Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде киік атуға шешім қабылданғанын, атлыған киіктердің еті комбинаттар арқылы сатылатынын мәлімдеді.
"Биологиялық негіздемеге сәйкес, [киік] санын реттеудің екі түрі ұсынылды. Біріншісі — корал әдісі. [Бұл әдіс] кезінде торлар орнатылады, әдетте шара күндіз өтеді. Екіншісі — түнде ату. Біз басында бірінші жолды таңдаған едік, бірақ ауа райының қолайсыздығы мен көлікті пайдаланудың қиындығына байланысты екінші әдісті жоспарладық" деді Нысанбаев 16 қазандағы брифингте. Оның сөзін Власть сайты жазды.
Министр "киік санын реттеу қажет, себебі киік санының артуы ауыл шаруашылығына зиянын тигізіп жатыр" дейді. Нысанбаев қазіргі уақытта 90-нан аса киік атылғанын айтты.
Ведомство киіктердің санын 20 пайызға азайтуды жоспарлайды. Экология министрлігінің дерегінше, қазір елде 2 млн 600 мың киік бар.
Нысанбаев киіктердің етін 300 теңгеден ет комбинаттарына өткізетінін айтады.
"Пайда табуды көздемейміз. Тек шығынымызды жапса болды. [Киіктерді атуға] ақша бюджеттен бөлінеді, жұмсалған қаржының орнын толтыру керек. Ет комбинаттарында киік етін өңдеп, жеке саудаға шығарады. Еттің бағасы қымбат болмайды. Киік еттері базарда сатылмайды, ет комбинаттары ветеринарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сатады" деді министр.
Елде киік атуға мораторий жарияланған. Бұл құжат 2023 жылдың аяғына дейін күшінде. Экологтар билік киік атуға рұқсат берген күннің өзінде жануарларды барынша сақтап қалуға күш салғаны дұрыс деп санайды.
Қазақстанда киіктің үш тұқымдасы бар, олар: Бетпақдала, Үстірт және Орал тұқымдастары. Кейінгі жылдары үш тұқымдас та көбейе бастаған. Әсіресе Батыс Қазақстан облысының шаруалары айрықша көбейген киік шаруашылыққа зиян келтіре бастағаны жайлы көптеген шағым айтқан. Үкімет 2022 жылы жазда "бұл облыстың үш ауданын мекендейтін киіктер кейінгі екі жылда екі еседен астам көбейіп, 334 мыңнан 842 мыңға дейін жеткен" деп мәлімдеген. Шаруалардың шағымынан соң министрлік "киікті аңшылық нысанына айналдыру" ұсынысын айтқан еді. Бұған экологтар қарсы шығып, атуға рұқсат беру киіктердің азаюына әкеп соғады деп дабыл қаққан.
2022 жылы шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі экология министрі Серікқали Брекешевке киіктер популяциясын "ату" арқылы реттеу туралы шешімі үшін сөгіс жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Фермерді тыныштандыратын төтенше шара". Киік санын жануарды өлтірмей реттеуге бола ма?