Астанада азаматтық белсенді Марат Мұсабаев тағы 15 тәулікке қамалды.
Белсенді бір күн бұрын ғана 15 күндік әкімшілік қамаудан шыққан еді.
Мұсабаевтың қайта қамалуына 7 қазанда қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, шағын марафонға қатысуы түрткі болған. Бұл жөнінде «БелсенділерЭкстремистЕмес» құқық қорғаушылар тобы жазды.
Сот қаулысына қарағанда, Мұсабаевты «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыптаған. Белсендінің өзі сотта тағылған айыппен келіспейтінін, шағын марафон митингіге жатпайтынын мәлімдеген.
Азаматтық белсенді Марат Мұсабаев 10 қазанда Астанада жалғыз өзі пикет өткізіп, адамдарды Марат Жыланбаевтың сотына келуге шақырған. Ертесіне әкімшілік сот оны «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыптап, 15 тәулікке қамау жөнінде шешім қабылдаған.
Қазақстанның алты қаласында 25 қазанға белгіленген наразылық митингі қарсаңында кем дегенде 20 шақты белсенді ұсталып, бес күннен жиырма күнге дейін қамауға алынды. Олардың көбісіне «заңсыз митингіге қатысты» деген айып тағылды.
Белсенділер 25 қазанда бейбіт жиын өткізу туралы өтініштерін әкімшіліктерге өткізген, бірақ жергілікті биліктен қолдау таппаған.
- Танымал марафоншы, билікті сынаушы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев 2023 жылдың мамыр айынан бері тергеу изоляторында отыр. Ол "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген күдікке ілінген. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған. Жыланбаевтың ісі сотқа берілген, алайда 12 қазанға белгіленген сот отырысы өтпей қалған.
- Қазақстан билігі 25 қазан күнгі акция алдында қанша адам ұсталғанын хабарламады. Қазақстан ІІМ полиция "рұқсат етілмеген кез келген шараға жол бермейді" деп мәлімдеген.