Түркіменнің "Арқадағы" неге "жеңілмейді"? Орталық Азиядағы режимдердің футбол командалары

"Арқадағ" футбол клубы Түркіменстан чемпионаты аяқталуына төрт тур қалғанда уақытынан бұрын чемпион болып қойды.

Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің құрметіне салынған қаламен аттас "Арқадағ" футбол командасы жоғарғы лиганың жеңімпазы атанды. Бұл – Орталық Азия үшін жаңалық емес.

Өзінің аты берілген тамаша қаланың авторы, "бойында бір міні жоқ" түркімен басшысына не сыйлауға болады? Әрине, қаланың атын шығаратын футбол командасынан артық ештеңе жоқ!

Түркіменстанның ұлт көшбасшысы, президент Сердар Бердімұхамедовтің әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовтің құрметіне салынған "ақылды қала" — Арқадағтың ашылғанына алты ай ғана толды.

Ал жаңадан құрылған "Арқадағ" футбол командасы 22 ойында түгел жеңіске жетіп, Түркіменстан чемпионы атануға таяп қалды. Ол үшін футбол командасының тағы екі ойында жеңсе болғаны.

"Арқадағ" Түркіменстан кубогын алады дегенге ақымақ адам ғана сенбеуі мүмкін. Команда жартылай финалда Түркіменстан лигасында 2-орында тұрған "Алтын Асыр" тобын жеңіп, финалға өтті.

"Арқадағ" — Орталық Азияда ықпалды тұлғалардың қолдауымен аз уақытта үлкен жетістікке жеткен жалғыз команда емес. Бірақ қазірдің өзінде клубтың жеңісіне күмәнмен қарайтындар көп.

"Алтын Асыр" командасы да бір кездері Түркіменстанның үздік клубы еді. Ол кезде команда тоғыз турнирдің сегізін жеңіп, үш рет Түркіменстан кубогын алған. "Алтын Асыр" клубы 2008 жылы құрылған. Оған Түркіменстан мемлекеттік телекомпаниясының аты берілген еді. Бұл телеарна Түркіменстанды дамыған, бақытты мемлекет етіп көрсететін пропагандаға жұмыс істейді.

Мемлекеттік пропаганда түркімендердің көбі кедейлікте өмір сүрген, нан мен азық-түлік жетпеген жылдарды "алтын ғасыр" деп атап, ол үшін халықтың қорғанышы — "Арқадағқа" алғыс айту керек дейді.

Түркіменстанда қазіргі президент Сердар Бердімұхамедовке қарағанда, оның әкесі, бұрынғы басшы Гурбангулы Бердімұхамедов туралы жиі айтылады.

Гурбангулы Бердімұхамедов президент қызметін ұлы Сердарға тапсырып, президенттіктен кетті. Бірақ бәрібір елдегі ең ықпалды адам болып қалды.

60 мың халқы бар Арқадағ қаласы Бердімұхамедовке табынушылық символына айналған. Қалада автократ басшыға биіктігі 40 метрлік ескерткіш қойылып, орталық көшеге Бердімұхамедовтің сүйікті жылқысы Аханның аты берілген.

Арқадағ қаласы. 29 маусым 2023 жыл.

Түркіменстандағы көп қаламен салыстырғанда, Арқадағта заманауи мектеп, балабақша мен жаңа аурухана бар. Қала көшелері бақылау камераларымен және мониторинг жүйесімен жабдықталған.

"Арқадағ" футбол клубының 10 мың адам сыятын жаңа стадионы Бердімұхамедовтің дизайнымен салынған.

Осыдан "арқадағ ұлы адам болса, оның атын арқалаған команда қалай жеңіледі?" деген сұрақ та туындайды. Қазір команда ел ішінде ойнап жүр, сондықтан жеңіле қоюы екіталай.

"Арқадағ" футбол командасы "Алтын Асыр" және "Ахал" клубтарынан үздік ойыншыларды тартуға тырысты. Нәтижесінде команда қазір Түркіменстанның ұлттық құрамасына ұқсайды.

Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылы Ашғабатта өткен жабық алаңдағы Азия ойындарының қарсаңында жұрт ортасында тұр.

Венадағы "Түркіменстан жаршысы" сайты сөйлескен анонимді футбол жанкүйерінің сөзінше, қазылар алқасының "Арқадағ" командасына жақтас екені көрініп тұрады.

"Шагадам" командасына қарсы ойында судьялардың бірі соңғы минутта "Арқадағ" ойыншыларына пенальти тебу мүмкіндігін берді. Бұл күмәнді шешім еді. Осының арқасында команда 1:0 есебімен жеңіп, рекордын сақтап қалды. Жанкүйердің айтуынша, "Арқадағ" командасы қатысқан ойында интрига жоқ, бұл жанкүйерлердің спортқа деген қызығушылығын өлтіреді.

РЕЖИМНІҢ ЖОБАСЫ

Орталық Азия елдері арасында спорт, оның ішінде футбол саяси брендинг құралына айналғалы қашан. Бірақ саяси режимнің қамқорлығындағы командалар көбіне жанкүйерлерге ұнай бермейді.

Қазақстандағы "Астана" футбол командасы 2013 жылы президенттің спорт клубына қосылды. Бұл клубты сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев құрған. Оны "Самрұқ қазына" ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландырады.

Бұрын "Локоматив Астана" деп аталған "Астана" клубы оған дейін бірде-бір рет жеңіске жетпеген. Үш рет Қазақстан чемпион атанған тағы бір астаналық клуб көп ұзамай көзден ғайып болды.

"Астана" футбол клубы. 2015 жылғы сурет.

"Астана" биліктің қолдауымен алты рет қатарынан Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, Совет Одағынан бері келе жатқан Алматыдағы "Қайрат" командасын басып озды.

Тәжікстанда "Истиклол" футбол клубы жылда жеңіске жетеді. Душанбелік клуб 2010 жылдан бері екі рет ғана жеңілген. Клубты президент Эмомали Рахмонның ықпалды ұлы Рустам Эмомали құрып, алғашқы жылдары өзі де команда құрамында ойнап, капитан болған.

Жанкүйерлер "Арқадағ" сияқты "Истиклол" да судьялардың сүйемелдеуімен нәтиже көрсетіп жүр деп есептейді.

2011 жылы Куляб қаласының "Равшан" футбол командасына қарсы ойнағанда, "Истиклол" ойынның соңында салынған голмен жеңіске жетті. Куляб жанкүйерлері судья анық офсайдты байқамай, "Истиклолға" жақтасты деп наразы болды.

Орталық Азияда футболда Өзбекстандағы " Бунёдкор" командасы елді шулатудан алдына жан салмайды. 2008 жылы клуб әлем чемпионатының жеңімпазы, бразилиялық Ривалдомен келісімшарт жасасып, футбол әлемін таңғалдырды. Содан бері "Бунёдкор" алты жылда бес рет Өзбекстан чемпионатында жеңді.

Бразилиялық футбол жұлдызы Ривалдо.

Ривалдо командада екі маусым ғана ойнады. Бразилиялық спортшы клуб бірнеше миллион доллар ақысын жеп қойғанын айтып, шу көтерді.

"Бунёдкор" жобасын Өзбекстанның даулы "Зеромакс" компаниясы қаржыландырды. Команда сол кездегі президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнәра Каримовамен тығыз байланысты болды.

Кейін клубтың да, Каримованың да жұлдызы сөнді. Бұрынғы президенттің қызы әкесі президент болып тұрған кездің өзінде үйқамаққа алынды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталды.

Қазір "Бунёдкор" Өзбекстан чемпионатындағы 14 команданың ішінде 8-орында тұр.

"Арқадағ" — жаңа команда, клуб шетелде басқа командаларға қарсы ойнап көрген жоқ. Тек бір рет ғана Болгарияда Молдованың екінші дивизионындағы "Беса Добердолл" командасымен жолдастық кездесу өткізіп, тең түсті.

Келер маусымда түркімен клубын үлкен сынақтар күтіп тұр. Өз елінде тамаша нәтиже көрсеткен команда енді Азияның клубтық турнирлеріне қатысады. Тіпті Азия чемпиондар лигасында Криштиану Роналду ойнайтын "Әл-Наср" (Сауд Арабиясы) клубымен кездесуі мүмкін.

"Истиклол" биыл Азия чемпиодар лигасының топтық кезеңінде "Әл-Насрға" қарсы ойнады. Өз алаңында тең түсті, сырт алаңда 1:3 есебімен жеңілді. Тәжікстан құрамасы бұл турнирде төрт команданың ішінде соңғы орын алып, топтан шыға алмады.

Қазір мемлекеттік пропаганда мен дене шынықтырудың пайдасы туралы жиі айтатын Гурбангулы Бердімұхамедовтің талпынысына қарамастан Түркіменстан халықаралық жарыстарда Орталық Азия елдерінің ішінде ең нашар нәтиже көрсетіп келеді.

2021 жылы Түркіменстан бірінші рет олимпиадан медаль алды. Токиода өткен олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан Полина Гурьева күміс медаль иеленді. Бұл – Түркіменстанның олимпиададағы алғашқы жүлдесі.