АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хуситтер тобының әскери нысандарына әуеден және теңізден соққы жасады. Вашингтон мен Лондон бұл қадамын хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылына жауап дейді.
Йемендегі куәгерлер Reuters агенттігіне ел бойынша жарылыстар болып жатқанын растаған. Ал АҚШ президенті Джо Байден 11 қаңтар кешкісін егер қажет болса әрекеттерін ойланбастан жалғастыратынын мәлімдеді.
ХУСИТТЕР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
1990 жылдардың соңында Йеменнің солтүстігіндегі Хуситтер әулеті исламның шиит бағытындағы зейдит масхабын қайта жаңғыртып билікке оралу үшін осы топты құрған. Зейдиттер бұрындары Йеменде билікте болған еді.
1990 жылдары "Ansar Allah" (Құдайдың партизандары) деп құрылған топ Йеменнің сол кездегі президенті Әли Абдулла Салехтің "жемқор жүйесімен күресуді" мақсат тұтқан. 2003 жылы президент Салех Сауд Арабиясының қолдауымен хуситтерді жоймақ болған еді, бірақ бұл топ екеуіне де төтеп берді.
Кейін хуситтер билікпен жанжалды үдетіп, Йеменнің ұлттық әскерімен партизан соғысын жүргізді. Бұған қоса Сауд Арабиясымен шекарада сунниттермен де соғысты.
ЙЕМЕНДЕГІ СОҒЫС
2014 жылы хуситтер Йемен астанасы Сана қаласын басып алған соң соғыс басталды. Шиит бағытындағы Иранның шекара маңындағы ықпалының өсіп келе жатқанынан қауіптенген Сауд Арабиясы өзі бастаған коалициямен бірге Йемен билігін қолдап, 2015 жылы наурызда қақтығысқа араласты.
Хуситтер Йеменнің солтүстігін және бірнеше ірі қалаға бақылау орнатты. Ал халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен билігі Аден қаласына орналасқан.
Кейінгі бір жылда БҰҰ бастаған бейбіт келіссөздер нәтиже беріп, Йеменде жағдай сәл тынышталған еді. Сауд Арабиясы қақтығыстан шығу үшін хуситтермен келіссөз жүргізуді де бастап кеткен. Бірақ хуситтердің Қызыл теңізге шабуылы жағдайды қайта ушықтырып жіберді.
ХУСИТТЕРДІҢ ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗГЕ ШАБУЫЛЫ
Хуситтер Қызыл теңіздегі Израильге бара жатқан кемеге шабуылын Израиль мен Газа секторын бақылап отырған ХАМАС тобына (АҚШ, ЕО мен Израиль террорлық деп таныған – Азаттық.) қолдауымыз дейді.
Хуситтердің шабуылы халықаралық сауда жүйесін бұзды. Кемелер шабуылға тап болмас үшін Оңтүстік Африканы айналып өтуге мәжбүр. Бұл тасымал шығынын арттырып, әлемде инфляция күшеюі мүмкін.
АҚШ-тың мәлімдеуінше, хуситтерге шабуылды Австралия, Бахрейн, Канада, Нидерланд қолдаған және халықаралық еркін сауда жолын қалпына келтіру үшін әуе шабуылына көмек көрсетуді ұсынған. Еуропа мен Азияны жалғап жатқан бұл маңызды теңіз жолымен әлемдегі кемелердің 15 пайызы жүреді.
ХУСИТТЕРДІҢ МАҚСАТЫ
Хуситтер – Иран қолдап отырған Таяу Шығыстағы "қарсылық шегі" деп аталатын Израиль мен Батысқа қарсы үш альянстың (ХАМАС, Хезболла және хуситтер) бірі.
Хуситтердің ұраны – "Америкаға өлім, Израильге өлім, еврейлерге қарғыс және исламға жеңіс".
ИРАНМЕН БАЙЛАНЫСЫ
Хуситтер Иранмен байланыс орнатқан, бірақ бұл қарым-қатынас қаншалықты терең екені анық емес. Сауд Арабиясы бастаған коалиция Иран хуситтерді қарумен қамтамасыз етіп отыр деп айыптайды. Хуситтер де, Иран да мұны жоққа шығарады. Коалиция Ливандағы Хезболла тобы да хуситтерді қолдайды деп санайды. Хезболла мен Иран мұны да терістейді.
Йемендегі сарапшылар хуситтер Иранның аймақтағы "қарсылық шегі" тобына кіргенімен, олардың мақсаты ел ішінде билікке ие болу деп есептейді. Хуситтер "біз Иранның қуыршағы емеспіз" дейді және "мақсаттары – Йемендегі жемқор жүйемен күресу" екенін айтады.