Алексей Навальныйдың түрмеде көз жұмғаны хабарланды

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Ямало-Ненец автономды округіндегі №3 түрмеде көз жұмды. Бұл туралы Ресейдің жазаларды өтеу бойынша федералды қызметі (ФСИН) хабарлады.

Ведомство Навальный "серуендеуден соң өзін жайсыз сезініп, бірден есінен танып қалғанын", "жедел жәрдеммен жеткенше дәрігерлер сотталушыны құтқарып қала алмағанын" айтады.

Бірақ бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.

Навальныйдың командасы қазаны әлі растамады. Оның баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Х желісінде "біздің қолымызда әлі расталған ақпарат жоқ" деді. Ярмыштың сөзінше, Навальныйдың заңгері Ямало-Ненец аймағындағы түрмеге ұшып кеткен.

Саясаткердің адвокаты Леонид Соловьёв қазаға қатысты пікір білдіруден бас тартты, бірақ "Навальныйға 14 ақпанда барғанда жағдайы жақсы еді" деген.

Ал Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президенті Владимир Путин Навальныйдың қазасы жайлы хабар алғанын мәлімдеді. Бұл уақытта Челябинскіде студенттермен және кәсіпкерлермен кездесіп жатқан Путин Навальныйдың қазасына қатысты ештеңе айтпады.

Навальныйдың әйелі Юлия Навальная Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында хабарға қатысты мәлімдеме жасап, Ресейдің мемлекеттік дереккөздері таратқан ақпаратқа сенбейтінін айтты.

"Алайда бұл рас болып шықса, Путин мен оның айналасы, Путиннің достары, оның үкіметі біздің елімізбен, менің отбасыммен және менің күйеуіммен істегендері үшін жауап беретінін білсін. Және сол күн жақында келмек" деді саясаткердің әйелі.

Юлия Навальная Мюнхенде. 16 ақпан 2024 жыл.

Оппозициялық саясаткердің қазасына не себеп болғаны белгісіз. Кремльшіл RT телеарнасы Навальныйдың қан тамыры жарылып кеткенін хабарлады.

Ресейдің тергеу комитеті Навальныйдың өліміне байланысты тексеру басталғаны жайлы ақпарат таратты. ФСИН Навальный отырған түрмеге комиссия жібергенін айтады.

Алексей Навальный 47 жаста еді.

14 ақпанда саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Навальныйды 27-рет айып изоляторына жібергенін мәлімдеген.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ НЕ ДЕП ЖАТЫР?

Навальныйдың қазасы жайлы хабарға әлем лидерлері реакция білдіріп жатыр.

Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель "Алексей Навальный еркіндік пен демократия құндылықтары үшін күресті. Өз идеалдары үшін жанын пида етті. ЕО бұл қайғылы өлімге жауапкершілікті Ресей режиміне жүктейді. Отбасына қайғыра көңіл айтамын. Дүниежүзінде демократия үшін ең ауыр жағдайда күресетіндерге де көңіл айтамын. Күрескерлер өледі. Бірақ еркіндік үшін күрес ешқашан аяқталмайды" деп мәлімдеді.

Латвия президенті Эдгар Ринкевич "Алексей Навальныйды Кремль аяусыз түрде өлтірді. Бұл – факт және бұл Ресей режимінің нағыз бет-бейнесін көрсетеді" деп жазды Х желісінде.

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак "Сұмдық жаңалық. Ресей демократиясының ең белсенді қорғаушысы Алексей Навальный өмір бойы адам нанғысыз батылдық көрсетті. Оның әйелі және Ресей халқымен біргемін, бұл – үлкен трагедия" деді.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Навальныйдың қазасына байланысты "барлық фактілер ашылып, Ресей маңызды сұрақтарға толық жауап беруі керек" деген.

Германия канцлері Олаф Шольц та Навальный отбасына көңіл айта келе "Бұл өте қорқынышты. Мына оқиға Ресейдің қалай өзгергеніне дәлел" деп баға берген.

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская "бұл өлім диктаторлар үшін адамның құны жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Путин де, Лукашенко да саяси қарсыластарын осылай құртады" деді.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл қазаға бірден Ресей президентін айыптай сөйлеп, "Путинге кім өлсе де бәрібір" деді.

Ресей сыртқы істер министрлігі "батыстағы лидерлердің, саясаткерлердің және басылымдардың Навальный қазасына қатысты реакциясы тағы да екіжүзділікті, цинизмді көрсетті" деп мәлімдеді. Мәскеу Навальныйдың қазасына қатысты реакциялар "алдын ала дайындалған" деп санайды. Бұл мәлімдемені Ресей билігіне қарайтын РИА Новости агенттігі жариялады.

НАВАЛЬНЫЙ КІМ?

Кремль сыншысы Навальный құрған "Жемқорлыққа қарсы" ұйымы Ресей президенті Владимир Путин мен оның айналасындағылардың байлығын әшкере ететін үлкен зерттеулер жасаған.

2020 жылы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Алексей Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлап, комаға түскен. Алғашында Омбы ауруханасына жатқызылған саясаткер екі күннен кейін Германиядағы клиникаға ауыстырылды. Еуропаның тәуелсіз зертханалары саясаткердің ағзасынан жүйке жүйені сал қылатын "Новичок" тобына жататын у қалдықтарын тапқан.

Алексей Навальный. 2019 жылдың ақпаны.

2021 жылы қаңтарда Навальный Германиядан Ресейге қайта келгенде ФСБ оны әуежайда ұстап қамауға алған. Cодан бері ол қамауда болған.

Кейін Ресей соты Навальныйды Қылмыстық кодекстің алты бабымен, яғни, "экстремистік қауымдастық құрды әрі қаржыландырды", "экстремизмге шақырды", "Нацизмді ақтады" деген айыптар таққан. Сот үкімімен ол 19 жылға сотталып, Поляр аймағына жақын Ямало-Ненец округіндегі түрмеде отырған.

Навальный мен оның жақтастары "айыптардың саяси астары бар" деп мәлімдеген еді.