"Бюджетті кеміру ме әлде..." Қазақстанда 500 адам қатысқан сауалнамадан кейін елтаңбаны өзгерту ұсынысы айтылды

Қазіргі елтаңба. Скриншот.

Қазақстанда елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтылды. Әлеуметтік желіде ұсынысты қолдағандардан гөрі сынағандар көп. Ұсынысқа елтаңба авторы мен геральдикалық кеңес мүшелері де пікір білдірді. Мемлекеттік рәміз өзгертілсе, қанша қаражат кетеді? Кей белсенділер лобби болуы мүмкін деген күдік айтты.

Атыраудағы ұлттық құрылтай кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтты. Президенттің сөзінше, елтаңбаны "кеңес заманындағы гербке ұқсататындар" бар, "тым эклектикалық, күрделі" деп санайтындар да кездеседі.

"Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады" деді ол.

ЕЛТАҢБАНЫ ӨЗГЕРТУ ҰСЫНЫСЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Ақпан айында билікшіл "Жаңа адамдар" қозғалысы Астана мен Алматыда 500-ден астам әртүрлі жастағы адамдар арасында елтаңбаға қатысты сауалнама жүргізгенін мәлімдеген.

Ұйымның айтуынша, респонденттердің 70% елтаңбаны танымаған яғни, "жекелеген элементтердің мән-мағынасын түсінбейтінін айтқан".

"Қазақстан деген — қонақжайлық, еркіндік, отбасы құндылықтары мен бірлік. Бірақ көбі осы айтылған басты құндылықтарды біздің қазіргі елтаңбамыздан көре алмағанын атап өтті. Мемлекетіміздің қазіргі елтаңбасы бірлік пен ынтымақ шақырып, рәміз ретінде өз маңына шоғырландыра ала ма?" деген еді сол кезде ұйым өкілі.

"Жаңа адамдар" ұйымының өкілдері тұрғындардар елтаңба жөнінде сұрап тұр. Скриншот.

Сауалнама туралы толымды ақпарат (методологиясы, респонденттер туралы мәлімет және тағы басқа) табылмады. Әлеуметтік желіде видео мен сауалнама туралы жалпы мәтін жарияланды.

500 адам арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы көп ұзамай Атырауда президенттің аузынан шықты.

ЕЛТАҢБА АВТОРЫ ЖӘНЕ ГЕРАЛЬДИКАЛЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ НЕ ДЕЙДІ?

Жұма күннен бері әлеуметтік желіде, түрлі платформаларда елтаңбаны өзгерту ұсынысы талқыланып жатыр. Азаттық елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібековке хабарласты.

– Президент айтқаннан кейін ол бекерден бекер айтпайды, біліп айтады. Сондықтан да президентке қарсы шыға алмаймын. Мен жасаған елтаңбаны парламент мақұлдады, 30 жыл елге қызмет етті. Заман өзгереді. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек, комиссия талқылауы керек. Халық шешеді, парламент шешеді, – деді елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков 16 наурызда Азаттыққа.

Геральдикалық кеңестің мүшесі, түрколог, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы ұсынысқа қарсы.

– Осының бәрін тұра тұрайықшы. Бізде онсыз да проблема көп қой. Отарландырудан жаңа ғана шығып отырып, қайдағыны істесек, жындылық болады. Сондықтан кішкене парасаттылықпен қарап, осыны тұра тұрайық. Бұл елтаңбада ұлттық символдарымыздың бәрі бар: шаңырағыңнан бастап, кереге, желбау, мемлекет атауынан бастап, анау скиф, сақ дәуірінен келе жатқан құндылықтарымыздың барлығы, дәстүріміз бәрі-бәрі осында тұр. Біз сол ұлттық құндылықтарымызды көзіміздің алдында ұстап отыруымыз керек. Бәленбай жыл отарда болған адамдар ұлттық құндылықтарынан айырылып қалған. Олардың жетегінде кете бермеу керек, – деді ол.

Әлеуметтік желіде ұсынысты сынаған пікірлер көп.

"Ту мен елтаңбаны ауыстырып, қала мен көше аттарын өзгертуден басқа да мәселелер жетіп артылады. Жемқорлықпен күресейік, инфрақұрылымдарды жақсартайық. Су және энергетика ресурстары мәселесін шешейік" деді қолданушылардың бірі.

"Елтаңба өзгерткеннен ештеңе өзгермейді. Бұл жемқорларға көбірек ақша жымқыруға көмектеседі. Дұрыс нәрсемен айналысыңдаршы"

Жұрттың біраз бөлігі елтаңбаның семиотикалық-символикалық салмағына үңілсе, енді бірі мәселенің экономикалық жағына назар аударды.

ҚАЗІРГІ ЕЛТАҢБАНЫҢ ҚАЙ ЖЕРІ ДҰРЫС ЕМЕС?

Атыраудағы сөзінде Тоқаев елтаңбада совет кезеңін еске салатын белгілер барын меңзеді. Көбі "президент елтаңбадағы жұлдызды айтып тұр" деп топшылады.

1992 жылы елтаңба қабылданған кезде елтаңбадағы бес бұрышты жұлдыз "адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді" деп түсіндірілген еді.

"Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді... Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық" деп жазылған Ақорда сайтында.

Қазіргі елтаңба. "Қазақ геральдикасы" кітабынан алынған скриншот.

Бұл жұлдыз жөнінде елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков Азаттыққа: "Совет өкіметінен бұрын да қазақтың өз жұлдыздары болған. Мысалы, Темірқазық бар. Қазақ халқының түсінігі бойынша әрбір адамның өз жұлдызы бар. Өзбекстан туында мысалы 12 жұлдыз бар. АҚШ туында 50-ден астам жұлдыз бар. Шын мәнінде сараптама керек. Бәрін талқылау керек" деді.

"ЕЛТАҢБАНЫ АУЫСТЫРУ ҮШІН КЕМІНДЕ 10-11 МЛРД ТЕҢГЕ КЕТЕДІ"

"Мемлекеттік рәміздер туралы" заңға сәйкес, елтаңба барлық мемлекеттік органдарда, Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерінде, сауда өкілдіктерінде және өзге де мекемелерде ілінуге тиіс. Ол барлық мемлекеттік құжаттардың бланкілерінде, мөрлерінде де болуы керек. Егер елтаңба ауысса олардың барлығын ауыстыру керек болады.

Кей белсенділер қаржылық шығынын есептеп те үлгерді. Мысалы, белсенді, саясаткер Санжар Боқаев әлеуметтік желіде елтаңба өзгерсе, мемлекет кемінде 10 млрд теңге шығынға бататынын айтты.

"Диаметрі 50 см болатын елтаңбаның бір данасы шамамен 70 мың теңге тұрады. Мемлекеттік мекемелерде ілініп тұратын диаметрі бір метр болатын елтаңба шамамен 140 мың теңге тұрады. Мемлекеттік және бюджеттік мекемелердегі елтаңбаларды, орталық және жергілікті атқару органдарындағы шенеуніктердің кабинетіндегі елтаңбаларды ауыстыру үшін қанша ақша кететінін есептедім. Бір жылдың өзінде бюджеттен оған 7-8 млрд теңге жұмсаймыз. Біз барлық мемлекеттік мекемелердің бланктерін шығарамыз. Шетелдегі барлық елшіліктердің ғимараттарында да елтаңба ілінген. Оларды қоссақ, тағы 2-3 млрд теңге керек. Қазір бізге мұндай шығын керек пе? Миллиардтаған қаражатты есепке алсақ, бұл жерде лобби бар деп есептеймін" деді Санжар Боқаев.

Боқаевтың Инстаграм парақшасындағы бұл видеоға 65 мыңнан астам лайк қойылған. 6 мыңнан астам пікір жазылған. Бұл Instagram-дағы "Жаңа адамдар" ұйымының елтаңба жөнінде видеосына қойылған мыңнан астам лайктан әлдеқайда көп.

Елтаңба ауысса, ұлттық валютаны да, барлық азаматтардың құжаттарын, шенеуніктердің куәлктерін, ресми құжаттарды, әскери билет, зейнетақы куәлігі сияқты құжаттарды да ауыстыру керек болады. Ал бұл үлкен шығын деп айтылады.

"Ал бұл уақытта елде дұрыс дәретханасы бар мектептер жетіспей жатыр, жолдарды су басып жатыр, баға шарықтап кеткен, жемқорлық өршіген, кедейлік артты. Ал президент тағы шынайы мәселемен айналысуды емес, елтаңбаны ауыстыруды ұсынады. Оны азаматтардың есебінен ауыстыруды ұсынады. Тағы біреу осының арқасында бюджетті "кеміреді". Құрылтайдың орнына жаңа орган – "Ақымақтардан қорғау жөніндегі сарапшылар кеңесін" құратын мезгіл жеткен тәрізді. Ақылды адамдарды жинап, осындай бастама көтергендерді қызметтен кетіретін" деп жазды саясаттанушы Асылбек Бисенбаев.

Елде "амалсыз бірдеңені өзгерту керек болғанда, елтаңба мен әнұранға жабысады" деді ол.

Қазақстанда елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс Назарбаев кезінде де айтылып, жүзеге асты.

2018 жылы елтаңбадағы "Қазақстан" сөзін Qazaqstan деп ауыстырған кезде бір әкімдіктің өзі гербті ауыстыру үшін 3,4 млн теңге жұмсаған. Елде 25 мыңнан астам мемлекеттік мекеме бар. Ақпарат кеңістігінде елтаңбаны ауыстыруға жалпы қанша қаражат кеткені туралы мәлімет жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кешегі және бүгінгі елтаңбалар: не өзгерді, не қалды?

ҚАЗІРГІ ЕЛТАҢБА ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНДЫ?

Қазіргі елтаңба 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ақпаратқа қарағанда, олар байқауға дейін бір-бірін өмірде көрмеген, араласпаған. Бірақ олар ұсынған жоба бір-біріне ұқсас болған деп айтылады.

Әлем елдерінде елтаңба әртүрлі пішінде болуы мүмкін. Қазақстан елтаңбасы дөңгелек пішінді. "Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы" деп түсіндіріледі.

Елтаңбадағы шаңырақ, уық, кереге, пырақ, қошқармүйіз және өзге де элементтердің мәні Ақорда сайтында толық түсіндірілген.

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің сөзінше, 90-жылдары байқау жарияланған кезде 293 жұмыс түскен. Қызылорда тумасы ол кезде Ташкентте қызмет істеп жүрген. "Жобаға сын айтылды, біраз алғашқы макет сол күйі өзгермейді" дейді ол.

– 1992 жылы мен Ташкентте жүргенмін. Ол жоба Ташкентте пайда болды. Бірақ ол кез совет өкіметінің жаңадан құлаған кезі – Ташкент, Қызылорда, Шымкент бәрі бір еді. Ешқандай тарихшы араласқан жоқ. Бірнеше ай ізденістен кейін идеяны қоластындағы балаларға сыздырттым. Макетін жасадық. Сүйтіп ұсындық. Менің жобам өткен екен. 1992 жылы 4 маусым жоғарғы кеңестің сессиясында қабылданды.

Жоғарғы кеңесте мемлекеттік рәміздер туралы мәселе қаралып жатқан сәт. 4 маусым 1992 жыл. Ербол Шәймерденұлының кітабынан алынған скриншот.

Ол кезде елтаңбаға біраз сын айтылды. Мысалы, тұлпарлардың мүйізі бар ғой. Сол тұлпарлардың мүйізінде жеті сақина бар. "Мүйізді тұлпар бола ма" деген сын айтылды. Ол жеті атаны білу дәстүрін білдіреді ғой. Ескертулер болғанмен соларға қарамастан қабылданды. Бірақ мен жасаған макет өзгерген жоқ. Ол кезде ешқандай өлшем болмады. Кейін 2002 жылдары Астанаға келдім. 2007-2014 және 2014-2019 жылдары стандартымен айналыстым. Сәл толықтырып, жетілдірдім. Көріністері әдемі болу үшін жуандау болып кеткен жерлерін жіңішке қылу, жіңішке болып кеткен жерлерін жуан қылу керек болды. Қазіргі пайдаланылып жатқан сол кезде жетілдіріп жасаған жұмыстарымыз. Қазір елтаңбалар стандарт бойынша жасалады, – деді Жандарбек Мәлібеков.

Түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы 90-жылдары елтаңбаға байқау жарияланған кезде оған өзі де қатысқанын еске алады.

– Мен де Моңғолиядан жібергенмін. Мен скиф дәуірінің стилімен қанатты барысты жібергенмін. Оны қабылдаған жоқ. Артынан оны біреулер Астана қаласының символы ретінде қабылдаған. Бірақ онда менің атым жоқ. Қазір ой, идея ұрлығы асқынып тұр, - деді ол.

Оның сөзінше, ұсынылған жобалар ғалымдарға көрсетілген. Пікірлерін айтқан. Кейін елтаңба стандарты кітап болып шыққан.

Жақында Орталық Азия елдерінен Қырғызстан да мемлекеттік рәміз – туды өзгертті. Елдің мемлекеттік туындағы күн шапағы "күнбағысқа ұқсайды" деген пікірді алға тартқан депутаттар мен президент Садыр Жапаров әлеуметтік желідегі қарсылыққа қарамастан тудың жаңа нұсқасын қабылдады. Көп азамат билік мұнан маңыздырақ мәселемен айналысқаны жөн деп наразылық білдірген.