Тәжікстан президентінің қызы мемлекеттің көмегімен фармкорпорация құрып жатыр

Иллюстрация авторы: Любовь Моисеенко

Тәжікстанның авторитар президенті Эмомали Рахмонның бесінші қызы Парвина Рахмонованы көп адам тани бермейді. Бірақ оның меншігіндегі фармацевтика компаниясы мемлекеттік келісімшарттардың арқасында миллиондаған доллар табыс тауып, елдің денсаулық сақтау саласындағы жетекші кәсіпорынға айналған.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының зерттеуі Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жалпақ жұрт жыға танымайтын қызының медициналық империясы, мемлекеттің мол қаржысы мен жарнамасының арқасында тасы өрге домалап, жақсы табыс тауып жатқанын, ал оның күйеуі Тәжікстанның Түркиядағы елшісі қызметінде жүріп, әйеліне лобби қызметін көрсететінін анықтады.

Парвина Рахмонова – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның бесінші қызы. Рахмон билікте отырған 30 жылда оның көп туысы жоғары лауазымдарға ие болып, қисапсыз байлық жинады. Эмомали Рахмонның басқа балаларымен салыстырғанда, Парвинаны көпшілік жете тани бермейді. Оны отбасылық суреттерден сирек көресіз. 2021 жылдан бері күйеуі Ашраф Гулов жұмыс істейтін Тәжікстанның Түркиядағы елшілігінің сайтында да аты жазылмаған. Азаттық Парвинаның туған күнін анықтай алмады, бірақ оның кемінде бір ересек қызы бары белгілі.

Парвина Рахмонованың меншігіндегі Sifat Pharma компаниясы Тәжікстанның дәрі-дәрмек нарығындағы көшбасшы атанған. 2017 жылы құрылған компания мемлекеттен миллиондаған қаржы алады. Душанбедегі 20 дәріхана осы компанияға қарайды. Тәжікстан үкіметі пандемия кезінде шетелден өкпені жасанды желдету аппараты мен дәрі-дәрмек сатып алғанда, импортқа дәл осы компания жауапты болған.

Парвина Рахмонованың кәсіпорнын мемлекеттік арналар жарнамалайды. Компанияның ашылу салтанатына денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысқан.

Парвина Рахмонованың Sifat Pharma компаниясын жалғыз басқаратынын не мемлекеттік органдар, не ақпарат құралдары айтқан емес. Бірақ оңаша әңгімелескенде мұны бәрі растайды.

Денсаулық сақтау саласында істейтін тәжік кәсіпкер Душанбедегі іскерлік кездесулерде Sifat Pharma филиалдарының бірінің директоры компания президенттің қызына тиесілі дейтінін айтады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (ортада) отбасымен бірге. Оң жақтан екінші тұрған – президенттің бесінші қызы, Sifat Pharma фармацевтика компаниясының иесі Парвина Рахмонова.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосы одан бөлек мынадай ақпарат тапты:

  • Pharma директоры Шерали Холов Тәжікстан халықаралық банкінің акцияларына ие. Озоди радиосының осыған дейінгі зерттеуінде бұл банктің Парвина Рахмонованың күйеуі Ашраф Гуловтың ағасымен байланысы әшкере болған еді;
  • Pharma еншілес компаниясының директоры бәсекелестеріне өз компаниясы қатысатын мемлекеттік тендерлерден аулақ жүруге кеңес береді. Бұл туралы осы салада істейтін екі кәсіпкер айтты;
  • Президент Рахмон қызының компаниясы мен француз фармацевтика компаниясының арасында іскерлік байланыс орнатуға ықпал еткен;
  • Парвина Рахмонованың қызы иелік ететін Sifat Pharma компаниясының еншілес ұйымы мемлекеттен ұтымды келісімшарттар алған.

Азаттық радиосы Sifat Pharma компаниясына, Ашраф Гуловке, денсаулық сақтау министрлігі мен президент әкімшілігіне Sifat Pharma компаниясына көрсетілген мемлекеттік қолдау туралы сұрақтар жіберді. Осы материал жарияланғанға дейін редакция сұрақтарына жауап келген жоқ.

МЕМЛЕКЕТ КӨМЕГІМЕН

2017 жылы қыркүйектің аяғында президент резиденциясына жақын ғимаратта Sifat Pharma компаниясы сән-салтанатпен ашылды: арнайы шақырылған өкілетті адамдар мен өзге де қонақтар ақ, қызғылт түсті шарлармен безендірілген арканың астынан өтті. Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Саида Умарзода өз сөзінде компания "халықты сапалы дәрі-дәрмекпен қамтуда елеулі рөл атқарып", "елдің фармацевтика нарығын дамытуға үлес қосады" деді. Бұл туралы министрліктің есебінде жазылған. Шарадан ұлттық жаңалықтар агенттігі хабар таратты.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, компания сол кездің өзінде Тәжікстанды халықаралық стандарттарға сай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Беларусь, Иран мен Үндістанның денсаулық сақтау министрліктерімен келісімшартқа отырып үлгерген.

Ашылу салтанаты өткенде компанияның құрылғанына небәрі 5 ай болған еді. Sifat Pharma 2017 жылғы 2 мамырда тіркелген. Компанияның жалғыз иесі – Парвина Рахмонова. Бірақ ашылу салтанатында түсірілген суреттерде Рахмонованың өзі жоқ, министрлік те президенттің қызының аты-жөнін атамаған. Әйткенмен бұл шараға Парвинаның қайын атасы, бұрынғы өнеркәсіп және энергетика министрі Шерали Гул қатысқан.

Sifat Pharma фармацевтика компаниясының ашылу рәсімі. Душанбе, 2017 жылдың қыркүйек айы.

Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында көрсетілген келісімшарттан бөлек, Рахмонованың компаниясы мемлекеттен көп көмек алған.

Компания құрылған сәттен 2023 жылдың қыркүйегіне дейін денсаулық сақтау министрлігімен және мемлекеттік медициналық ұйымдармен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша жалпы құны 5,5 млн доллардың келісімшартын жасасқан. Sifat Pharma екі еншілес компаниясы – медициналық киім шығаратын Sifat Sanoat және медициналық қызмет көрсететін Tibbi Tojik – 326 000 доллардың мемлекеттік тендерін жеңіп алған. Азаттықтың қолында бұл деректерді растайтын құжаттар бар.

Рахмонованың бизнес империясының жалпы құнын анықтау мүмкін болмады. Тәжікстан үкіметі компанияның салық төлемдері, өкілетті тұлғалардың мүлкі туралы деректер (Рахмонованың күйеуі елші ретінде осындай есеп беруі тиіс) мен табыс декларациясын жарияламайды.

2019 жылы мемлекеттік қызмет агенттігінің басшысы тәжік қоғамы шенеуніктер мен олардың туыстарының табысы туралы міндетті декларацияны жариялауға "дайын емес" деп мәлімдеген.

"Қоғам менталитеті мен түсінігі Батыс қоғамымен бір деңгейге жеткенде табыс декларациясын ұсынамыз", – деді агенттік басшысы Джума Давлатзода.

Sifat Pharma сайтының дерегінше, компанияның Тәжікстанда 18 дәріханасы бар, оның 16-сы Душанбеде орналасқан.

Азаттық қарап шыққан кеден құжаттарында Sifat Pharma компаниясының 2018 жылдан бері шетелден 3,2 млн доллардың тауарын (негізінен дәрі-дәрмек) әкелгені жазылған; оған дейінгі деректер жоқ. Жалпы сома бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені көп тауардың бағасы көрсетілмеген.

Рахмонованың компаниясы мемлекеттен жоғары деңгейде қолдау алып отырған. 2019 жылдың қараша айында президент Эмомали Рахмон Францияға жасаған сапары кезінде инвесторлармен және кәсіпкерлермен кездесіп, "коммерциялық және экономикалық қатынастарды кеңейту мүмкіндігін" талқылаған.

Эмомали Рахмон (сол жақта) Тәжікстан мен Франция кәсіпкерлері кеңесінің отырысында Германия үкіметінің өкілдерімен кездесіп отыр. Париж, 17 қараша, 2019 жыл. Дәл сол күні Sifat Pharma компаниясы француз әріптесімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Рахмон Тәжікстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтқан осы кездесуден кейін басқа тәжік компанияларымен қатар Sifat Pharma француздың Laboratoire Innotech фармкомпаниясымен серіктестік туралы келісімге отырды.

Бірнеше айдан кейін COVID-19 пандемиясы кезінде Рахмонованың компаниясы мемлекетке өкпені жасанды желдету аппараты мен дәрі-дәрмек жеткізіп тұрды. 2020 жылы сәуірде мемлекет дәрі-дәрмек пен немістің Lowenstein Medical Technology компаниясы шығарған өкпені жасанды желдету аппаратына 11 млн сомони (сол кездегі валюта бағамы бойынша шамамен 1,1 млн доллар) төлеген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, мемлекеттік сатып алу Sifat Pharma компаниясы арқылы жүрген.

Lowenstein Medical Technology компаниясы Азаттықтың өкпені жасанды желдету аппаратының бағасы туралы хаты мен телефон қоңырауларына жауап бермеді.

2021 жылы қазанда шыққан Тәжікстанның инвестициялық мүмкіндіктері деген ресми шолуда Sifat Pharma елдің дәрі-дәрмек нарығындағы ең маңызды үш компанияның бірі деп көрсетілген.

"ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗЫНЫҢ КОМПАНИЯСЫ"

Эмомали Рахмон 1990-жылдары жоғары билікке келгелі бері президенттің балалары, келіндері мен күйеубалалары және олардың туыстары аста-төк байлық пен зор саяси ықпалға ие болды.

Рахмонның 9 баласының үшеуі жоғары мемлекеттік қызметте істейді. 35 жастағы Рустам Эмомали – парламенттің жоғарғы палатасын және Душанбе қаласын басқарады, көпшілік оны президент әкесінің мұрагері, билік тізгіні кейін соның қолына өтеді деп есептейді. Әкесі отставкаға кеткен жағдайда да, жоғарғы палатаның спикері ретінде президент қызметін атқару міндеті Рустам Эмомалиге өтеді.

Рустам Эмомалидің қолындағы медиаресурстар да Парвина Рахмонованың іскерлік мүддесіне жұмыс істейді. Мысалы, Душанбе-ТВ Sifat Pharma еншілес компаниясы Sifat Sanoat туралы 20 минуттық репортаж түсірген. Журналистер компания тігетін медициналық киімдердің сапасын мақтап, кәсіпорынның қанша адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтады. Репортаждың нақты қай күні шыққаны белгісіз, бірақ видео Youtube арнасына 2022 жылы жүктелген.

Душанбе-ТВ Душанбе әкімдігіне қарайды. Қаланы 2017 жылдан бастап Рустам Эмомали басқарады. Азаттық телеарнаға хабарласып, пікір алуға тырысты, бірақ ақпарат құралымен байланыса алмады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзінен кейін билік тізгінін ұстайтын мұрагері саналатын баласы, Тәжікстан парламенті жоғары палатасының спикері әрі Душанбе қаласының әкімі Рустам Эмомалимен (сол жақта) бірге тұр.

Аталған репортажда Sifat Sanoat директоры Хокимшо Идиев кәсіпкерлерді жаңа жұмыс орындарын ашуға шақырады.

– Кәсіпкерлердің ұлттық сезімін ояту керек, сонда олар президенттің саясатын жүзеге асыруға тырысады. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі, – дейді ол.

Дәл осы салада істейтін екі кәсіпкер Азаттықтың Тәжік қызметіне ақпарат беріп (аты-жөнін атамауды өтінді), "Идиев бәсекелестеріне қысым көрсетіп, медициналық киім тігу бойынша мемлекеттік тендерге қатыстырмайды" деді.

– Тендерге қатысқым келіп, кеңес сұрау үшін Идиевқа хабарластым. Ол "Әуре болма, бұл – біздің тендер" деді. Содан кейін қатыспадым, – дейді кәсіпкерлердің бірі.

Тағы бір компания иесі Идиевтің медициналық киім тігуден мемлекеттік тендерге жолатпағанын растады. Бір кәсіпкер Душанбедегі іскерлік кездесулерде Идиев Sifat Sanoat "президенттің қызының компаниясы" деп жүргенін айтты. Идиев журналистер сұрағына жауап бермеді.

Душанбе-ТВ репортажында Идиев Sifat Sanoat медициналық колледждер мен Душанбедегі жол шаруашылығы басқармасына қызмет көрсетеді дейді. Мемлекеттік сатып алулар туралы деректерге сәйкес, Sifat Sanoat 2019 жылдың наурызынан бастап мемлекеттен 142 500 доллар көлемінде ақша алған.

Sifat Sanoat мүддесін Тәжікстанның Түркиядағы елшісі, Парвина Рахмонованың күйеуі Ашраф Гулов қорғайды.

ӘКІМШІЛІК РЕСУРС

2022 жылы шілдеде "Ховар" мемлекеттік жаңалықтар агенттігі Ашраф Гуловтың бастамасымен Тәжікстанға түрік кәсіпкерлері келгенін хабарлады.

Агенттік дерегінше, бұл шарадан Гуловтың әйелі көп пайда көрген: Sifat Sanoat пен түріктің Dundarlar компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Репортажда Sifat Sanoat логотипі мен медициналық киім тігіп жатқан әйел көрсетіледі. Ашраф Гулов Тәжікстанның Түркиядағы елшілігіне жіберілген сұрақтарға жауап бермеді.

Гулов бұрын да қызметін пайдаланып, әйелінің коммерциялық байланыстарын нығайтуға тырысқан.

Ашраф Гулов – Парвина Рахмонованың жұбайы, Тәжікстанның Түркиядағы елшісі. Ол Тәжікстанда фармацевтика саласындағы көшбасшыға айналған әйелінің компаниясына екіжақты әріптестікті дамытуға үнемі атсалысады.

2021 жылы қарашада Гулов медицина және фармакология саласындағы тәжік және түрік компаниялары арасындағы серіктестік туралы вебинар өткізген. Бұл туралы Тәжікстанның Түркиядағы елшілігінің сайты жазған. Вебинарда аталған салалардағы серіктестің маңызы талқыланған. Бірақ кездесудің видеосы не хаттамасы жоқ. Вебинар қатысушыларының скриншотында Sifat Pharma бас директоры Шерали Холов бар.

Тәжікстан президентінің сайтында Холов Душанбеде балабақша салған "патриот кәсіпкер" деп аталады. Оның Парвина Рахмоновамен ғана емес, Гуловтың басқа туыстарымен де іскерлік байланысы бар. Шерали Холов Тәжікстан халықаралық банкіне иелік етеді. Банк Гуловтың бауыры Жамшедтің екі компаниясымен серіктес.

ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІП

Тәжікстанның Түркиядағы елшілігінің сайтында Ашраф Гуловтың әйелі мен бес баласы бары жазылған. Бірақ онда президенттің қызына үйленгені айтылмайды, әйелінің аты-жөні көрсетілмеген.

Тәжікстан сауда реестрінің дерегінше, Гулов пен Рахмонованың қыздарының бірі анасының бизнес империясына қосылған: ол Sifat Phama еншілес компаниясын құрып, мемлекеттен келісімшарт алып отыр. Sifat Tabobat компаниясы 2018 жылы ақпанда құрылған. Компанияның жалғыз иегері – Парвина Рахмонова мен Ашраф Гуловтың қызы Рамзия Гулова. Ол кезде жас қыз университеттің бірінші курсында оқитын. Кейін компания атауы Tibbi Tojik деп өзгерді. Бұл Sifat Pharma қарасты төрт еншілес компаниясының бірі.

Мемлекеттік сатып алулар бойынша деректерде 2022 жылдан бері медициналық қызмет көрсетуші Tibbi Tojik мемлекетпен 184 000 долларға келісімшарт жасасқаны айтылады. Компания клиенттерінің арасында Гафур ауданындағы орталық аурухана мен Душанбедегі мемлекеттік эпизоотияға қарсы орталық бар.

Рамзия Гулова туралы ақпарат аз. Азаттық ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сүйеніп, кейінгі жылдары Гулованың Душанбедегі Ресей-Тәжік университетінде оқығанын анықтады. 2018 сәуірде шыққан студенттік басылымда Парвина Рахмонова мен Ашраф Гуловтың университет шарасына қатысқаны жазылған. Бұл шарада Рамзия Гулова модератор болған.

Азаттық Tibbi Tojik компаниясының электронды поштасы не нөмірін таба алмады. Сондықтан Гуловаға Жамшед Хамидовтың WhatsApp нөмірі арқылы сұрақтар жіберді. 2019 жылы қарашада Тәжікстан президенті Францияға барғанда Sifat Pharma компаниясының атынан француз серіктестерімен келісімге дәл осы Хамидов қол қойған.

Тәжікстан президентінің Францияға сапары кезінде Sifat Pharma компаниясының өкілі Жамшед Хамидов (сол жақта) француздың Laboratoire Innotech International компаниясының өкілімен бірге екіжақты келісімге қол қойып отыр. Париж, 17 қараша, 2019 жыл.

Хамидов журналистерге жауабында қазір Tibbi Tojik компаниясында істеп жатқанын, Sifat Pharma байланысы жоғын жазды. Ол журналистер сұрағын оқыды, бірақ материал жарияланғанға дейін жауап бермеді.

Материалды әзірлеуге Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшілері Рийн Альяс пен Карл Шрек атысалысты.