Орталық Азиядағы "батысшыл" ұйымдар. Сергей Шойгу қай елдерді меңзеді?

A march in support of free speech, freedom, and the media in Kyrgyzstan in November 2022. Сөз еркіндігін, баспасөз еркіндігін қолдайтын шеру. Қырғызстан, 2022 жылғы қараша.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Орталық Азиядағы "батысшыл" үкіметтік емес ұйымдар Ресейге қарсы қызметін күшейтті деп, "шара" қабылдап жатқанын айтты. Қазақстан бұл мәлімдемеге иық қағып қараса, кезінде "үкіметтік емес ұйымдар елі" саналған Қырғызстанда парламент ресейлік стильде жазылған "шетелдік өкілдер" туралы заң жобасын талқылап жатыр.

Екі апта бұрын Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Мәскеу Орталық Азиядағы "батысшыл" үкіметтік емес ұйымдарға қарсы "алдын ала шара" қабылданатынын айтқанда, Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні сөйлеп тұрғанын білмесе керек.

Кейінгі жылдары үкіметтік емес ұйымдардың бірін "шетел агенті", бірін "жағымсыз ұйым" деп танып, кейбірін мүлде жауып жатқан Ресейде бұл дата елене бермейді.

Әрине, Шойгу Орталық Азиядағы ахуалды "күрделі" деп атағанда "өңірде жұмыс істейтін жүзден аса үкіметтік емес ұйымнан" бөлек, Ауғанстаннан басып кіруі мүмкін содырлар және аумақта таяу жылдары күшеюі мүмкін есірткі өндірісі жайлы айтты.

Былайша айтқанда, ол үкіметтік емес ұйымдарды өңірге, кем дегенде Ресейдің аймақтағы мүддесіне төнген қауіп деп біледі.

"Арнайы әскери операция тұсында (Ресей Украинаға қарсы соғысын осылай атайды – ред.) бұл үкіметтік емес ұйымдар Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық, экономикалық және мәдени серіктестікті азайту үшін антиресейшіл қызметін айтарлықтай күшейтті" деп шүйлікті Шойгу 27 ақпанда.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу

Сарапшылардың сөзінше, Мәскеудің көрші елдерге ықпалымызды бәсеңдетеді деп үкіметтік емес ұйымдарға үрке қарауы алғаш емес.

"Ресей билігі Батыс елдері үкіметтік емес ұйымдар желісі арқылы демократия жоқ елдердің режимін құлатқысы келеді дегенге сенеді не өзін соған сендіргісі келеді" дейді Берлиндегі Ресей-Еуразия Карнеги орталығының сарапшысы Темір Омаров.

Омаровтың сөзінше, Ресей халықаралық қауымдастықпен араздасып, оқшау қала берген сайын оның риторикасы да интернет пен мектептен бастап басқа елдердің шекарасына дейін Батыс елдерінің ықпалымен күрес жайлы болмақ.

Шойгудың сөзі үкіметтік емес ұйымдарды елдердің ішкі ісіне араласып жатыр деген айыптауға ұқсайтынын былай қойғанда, Орталық Азия елдерінің көбі Ресейдің ізімен бара жатқаны, тіпті азаматтық қоғамды басып-жаныштауға келгенде Мәскеуді шаң қаптыратыны айдан анық.

Сонымен, Шойгу Орталық Азиядағы қай елдерді меңзеген болуы мүмкін?

Қазақстан қарсыласып жатыр, Қырғызстанның заң шығарушылары дес бермей отыр

Шойгудың мәлімдемесіне реакция танытқан жалғыз ел – Қазақстан.

"Қандай да бір алдын алу шараларынан хабарым жоқ" деді Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистерге ресейлік шенеунік мәлімдеме жасаған күннің ертеңіне.

"Азаматтық сектор мен үкіметтік емес ұйымдарды қолдау – президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін, үкімет пен осы салаға жауапты ақпарат және мәдениет министрлігі үшін басым бағыт" деді Василенко.

"Шатаспасам, елімізде 18 мың үкіметтік емес ұйым бар. Олар заңнамаға сай жұмыс істейді және олар – біздің қоғамның маңызды бөлшегі. Бұл – Қазақстан Республикасы азаматтық қоғамды қолдайды деген сөз" деді ол.

Украинаны қолдайтын шеру. Алматы, 6 наурыз 2023 жыл.

Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргелі бейтарап позиция ұстанған Қазақстан өзі мен солтүстіктегі көршінісінің арасына белгілі бір дистанция орнату үшін дипломатиялық мәлімдемелер жасап келген.

Бірақ шын мәнінде Қазақстан үкіметтік емес ұйымдарға әрдайым жайлы болды дей алмаймыз.

Оның себебін әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын "НеМолчи.KZ" тобының жетекшісі Дина Смаилова (Таңсәрі) жақсы біледі.

Күйеуі ұрып-соққан, зорланған әйелдерді қорғаумен айналысып танылған Смаилова қазір шетелде тұрады. Еліне қайтса, таяуда қозғалған істер бойынша оған бопсалау бабымен айып тағылады.

Оның үстінен қозғалған іс бойынша NeMolchi.KZ ұйымының шотына қайырымдылық ретінде ақша аударған жүздеген адамды полиция тергеуге шақырды деген ақпарат бар. Смаилованың сөзінше, полиция таққан айыбын негіздеу үшін осындай әрекетке барған.

Дина Смаилова

Қазақстан сондай-ақ шетелден қаржы алған ұйымдарды мұқият бақылап, олардың тізімін жариялап отырады. Ал кейбіріне тіпті тіркелуге рұқсат бермей келеді.

Қазақстан "үкіметтік емес ұйымдарға жайлы ел" деген атақты бұл мәртебенің бұрынғы иесі Қырғызстан осы салада Ресейден үлгі алып отырған тұста талассыз-ақ иемденуі мүмкін.

22 ақпанда Қырғыстан парламенті билікке "шетелдік өкілдер" деп саналатын ұйымдарға қатаң шара қолдануға мүмкіндік беретін заң жобасын үш оқылымның екіншісінде мақұлдады. Бұл құжат 2012 жылы Ресей қабылдаған "шетел агенті" туралы заңды қайталайды.

Қайталайды деу тым жұмсақ айтылған сөз сияқты.

"Әділет" коммерциялық емес заң клиникасы жүргізген сараптамаға қарағанда, қырғыз парламентінің қарауындағы құжат тіркестерінің 90 пайыздан астамы ресейлік заңнан көшірілген. Мәскеу ұймдарға қарсы шараларды одан әрі қатаңдату үшін кейінірек бұл заңды кеңейте түскен.

КӨРШІДЕН ҮЛГІ АЛУ

Қырғызстандағы заң жобасының Ресеймен байланысы мұнымен аяқталмайды.

"Политклиника" басылымының журналистері 2022 жылы осы заң жобасының авторы Надира Нарматова Қырғызстанның Ош қаласындағы Ресей консулдығы отыратын ғимаратқа иелік ететінін анықтаған.

Надира Нарматова

"Политклиника" зерттеуінде бұл факт Нарматованың өзін "шетел агенті" екенін білдірмей ме деп кекесін сұрақ қояды.

Өткен айда заң жобасына қарсылық білдірген санаулы депутаттың бірі парламентте осы сұрақты қойғанда, Нарматова Ресейге ғимаратты жалға беріп отырғанын мойындады, бірақ бұл факт оның үкіметтік емес ұйымдар туралы көзқарасына әсер еткен болуы мүмкін деген тұжырымға ренжіп қалды.

"Бұл заң жобасының менің көзқарасыма ешқандай қатысы жоқ. Оны дереу қабылдамай, әбден кешігіп жатырмыз. Бұл заңды 10 жыл бұрын қабылдасақ, сіздікіндей сұрақ қойылмас еді, мемлекетке жұмыс істейтіндер ішінде сатылған адамдар болмас еді" деді Нарматова 22 ақпанда Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Бірақ Нарматова бұл процестегі екінші кезекті адам болса керек-ті. Себебі Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың мақұлдауынсыз заң жобасы қазіргідей прогреске жетпес еді. Ал Жапаров 2020 жылы билікке келгелі өзінің жоспарына кедергі келтіретін белсенділерді, журналистер мен саяси қарсыластарын қамау үшін Мәскеуден пәрмен күтпейтінін көрсеткен.

"Сондықтан Ресей авторкратия жолына түскен Қырғызстанды қолдап қана отыр" дейді Омаров.

7 миллион халқы бар Қырғызстанда қазір 29 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл 20 миллион халқы бар Қазақстандағыдан екі есе көп.

Түркіменстан азаматтық қоғам бойынша әдеттегідей Орталық Азияның ең кенже қалған елі болып тұр. Өңірдегі ең кедей Тәжікстанның билігі де осы жолға түскен сияқты.

Тәжікстан "Адам құқығын қорғау тәуелсіз орталығы" дейтін үкіметтік емес ұйымды жапты.

"Азия-Плюс" тәуелсіз жаңалықтар сайты былтыр тамызда 2022 жыл мен 2023 жылдың бірінші жартысын қамтитын сараптама жүргізіп, жабылған үкіметтік емес ұйымдар саны (711) тіркелгендер санынан (217) асып кеткенін анықтаған.

2023 жылы жарғысында заң бұзушылық бар деп сот шешімімен жабылған ұйымның бірі – Адам құқығын қорғау тәуелсіз орталығы. Ол қамауға алынған белсенділер мен журналистерге тегін заң көмегін көрсетумен айналысқан.

Өңірде 35 миллион халқы бар, халқы ең тығыз орналасқан Өзбекстанда 9 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Бұл деректі билік қолдайтын "Юксалиш" сараптама орталығы таратқан. Орталық Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні осы ұйымдарға табыс тілеп еді.

Бірақ ташкенттік тәуелсіз азаматтық белсенді Ирина Матвиенко "Ашық демократияға" 2021 жылы жазған мақаласында "Бұл ұйымдардың көбі – ГОНГО немесе мемлекеттің өзі құрған ұйымдар" дейді. Матвиенконың жазуынша, үкіметтік емес ұйымдар шетелден ала алатын қаржы көлемі өте аз.

2017 жылы тоғыз жылдық қамаудан босап шыққан өзбек құқық қорғаушысы Ағзам Тұрғыновтың "Құқық үйі" құқық қорғау ұйымын тіркеу туралы өтініші 15 рет кері қайтарылды. Ташкент соты әділет министрлігінің ұйымды тіркемеу туралы шешімін қолдаған.

Ресей "алдын алу шараларын қабылдадық" дей ме? Оның қажеті де жоқ сияқты.