1 ақпанда қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері Олжас Сыздықов және Людмила Шаврова жуырда ғана Степногорскідегі түрмеге ауыстырылған оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевқа кіріп шықты. Бұл жөнінде Олжас Сыздықов хабарлады. Оның айтуынша, Марат Жыланбаев аштығын 1 наурызға дейін жалғастыратынын айтқан.
- Ол аштығын 1 наурызға дейін жалғастыратынын айтты. "Мен өз ағзамды білемін, оған зиян істемеймін. Ең бастысы – өзімнің үкімге қатысты көзқарасымды көрсеткім келеді. Мені аштықты тоқтатуға көндірудің қажеті жоқ. Әділетсіз үкімге қарсылықты басқаша көрсетуге мүмкіндік жоқ" деп айтты, – дейді Олжас Сыздықов.
Оның сөзінше, жалғыз адамдық камерада отырған Жыланбаев қазір тек су, витамин ішіп отыр. Дәрігерлер күн сайын оның денсаулығын тексереді. Оның айтуынша, түрме ауласында серуендейтін алты метрлік шағын орын бар , сол жерде Марат Жыланбаев күн сайын жүгіреді.
– Мен түрме әкімшілігі өкілдеріне Жыланбаевтың жағдайын тұрақты түрде бақылап отыратынымызды айттым. Екі аптадан кейін тағы да барамыз. Оларға күштеп тамақтандыруға жол беруге болмайтынын жеткіздім. Бұл халықаралық конвенцияға қайшы. Марат Жыланбаев отырған түрме бұрын туберкулезбен ауыратындарға арналған мекеме болған. Бірнеше жыл бұрын оны жауып тастады. Дератизация бәрі жасалған. Қазір орташа режимдегі түрме. Онда тәжірибелі дәрігерлер істейді, - деді Олжас Сыздықов.
1 ақпанда Степногорскіге Марат Жыланбаев жетекшілік ететін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшелері Амангелді Жахин, Мереке Нұғманов, құқық қорғаушы Айдар Сыздықов, Айя Сәдуақасова мен оның жолдасы барған. Амангелді Жахиннің айтуынша, белсенділер Марат Жыланбаевпен кездестіруді талап еткенмен түрме бастығы рұқсат бермеген.
– Түрме бастығына кірдік, сөйлестік. Сонау алыстан келдік, өз көзімізбен Маратты көріп кетейік деп талап қойдық. Бірақ ол бізге рұқсат берген жоқ. Қоғамдық комиссия өкілдері түстен кейін келетінін айтты. Біз соларды күттік. Олар 1,5 сағаттан кейін шықты. Мараттың жағдайын айтты, - деді Амангелді Жахин Азаттық тілшісіне.
2 ақпанда Азаттық тілшісі Степногорскідегі N4 мекемеге хабарласқан кезде хатшы түрме бастығы Асылхан Биттіғұловтың "территорияда жүргенін, қашан келетінін білмейтінін, түстен кейін тағы бір рет хабарласып көруді" өтінді.
Түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевты Астанадағы тергеу изоляторынан Степногорск түрмесіне 26 қаңтарда ауыстырғаны туралы ақпаратты бұған дейін адвокаты хабарлаған.
Былтыр қарашада жеті жылға сотталған Марат Жыланбаев 24 қаңтарда үкімнің күші жойылғанға дейін ұзақмерзімдік аштық жариялайтынын айтқан еді.
19 қаңтарда Астана қалалық соты белсенді, "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі Марат Жыланбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Алғашқы инстанциядағы сот Жыланбаевты 7 жыл түрмеге кескен. Азаматтық белсендіге "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыптар тағылған. Бұған дейін прокуратура тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев "ҚДТ экстремистік ұйымынан тапсырма алып, олардың қызметін қаржыландырған" деп күдіктенген. (Астана шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент ҚДТ қозғалысын "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды). Жыланбаев пен жақтастары істің саяси астары бар деген.
Белсендіге жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары араша түсті.
Былтыр желтоқсанда Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан. Екі ұйым Жыланбаевтың сотының жабық болғанын, құқық қорғаушылардың бақылауына мүмкіндік берілмегенін де сынға алған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқын" деп таныған. Еуропарламент 17 қаңтар күнгі қарарында Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға үндеп, құжатта Марат Жыланбаевтың да есімін атаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?