10 қарашада Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты "Жала жабу" бабымен сотқа тартылған журналист Марина Низовкинаның ісін тоқтатты. Сот журналистің Instagram парақшасында қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ермахан Әбдіраманов туралы жазған жазбасында "жала жабу" белгілері жоқ деп тапты.
Сот тергеуі мен қаулысын тыңдауға арызданушы Әбдірамановтың өзі келмеді. Оның қорғаушылары сот қаулысына қатысты қандай да бір пікір беруден бас тартты.
Полиция полковнигінің арыз жазуына Atameken business телеарнасы мен Vera.kz сайтының тілшісі Низовкинаның 13 қыркүйекте Instagram парақшасына жазған жазбасы негіз болған. Журналист жазбасында Әбдіраманов пен оның қызметтік көлігінің эвакуаторға тиеліп жатқан суретін жариялаған. Бұған қоса, журналист жол-көлік инспекторлары Әбдірамановты "көлікті жалған нөмірмен жүргізген деген күдікпен тоқтатқанын" атаған.
Әбдіраманов шағымында бұл "ар-намысы мен қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін" жазған.
Низовкина Әбдірамановтың арызымен келіспейді. Ол "мәселе жазбада емес" дейді.
Бұдан бұрын Шымкент қалалық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция полкінің басшысы қол астындағы қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталғаны үшін қызметінен кеткен. Ал көші-қон полициясының басшысы мың доллар пара алып, сотталғанда оның басшысы Әбдіраманов жұмыстан босатылмаған. Журналист жазбада "неге департаментте түрлі шешім қабылдады?" деген сұрақ қойылған.
- Қазір Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында полиция полкінің басшысы мен бірнеше қызметкері негізсіз жұмыстан шығарғаны үшін Әбдірамановтың үстінен арызданған. Іс қаралып жатыр. Меніңше, Әбдіраманов мені әкімшілік жауапқа тарту арқылы осы сот процесіне журналист ретінде қатысып, ақпарат таратуымды шектемек болды, - дейді Низовкина.
Журналистер құқығын қорғайтын "Әділ сөз" қоры да Марина Низовкинаның жазбасында жала жабу дерегі жоқ деп санайды. "Әділ сөз" "жазбада журналист нақты тұжырым емес, Әбдіраманов туралы "айтады, күдікпен" деген сөз қолданып болжам жасаған" дейді.