Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
2021 жылы елде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қабылданған еді. Онда Алматыда қатты жер сілкіністерін алдын ала хабарлайтын автоматтандырылған жүйе болатыны айтылған еді.
"Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады" дейді Тоқаев.
Ол сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп жатқан үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.
Бұған қоса Тоқаев төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа қайырылып, жұмысының нәтижесі әлі көрінбей жатқанын айтты.
"Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды" деді Тоқаев.
23 қаңтарда түнде Алматыда 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жер дүмпуінен қорыққан халық қаладан шығып кетуге тырысып, көшелерде кептеліс болды.
Жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында тіркелген. Жер дүмпуінің магнитудасы – 6,7. Энергетикалық классы – 15,1.
Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 23 қаңтардағы ақпаратында "70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін" хабарлады.
Халық жер сілкінісі кезінде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен ерте ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, билік жұмысына сын айтқан. Алматылықтар жер сілкінісінен кейін екі сағаттай уақыт өткенде ғана хабарлама алған еді.
Төтенше жағдай департаменті "халықты дүрліктірмес үшін дабыл қақпадық" деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұрын-соңды бұлай қорқынышты болмаған". Алматылықтар түнгі жер сілкінісін қалай өткерді?