Қарақалпақтардың құқығын қорғап жүрген белсенді Ақылбек Мұратбай өзін Өзбекстанның Алматыдағы консулдығына шақырғанын хабарлады. 25 қазанда ол X-тегі парақшасында бас консулдың көмекшісімен шамамен екі сағат әңгімелескенін жазды.
"Кеңесшімен екі сағаттық әңгіме өзбек арнайы қызметінің туыстарыма жуырда жасаған қоқан-лоқысы және Қарақалпақстандағы жалпы адам құқығы жағдайына арналды. "Журналистер жағдайды қыздырып, әсірелемес үшін сөздерімнің реңкін сәл жұмсартуды" өтінді. Мен ақпарат құралдарының баспасөз саясатына жауапты емес екенімді және бұл өтінішті маған жасауға қажеттілік жоқ екенін, қарақалпақ белсенділеріне қысымды тоқтату қажеттігін айттым" деп жазды белсенді.
Ол былтыр тамыздың соңында да қарақалпақ белсенділерінің бірі Қошқарбай Төремұратовтың сөзінің "реңкіне қатысты" Өзбекстан консулдығына шақырылғанын, 13 күннен соң Төремұратовтың ұсталғанын еске салған.
"Енді міне олар мені шақырып, сөздерімнің "реңкіне" алаңдаушылық білдіріп тұр. Осыны айтқанымда бас консулдың кеңесшісі жымиып, маған алаңдауға негіз жоқ екенін айтты" деп жазды белсенді.
26 қазанда Азаттық тілшісі Өзбекстанның Алматыдағы консулдығына бірнеше рет хабарласқанмен телефон тұтқасын ешкім алған жоқ.
Ал X желісінде құқық қорғаушылар мен журналистер Ақылбек Мұратбайды Өзбекстан консулдығына шақырылуына алаңдаушылық білдірді.
"Қатты алаңдататын жайт. Қарақалпақтардың құқығын қорғап жүрген белсенділердің бірі Ақылбек Мұратбайды Өзбекстанның ресми өкілдері шақырып, Қарақалпақастандағы адам құқығы мәселелерін айтуды доғаруға мәжбүрлеп жатыр" деп жазды құқық қорғаушы Стив Сверлов.
Журналист Джулианна Лиллис те ақпаратқа алаңдап, Қазақстанда қарақалпақ белсенділеріне қысым жасалып жатқанын айтты.
Алматыда тұратын қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай бұған дейін Өзбекстандағы туыстарына полиция барғанын хабарлаған. Ол Варшавадағы адам құқығы жиынында Ташкенттің қарақалпақтарға қатысты саясатына сын айтқаны үшін өзіне қысым болып жатыр деп мәлімдеген. Мұратбайдың бұл сөзін Өзбекстан елшілігінің өкілі жоққа шығарды.
Өзбекстанның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Мұзафар Османов бұған дейін Азаттыққа "Өзбекстанда ешқандай қысым жоқ. Көргілеріңіз келсе, Қарақалпақстанға апарайық. Не болып жатқанын өздеріңіз көресіздер" деп айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасында 2022 жылы шілдедегі ірі қантөгістен кейін Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері қысымға шағымданған. Былтыр бірнеше қарақалпақ белсендісі құқық қорғаушылардың айтуынша, Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Қазақстан олардың босқын мәртебесін беру туралы өтініштерін орындамаған. Бір жыл қамаудан кейін олар жуырда босап шыққан. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, оларды экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары ресми Астананы оларды елдеріне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан.