Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталған "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаевты 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Белсенділер қарсылығына қарамастан соты жабық өткен Жыланбаевқа үкім оқылатын уақыт алдын ала хабарланбады. Сәрсенбі күні белсендінің туыстары тергеу изоляторына хабарласып қана үкімнің жақын арада оқылатынын білген. Ізінше онлайн оқылатыны белгілі болды.
– Заңсыз тергеуден басталған іс заңсыз үкіммен аяқталды. Үкімді сөзсіз апелляцияға береміз, - деді Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев сәрсенбі күні кешке үкімнен кейін Азаттыққа.
Адвокат сот үкімін толық ести алмағанын да айтты.
– Маған соттың хатшысы 16:45-те хабарласып, онлайн сот 16:55-те оқылатынын айтты. Сүйтіп Zoom-ның сілтемесін берді. Сағат 16:55-те кірген кезде сот үкімді аяқтап жатыр екен. Тек 7 жыл дегенін ғана ести алдым. Қосымша шектеулерді естіген жоқпын. Сот үкімін қолға алғаннан кейін белгілі болады, – деді адвокат.
Астана қалалық соттың баспасөз хатшысы міндетін атқарушы Дидархан Құрманғазыұлы Азаттыққа "біз оның өзін кеш білдік, ақпарат түскен бойда негізгі ресурстарымызға және әлеуметтік желіге салдық" деді ол.
Бір күн бұрын танымал марафоншы сотта соңғы сөзін айтты. Оған жақтастары, журналистер қатыстырылған жоқ. Адвокатының айтуынша, Жыланбаев сотта ешқандай кінәсі жоғын, 2016 жылы митингіге шыққан сәттен бастап саяси қудалауға түскеніне дәлелдерін келтірген. Ол соңғы сөзін үш сағатқа жуық айтқан.
Осыған дейін соттағы жарыссөзде сөйлеген прокурор соттан халықаралық деңгейде аты әйгілі марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясының лидері Марат Жыланбаевты 10 жылға түрмеге қамауды сұраған.
Жарты жылға жуық уақыттан бері Астананың тергеу абақтысында отырған, биыл жазда қамауда отырып 60 жасқа толған Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот қазан айының аяғында басталған. Судьяның ұйғарымы бойынша жабық өткізіген процесс үкім шығаратын сәтке тез таяды.
Жыланбаевтың өзі және жақтастары билік оны саяси көзқарасына бола қудалап жатыр деп есептейді. Әлемнің 39 елінде демократия белсенділері мен құқық қорғаушыларды, адвокаттар мен журналистерді біріктіретін World Liberty Congress үкіметтік емес ұйымы жуырда "Марат Жыланбаев жөн-жосықсыз ұсталды" деп таныған. Жуырда халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға үндеген.