Бүлінген үйлер, абдыраған жұрт, көлік кептелісі. Алматыда тағы да 5 балдық жер сілкінісі болды

Алматыдағы жер сілкінісінен сыртқа шыққан жұрт. 4 наурыз 2024 жыл.

Алматыда 4 наурыз сағат 11:22-де жер сілкінді. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жер сілкінісі МSК-64 шкаласы бойынша 5 балл болып сезілген.

ТЖД мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 31 шақырым жерде болған. Жер дүмпуінің магнитудасы 6.1. Ал тереңдігі - 10 шақырым.

Алматы қаласы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісінен соң афтершоктар болуы мүмкін екенін ескертті. Қала мектептерінде екінші ауысымдағы сабақтар болмайтыны хабарланды.

Желіде ғимараттардың қабырғасы жарылып, кеңселерде әйнек есіктің сынғаны байқалатын фото-видео тарады. Бұған қоса интернеттегі видеолардан халықтың үйлерінен, жұмыс орындарынан жаппай сыртқа шығып кеткенін байқауға болады. Мектептерден де оқушылар сыртқа қаша жөнелген.

Ал ТЖД басшысы Нұрлан Атығаевтың сөзінше, жер сілкінісінен соң бір адам екі тобығын сындырып алып, дәрігерлер көмегіне жүгінген.

Қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров "сағат 12:50-дегі жағдай бойынша қатты қираған ғимараттар жоқ" деп мәлімдеді.

Жергілікті басылымдар қалада көлік кептелісі күшейгенін, Алматыдағы негізгі жолдардың бәрінде көлік көп екенін жазды.

Бұл жолы қалада жер сілкінген соң хабарлау жүйесі жұмыс істеді. Жүйе үйдегі жарық, газ және суды өшіріп, қажет құжаттар мен киім, азық-түлік алуды, далаға шығуға шақырып, қауіпсіз орынға тұру керек екенін хабарлады.

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев жедел штабтың жиынын өткізіп, жер сілкінісінен кейінгі әрекеттерді талқылағаны хабарланды. Қалалық әкімдік полиция департаменті қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын, барлық аурухана мен жедел жәрдем күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді.

Алматы әуежайы да штатты режимде жұмыс істеп жатыр, аэропортта ұшу жолағы мен перрондар зақымданбағаны айтылады.

Жер дүмпуінен соң қаладағы метро туннельдері тексеріліп, метро жұмысы 16:30-ға дейін жұмысы тоқтады. Метрополитен баспасөз қызметі туннельдерде ешқандай жарықша жоқ дейді.

Әкімдік қалада 384 қабылдау пункті ашылғанын айтады. Қабылдау пунктерін табу үшін 2ГИС картасына "зардап шеккен халықты қабылдау пунктері" (пункты приема пострадавшего населения) деп іздеу керек.

Жер сілкінісінен соң ҚазҰУ ғимараттарынан далаға шыққан жұрт. 4 наурыз 2024 жыл.

Сейсмологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсембаев те афтершоктар болуы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды сағат 16.00-ге дейін арнайы пунктерде қалуға шақырды.

Алматы уақытымен 16:00-де сейсмикалық жағдайды бағалау комиссиясы "жақын күндері Алматы аумағында қатты жер сілкінісі болу ықтималдығы төмен (70 пайыз)" деп хабарлады. Комиссия 11:22-дегі жер сілкінісін афтершоктармен жалғасатын негізгі дүмпу деп санайды. 16:00-ден соң қалалық ТЖД тұрғындарға үйлеріне оралуға болады деп мәлімдеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Алматыда жер сілкінді

Ал сейсмикалық зерттеу ұлттық институты орталығы 12:54-те Алматының оңтүстік-шығысынан 255 шақырымда, Қытай аумағында афтершок болғанын хабарлады. Бұл дүмпу Алматыда 2 балл болып сезілген.

Қазақстанның оңтүстік өңірлері, соның ішінде Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы және Қытаймен шекаралас аумақтары сейсмикалық аймақ болып саналады.

ҚАҢТАРДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ

Бұл бір айдан сәл аса уақыт ішінде Алматыда болған 5 баллдыұ екінші жер сілкінісі. Қалада 23 қаңтар түнде 5 балл жер сілкінісі болып, халық үйлерін тастап, сыртқа шыққан. Кейбірі жылы киім киіп те үлгермеген. Жер дүмпуінен қорыққан халық қаладан шығып кетуге тырысып, көшелерде кептеліс болды. Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы "70-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінгенін" хабарлаған.

Халық жер сілкінісі кезінде әкімдік пен төтенше жағдай департаментінен ерте ескерту келмегенін, дабыл қағылмағанын айтып, билік жұмысына сын айтқан. Алматылықтар жер сілкінісінен кейін екі сағаттай уақыт өткенде ғана хабарлама алған еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жиын өткізіп, қаланың азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шықты деген.

28 ақпанда Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматының төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері қаңтардағы жер сілкінісі кезінде дұрыс жұмыс істемегені үшін жауапқа тартылған еді.