысы бар Haqqin.az сайтында жарияланған мақалада осы идея қамтылған. Онда Иран арқылы өтетін Шығыс және Армения арқылы салынатын Батыс Зангезур дәлізі туралы айтылады. Автор ойын "Ереван Батыс Зангезур дәлізінің ашылуын кейінгі қалдыра берсе, Әзербайжан Иранмен бірге Шығыс Зангезур дәлізін ашады, ал Армения тағы да маңызды стратегиялық жобадан тыс қалып, ұтылады" деп қорытындылайды.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің жоғары шенді өкілі Бакуге Иран бағыты да жарайтынын айтты.
– Доп Арменияның аяғының астында жатыр. Ереван 30 жылға созылған оқшауланудан кейін сыртқы әлеммен құрлық байланысын орнатқысы келсе, Зангезур дәлізі бойынша міндеттемелерін орындауы керек. Болмаса, Иран арқылы көреміз, – деді ол.
"Армения дәліздегі қозғалысты бақылай ала ма?" деген сұраққа шенеунік "Бұл қосалқы мәселе, оны келіссөздер арқылы шешуге болады. Бастысы, дәлізді ашу" деп жауап берді.
Бакуде тұратын саясаттанушы Фуад Шабхаз "Әзербайжан Пашинянға қысым жасағысы келмейді, өйткені қазір Арменияда Таулы Қарабақ тұрғындарының тағдырына алаңдаған жұрт онсыз да билікке наразы болып отыр" дейді.
Әзербайжан Арменияда толқу болса, Бакуден есе қайтарғысы келетін күштер билікке келуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан Арменияға қоғам наразылығын басуға уақыт береді.
20 қыркүйекте Илхам Әлиев Таулы Қарабақтағы жеңісінен кейін халыққа арнаған үндеуінде Арменияның қарулы күштері қақтығысқа қатыспайды деген Никол Пашинянды мақтады.
– Кеше, бүгін Армения күтпеген жерден саяси біліктілік көрсетті, біз мұны жоғары бағалаймыз. Қарсы тарапта реваншистік идеялар болмауын қамтамасыз етуіміз керек. Олардың жеріне көз тігіп отырмағанымызды жеткізу маңызды. Біз Арменияның территориялық тұтастығын мойындаймыз, – деді Әлиев.
Баку дәліз мәселесін бейбіт келісімге қоспауы мүмкін. Шабхаздың болжамынша, Әзербайжан бұл тақырыпқа кейін оралады. Бірақ Армениядағы жағдай түзелгенін күтеді.
Арменияның өкілетті тұлғалары көлік дәлізіне қатысты позициясын өзгертпеді. Олар өңірлік көлік байланысын жаңғыртқысы келеді, бірақ өздерінің бақылауында болмайтын жолдан бас тартып отыр.
25 қыркүйекте Арменияның территориялық басқару және инфрақұрылым министрі Гнел Саносян "Біз экстратерриториялық дәлізге келіспейміз" деді.
Кей сарапшылар пікірінше, Әзербайжан мен Түркияның Иран арқылы дәліз ашамыз деуі Арменияны көндіру үшін жасалған тактикалық әдіс болуы мүмкін.
– Әзербайжан мен Түркия Армения арқылы өтетін ықтимал көлік байланысын ұмытып кетеді дегенге сенбеймін. Иран арқылы балама жол болуы мүмкін, бірақ ол негізгі бағыт бола алмайды. Баку Зангезур дәлізін ашуға көндіріп, бірқатар территориялық талаптар қоятын сәтін күтіп отыр. Армения бұл талаптарға келісе алмайды. Әзербайжан оның жауабын соғысқа сылтау етеді, – дейді Еревандағы саяси және экономикалық стратегиялық зерттеулер орталығының негізін қалаушы Беньямин Погосян.