Қазақстан 2024 жылы наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге дайындалып жатыр. Үкімет қаулысының жобасы талқылауға шығарылған.
Үкімет жоспары бойынша, Астана, Алматы, Шымкент және Астананың уақыт белдеуіндегі өзге аймақтарда 2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де уақыт бір сағат артқа жылжиды. Егер құжат қабылданса, онда Астана мен осы белдеудегі өзге аймақтар Пекин уақытысынан біраз алшақтап, Лондон уақытына сәл жақындай түседі.
"Қазіргі кезде Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігі (Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының, Астана және Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары) өзінің географиялық уақытынан озып-UTC+6 әкімшілік уақыт белдеуі бойынша өмір сүреді. Аумақтық көрсетілген аймақтар UTC + 5 уақыт белдеуінде орналасқан" деп жазылған жобаның түсіндірмесінде.
Онда "уақыттың алда болуы бірқатар аурулардың өршуіне ықпал ететіні" жазылған.
"Ең алдымен, шаршаңқы көңіл-күй, ақыл-ой және тән еңбегіне қабілеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, ас қорыту жүйесінің бұзылуы сияқты жайттарды атап өту қажет. Осыны ескеріп, 2018 жылы Қызылорда облысында жергілікті уақыт 1 сағат кейінге жылжытылды. Аталған мәселені пысықтау мақсатында сауда және интеграция министрлігі жанынан тиісті жұмыс тобы құрылды, оның құрамына 60-тан астам мүше, оның ішінде парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың көпшілігі, ғылыми институттар, медициналық жоғары оқу орындары мен қоғам қайраткерлері кірді" деп жазылған хабарламада.
Қаулы жобасы 22 желтоқсанға дейін талқыланады.
Жобаның астына бірнеше қолданушы пікірлерін қалдырып үлгерген. Кейбірі сағат артқа жылжыса, Алматы мен Орталық Қазақстанда, ШҚО-да қазақстандықтар "күндіз ұйықтап, жарты күнін қараңғыда өткізеді" деп жазды. "Бұл шара табиғатқа қарсы, табиғи биоритмге қайшы" деп жазды Юлия Беккер есімді қолданушы. Қолданушылардың көбі қарсы шыққан.
Қазақстанда қазір екі уақыт белдеуі бар (UTC+5, UTC+6). Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары – 4-ші сағат белдеуінде (UTC+4+1). Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-ші сағат белдеуіне (UTC+5+1) жатады.
2005 жылға дейін Қазақстанда жыл сайын жазғы уақытқа ауысу режимі күшінде болған.