Өзбекстанда балалардың дәріден улануы неге жиілеп кетті?

Саида Мирзияева дәріден уланған балалардың жағдайын сұрап тұр.

Өзбекстанда йод тапшылығына қарсы күрес науқаны аясында ондаған бала уланып қалды. Былтыр қыста шетелден импортталған тұмауға қарсы сироптан 65 бала көз жұмған еді. Бірақ биылғы дауға үкіметтің қатысы көп.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы әрі көмекшісі Саида Мирзияева Ташкент іргесіндегі ауруханада жатқан балалардың хәлін сұрап барды. Бұл – мәселенің қаншалық өзекті екенін көрсетсе керек.

Министрдің журналистерге бұл тақырыпты қазбалаудың қажеті жоқ деуі – билік бірнәрсені жасырғысы келеді деген сөз.

Бір аптадан бері Өзбекстанның ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерінде йод тапшылығына қарсы ұлттық науқан аясында берілген дәрілерден кейін ондаған бала ауруханаға түскені туралы хабар тарап жатыр.

Билік балалардың осы дәрі-дәрмектен уланғанын мойындағысы келмейді. Мұның өз себебі бар.

Былтыр қыста Үндістаннан сатып алынған тұмауға қарсы дәрі ішкен 65 бала қайтыс болды. Бұл фармацевтика нарығында бақылаудың жоқтығы мен жемқорлықтың белең алуына қарсы наразылық туғызды.

Йод тапшылығына қарсы науқаннан кейін ауруханаға түскен балалардың бәрі тірі. Сонда да оқиға мәселе үкімет үшін қолайсыз болып тұр. Өзбекстан 6,5 миллион балаға тиісті профилактикалық емді тым жоғары бағада алған.

Өткен аптада Наманган және Әндіжан облыстарында балалардың ауруханаға түскені туралы хабар тарағаннан кейін мемлекет жауапкершілігі туралы мәселе көтерілді.

Ұлыбританиядағы Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының директоры Әлішер Ильхамов мүдделер қайшылығы болған деп есептейді.

– Компания мемлекеттік шенеунікке пара берген немесе жоғарыда отырған ықпалды тұлғалармен байланысқан, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ТАЛҚЫ

23 қыркүйекте Саида Мирзияева Наманған облысына сапарында бас прокуратураның 70 баланың ауруханаға түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғағанын айтты. Telegram-арнасында жарияланған суреттерде Мирзияева ақ халат киіп, науқас балалардың жанында тұр.

Ресми хабарламаға сәйкес, Мирзияева Наманғанға президенттің тапсырмасымен барған. Осыған дейін президент әкімшілігі балалардың жаппай ауруханаға түсуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп еді.

– Жағдайды өз көзімізбен көріп, науқас балалардың хәлін сұрау үшін келдік. Балалардың көңіл-күйі жақсы, ақырындап жазылып келе жатыр. Көбі ауруханадан шығып, отбасына оралды, – делінген Мирзияеваның Telegram-арнасында.

27 қыркүйекте денсаулық сақтау министрінің орынбасары Эльмира Баситханова жергілікті "Само" фармацевтикалық компаниясы өндірген "Антиструмин" калий йодиді таблеткалары мен балалардың жаппай ауыруының арасында байланыс бары әзірге дәлелденген жоқ деді.

22 қыркүйекте антиструмин қолданысына тыйым салған денсаулық сақтау министрі аурудың өршуіне тұмау себеп болуы мүмкін деп топшылады.

Осы аптада республикалық жедел медициналық көмек ғылыми орталығының дәрігері Ориф Инамов антиструминнің улы әсері жоқ деді.

– Дәріні көп мөлшерде ішсе, зәрмен шығып кетеді, – деді ол.

Инамов "Онда балалардың асқазанын неге тазалап жатыр?" деген сұраққа жауап бергісі келмеді. Дәрігер балалардың қан сараптамасы туралы да ештеңе айтпады.

Антиструмин

Инамов йод тапшылығына қарсы күрес науқаны басталған 20 қыркүйектен бастап науқастардың көбеюіне әлеуметтік желідегі шу әсер етті деп есептейді. Дәрігердің сөзінше, балалардың көбі салмақты емді қажет етпейді.

Интернеттегі ең танымал өзбек дәрігері, Youtube-та 3,6 миллион оқырманы бар тәуелсіз медициналық қызметкер Нодирбек Ишанов бұл пікірге келіспейді.

Ол осы аптада жариялаған видеосында денсаулық сақтау министрлігінің құжатында көрсетілген дәрі мөлшері жоғары екенін, осыдан кері әсер болғанын айтады.

ТЕНДЕР ТУРАЛЫ ПРОВОКАЦИЯЛЫҚ РЕПОРТАЖ

Ишановтың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі үлкен және кіші балаларға 1000 және 500 милиграмм йод ішу керек деген. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған мөлшерден бірнеше есе көп. Билік бұл ақпаратты йод тапшылығына қарсы науқанға арналған сайтқа да жариялаған еді.

Сонда дәрінің сапасы жақсы, мәселе тек мөлшерінде болғаны ма? Мүмкін.

Бұл оқиға дәріні өндіруші "Само" компаниясына және оның бұл келісімшартқа қалай қол жеткізгеніне назар аударды.

Gazeta.uz газеті жүргізген зерттеуден кейін тағы көп сұрақ туды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

26 қыркүйекте журналистер мемлекеттік сатып алулар порталынан деректер жариялады. Онда денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек сатып алуға жауапты "Узмедимпекс" компаниясының екі партияға бөліп, 3,5 миллион қаптама антиструмин сатып алғаны айтылады. Былтыр дәрінің бір қаптамасы мемлекетке 5500 сомға (0,45 доллар), биыл 6600 сомға (0,54 доллар) түскен.

Журналистер бұл кезде Өзбекстандағы интернет дәріханаларда антиструминнің бір қаптамасы 3 мың сомнан сатылғанын анықтаған. Бұл мемлекет дәріні көтерме бағамен алса да, оған бөлшек бағасынан 2 есе қымбат ақша төлегенін көрсетеді.

Дәріханалар антиструмин жарнамасын тоқтатты. Бірақ дәріхана иегерлерінің бірі баға бұрынғы қалпында қалғанын растады.

27 қыркүйекте денсаулық сақтау министрі Амрилло Иноятов журналистер сұрағына жауап беріп, антиструминнің мемлекет алған бағадан да арзанға сатылып жатқаны мүмкін емес деді. Министр мұндай мәлімдемелерді арандату деп атады.

Министрдің көмекшісі дәріні бұдан да арзанға алуға тырысқандарын, бірақ компания келіспегенін айтты.

АЛҒЫС БЕЛГІСІ

Бұл баспасөз конференциясына Gazeta.uz журналистері шақырылмады. Олар шараға қатысқан журналистер арқылы ақпарат алды. Өзбекстандағы журналистиканың күйі осы.

Баспасөз конференциясына қатысқан Daryo атты жекеменшік басылым шарадан толық репортаж жариялады, бірақ кейін материалын өшіріп тастады. Мақаланың соңғы нұсқасында Иноятовтың журналистерді бұл тақырыпты көтермеуге шақырғаны жазылмаған.

Gazeta.uz әріптестеріне сілтеп, министрдің журналистерге бұл тақырыпқа терең бойламауға кеңес бергенін айтты.

– Бұл мәселемен айналысып жатқан ұйымдар бар. Олар бәрін ашық зерттеп жатыр, – деді Иноятов.

25 қыркүйекте денсаулық сақтау министрлігі "Само" компаниясына қатысты өз зерттеуін бастады. Компания иегерлерінің өмірбаяны біраз күмән туғызып отыр. Осы аптада бірқатар ақпарат құралы жариялаған құжаттарға сәйкес, отбасылық бизнестің басында тұрған төрт адамның әкесі мен тегі бір.

Компанияның негізін қалаушылардың бірі – Нодир Юнусов. Ол Ташкентте компанияны жарнамалау үшін ұйымдастырылған шарада көзге түскен. Kun.uz сайтының дерегінше, Юнусов АҚШ үкіметі адам саудасы, адам құқықтарын бұзу және қаржылық қылмыстарға қатысы бар деген айыппен 10 жыл бойы іздеген адамға ұқсайды.

АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының сайтында Юнусовқа ұқсайтын адамның құқық қорғау органдары Giant Labor ұйымы қудалана бастағаннан кейін АҚШ-тан қашып кеткені айтылады.

Kun.uz сайты "Само" компаниясына жазып, Юнусовтың түр-тұлғасына қатысты сұрақтар қойған. Компания өкілі басылымның нөмірін бұғаттап тастаған.

Былтыр тұмауға қарсы сироптан болған ықтимал балалар өлімінен кейін биліктің биылғы жағдайға қатысты неге алаңдап отырғаны түсінікті.

Қазір бір кездері дәріханаларда рецептісіз сатылған Doc-1 Max сиропы бойынша сот процесі жүріп жатыр. Өзбекстан шенеуніктері дәріні сараптамадан өткізбегені үшін Үндістан азаматы, Quramax Medical компаниясының өкілінен 33 мың доллар пара алды деп айыпталып отыр.

Reuters агенттігінің 16 тамыздағы дерегінше, шенеуніктермен бірге тергеуге алынған Үндістан азаматы Рагвенда Пратар сотқа берілген ақшаны "алғыс белгісі" деп түсінгенін айтқан.